Қолынан іс келетін жігіт жұрттан зауыт салуға көмектесуді сұрайды

16.10.2019
Қаралды: 137

Соңғы кездері елімізде Қытайдың 55 зауыты салынады деген ақпарат тарап, бұл қарапайым халықтың наразылығын тудырып отырғаны белгілі.

 

Сол зауыттарды Қытай емес, өзіміз неге салмаймыз деген сауалға жа­уап айтқан халықтың пікірін де «Замана» газетінің өткен санында жария­лаған болатынбыз.

 

Онда біреулер мемлекет тарапынан қолдаудың жоқтығын айтса, енді бірі қаржының қолбайлау болатынын жазған еді.

 

Шымкент қаласының тұрғыны Шың­ғыс Төлендібаев та қолының қысқалығынан кәсібін дамыта алмай отырғанын айтады.

 

«Елде зауыт салу – арманым, бірақ оны іске асыру әзірге мүмкін болмай тұр», – дейді ол өз сөзінде. Егер мүмкіндік туып, зауыт сала қалса, Қытайдан оралған қандастарға жыл сайын он үйді тегін салып беретінін де айтып қалды. Ол әңгімесін былай деп бастады:

 

«Өзім жастайымнан базарда те­мір-терсек сатып өскен баламын. Шеге, бұранда секілді ұсақ-түйектен бастап, күрек-кетпені бар, лом, бал­ға-балтасы бар, темірден жасалған нәрсенің бәрін саттым. Қытайдан бір «фура» тауар келсе, сол бір аптада ту-талақай болып сатылып кететін. Содан неге осының бәрін өзімізде өндірмеске деген ой келді. Сөйтіп жүріп ағаларымнан қарыз ақша алып, істейтіні, істемейтіні бар, за­уыттардан, темір қабылдайтын жерлерден қажетті станоктарды жинадым. Істен шыққанын өзіміз жөндеп алдық. Жаныма екі досымды алып, ағамның үйінің ауласында кезінде темірден жасалған қандай зат саттым, соның ішіндегі қолымыздан келетінінің бәрін шамамыз келгенше өндірдік. Қытайдан қандай темір-терсек келеді, біз соны жасадық. Оны базардағы сауда нүктелеріне апарып қойып, сатылымға шығардық. Шикізатты да темір қабылдайтын жерлерден тонналап сатып алып, оны ерітіп пайдаланатынбыз. Жұмыс ойдағыдай жүрді. Енді ағамның үйі «сносқа» кеткелі үш жыл болды, содан бері жұмыс та тоқтады. Станоктарымды екінші ағамның үйіне апарып қойдым. Онда аула тар. Бұрынғыдай жұмыс істеуге мүмкіншілік жоқ. Сонда да болса аз көлемде темір арбалар жасап, сатқансып жатырмыз».

 

Осылай деген Шыңғыс қазіргі жұмысының барысына еш көңілі толмайтынын айтады. «Темірден барлығын жасап, сата беруге болады. Тек жұмыс істейтін орын жоқ. Кәсібімнің дамуына бір көмек бола ма деп, «Атамекеннің» де, «Дамудың» да, тіпті «Нұр Отанның» да табалдырығын тоздырдым. Жер сұрап, индустриалды аймаққа да бардым. Еш өзгеріс жоқ. Мемлекеттен көмек көру әзірге мүмкін болмай отыр», – дейді ол.

 

Шыңғыс қаржылық қолдау болса, зауыт салуға ниетті. «Тым болмаса бастырмасы бар жер берілсе де шүкір деп, ісімді дамыта берер едім. Ал зауыт салуға мүмкіндік болса, нұр үстіне нұр болар еді. Ол кезде бастапқыда 100 адам жұмыспен қамтылады. Содан соң Қытайдан қазақ еліне жаңа қоныс аударған қандастарымызға жылына 10 үй сыйға тартатын боламыз. Неліктен Қытайдан келген қазақтар десеңіз, қазір қатты қиналып, қорлық көріп жатқан сол бауырларымыз.

 

Бұл көрсеткіштердің барлығы болашақта ұлғаяды. Он үйіміз 20 үйге жетеді. Уақыт өте келе Қытаймен бәсекелестік те пайда болар еді. Оны жасайтын да өзіміздің қазағымыз болады. Зауыт ашсам, ісімнің жүретініне де, жүргізе алатыныма да, одан жақсы табыс түсетініне де сенімдімін. Бұл істі жүргізуге өзімізде мамандар жеткі­лікті. Біз тауарлардың сапасына көңіл бөлетін боламыз және сырттан келетін тауарлардың бағасынан біздікі әлдеқайда арзанға түседі.

 

Қазір осы ісімді жолға қойсам деп күндіз-түні шапқылап жүрмін. Бірақ еш жерден қолдау жоқ. Шаршап та кеттім. Қазір бұл мақсатым емес, жәй ғана арманыма айналып бара жатқандай. Себебі оның орындалатын-орындалмайтынына көзім жетпей тұр. Егер мұны аяғына дейін жеткізе алмасам, оннан-мұннан жинаған 30 шақты станогым темір-терсек қабылдайтын жерге өткізіледі де, жарамсыз болып қала береді. Одан да Қытайға кетіп жат­қан металлдардың 1 пайызы болса да, өзімізде өңделсе екен деймін. Біздің шетел асып кетіп жатқан шикі­зат­­тарымыз өзімізге он есе, жүз есе қымбат бағамен тауар болып келіп жатыр. Неге біз оны өзіміз істей алмаймыз? Асыққа қорғасын құйғандай қарапайым тірлікті біз өзіміз жасасақ та болады ғой», – деп ашынады Шың­ғыс.

 

Мемлекет қолдауынан күдерін үз­ген ол енді халықтан көмек сұрап отыр. «Бізге қазір индустриалды аймақтан немесе осы жұмыстарды жүргізуге ыңғайлы өңірден 1 гектар шамасындай жер қажет. Егер жер беріліп жатқан жағдайда алдымен шағын цех ашсақ дейміз. Содан соң оның құрылысына, шикізатқа, тағы да 1-2 жетіс­пейтін қондырғыларымызды сатып алуға қаржы керек. Енді мен халықтан жәрдем сұрағым келіп отыр. Әншілерден, спортшылардан, кәсіп­керлерден, аға-көке, әпке-жеңге­лері­мізден, барша қарапайым халықтан көмек сұраймын. Миллионнан астам халық 100-150 теңгеден аударса, елде тым болмағанда зауыт ашылар еді», – дейді Шыңғыс.

 

Енді Шыңғыстың бар үміті қарапайым халықта болып отыр. «Болам деген баланың бетін қақпа» демей ме? Осындайда ел болып асарлатып жіберген де дұрыс шығар...

 

М. ШЫНҰЗАҚ.

Шыңғыс Төлендібаевтың байланыс телефоны: 8-701-125-20-29.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ