«Құстар қайтқанда» өзіңізді қалай сезініп жүрсіз?

15.10.2019
Қаралды: 121

Күзде психикалық дерті бар адамдарда оның қозуы орын алатыны белгілі. Халық арасында ондай жандарды құс қайтқан кезде тылсым әсер айналдырады деген ұғым қалыптасқан.

 

Мұндайда олардың бірі өзімен өзі болып, лағып жүрсе, енді бірінің қоршаған ортаға, адамдарға зияны тиюі әбден мүмкін. Тіпті дені-басым сау деп жүрген жанның өзі де психикалық торығуға ұрынып қалатын кездер болады.

 

Күзде көңіл неге көп торығады?

 

Жалпы, көңіл-күйдің жиі құбылуы – күз кезіне тән құбылыс. Бұған күндізгі уақыттың қысқаруы, күн сәулесі әсерінің азаюы, ауа райының, ауадағы қысымның құбылуы, ағзада маусымға бейімделуге қатысты жүріп жатқан құбылыстар әсер етеді. Осының өзі денім сау деген адамды біраз әурелесе, ал психикалық ауытқуы, дерті барларға тіпті де қиын тиіп жатады.

 

Бүгінде жаппай орын алып жатқан қымбатшылық, өмірдің қым-қуыт қарбаласы, экономикалық дағдарыс, жалақының төмендігі, ертеңгі күнге деген уа­йым сияқты факторлар да психикалық ауытқуларға қосымша себеп болып отыр. Келеңсіз ақпараттар көп, жұрт саяси-экономикалық дағдарыстар туралы көп естиді, сары уайымға түседі. «Атып кетіпті», «жарып кетіпті», «соғысып жатыр» деген сияқты сөздер жиі айтылады. Осының бәрі адамның психикалық ахуалына әсерін тигізбей қоймайды.

 

Бүгінде адамдардың көбі ашушаң, кінәмшіл, күмәншіл, міншіл болып алған. Қоғамдық көлікте ұрысып-тырысып жүретіндер көбейді. Кей отбасыларда, қоғамда түсініспеушілік, ұрыс-керіс, дау-дамайлар көп. Әсіресе мұндайда депрессияға, неврозға, үрейге, психозға бейім жандарға қиын.

 

Осы орайда  төмендегідей қалыпсыз психикалық күйлер мен дерттер жөнінде біле жүргеннің кімге де болса артықтығы жоқ деп ойлаймыз.

 

Маусымдық торығуға (депрессия) ұшырағанда күн сәулесі әсерінің жеткіліксіздігінен ағзада серотонин мен мелатонин түзілуі азаяды, тіпті тоқтап та қалады. Содан торығу, жабырқау, уайымға берілу, себепсіз шаршау, ұйқы басуы көбейеді. Дегенмен ол уақыт өте өздігінен жойылады. Ал оның екі айға дейін және одан да ұзақ уақытқа созылуы жақсы емес. Ол – эндокриндік, жүйке жүйелерінің біріндегі патологиялық өзгерістің белгісі болуы мүмкін.

 

Созылмалы шаршаңқылық та бүгінде көп адамды мазалайтын қалыпсыздыққа айналды. Әсіресе бұл психикалық салмағы көп, қым-қуыт тіршілігі қайнап жататын қала тұрғындарында жиі кездеседі. Адам тіпті демалыс күндерінен кейін де өз-өзінен әбіржіп, ұмытшақ, жаңғалақ болып, зейінін бір нәрсеге жұмылдыра алмай мазасызданады.

 

Стресс те күзде жиілейді. Осы кезде көңіл құлазуынан бөлек, асқазан желденуі, іш қатуы да жиі байқалады. Бұл әсіресе әйелдерде көбірек кездеседі.

 

Беймазалық, қобалжып, тынышсыздану да – психикалық қалыпсыздықтың бір түрі. Оны бір жағынан ағзаның қауіпті ескеріп, саралауға қатысты қорғаныс механизмі деуге де болады. Ал егер адам үнемі қарадан-қарап мазасыздана берсе, оның себебін түсіне алмаса, бұл да жақсы емес.

 

Күйініш, жүйке тозуы (невроз) көбіне тұрмыстық жайлардың ушығуынан туындайды. Тиісті жағдай жасалса, одан айығуға болады. Дегенмен бұрынырақта болған жұқпалы ауру себебінен әсер қал­ған немесе мида ісік бар жағдайда ол адамды тұрақты түрде, қатты мазалайды.

 

«Эмоциялық күйіп кету синдромы» деген де бар. Ол жүйелі түрде үнемі стреске ұрына беруден, өзіне, өзгеге көңілі тол­мау­дан, өзін ешкімге керек еместей сезінуден туындап, асқынады. Содан адам мінезі өзгеріп, не болса да бәрібір сияқты немкетті күйге түседі.

 

Есалаң болып жүру, жындану (психоз) түрлі жұқпалы ауруларды (менингит, энцефалит, мерез, тағы басқа) бастан өткерудің кесірінен мидың бүлінуінен туындайды. Мұндай дерті барлар әсіресе ерте көктемде, күз ортасына қарай қатты мазасызданады. Қолды-аяққа тұрмай жынданып, өзіне, өзгелерге қауіп төндіретіндер бар, сондай-ақ өзімен-өзі делқұлы күй кешіп, сандырақтап, әндетіп жүретіндер, адам баласына жоламай, саяқ жүретіндері болады.

 

Ойынға тәуелділік те – дерт

 

Жалпы, психикалық ауытқулар мен аурулардың түрі өте көп. Ақыры әңгіме қозғаған соң олардың бірқатарын сипаттай кетуді жөн көрдік.

 

Солардың бірі – «игромания» деп аталатын қалыпсыздық. Ең жаманы – бұдан емдейтін дәрі жоқ. Жалғыздық немесе жалқаулықтан, кейде ашқарақтықтан да адамда ойынға тәуелділік туындайды. Бұдан адамның өз күшімен, еркімен ғана құтылуға болады. Сондықтан қазіргідей жаппай телефонға тәуелділік орнап жатқан, ұсынылатын ойындар көп заманда әсіресе балаларды одан сақтау аса маңызды.

 

Есірік, долылық (истерия) да кей адамдарда жиі болып тұрады. Қажетіне жету үшін, өзіне жұрттың назарын аудару, аяушылық тудыру үшін жалған, жасанды қылыққа барады. Біреулер бұған еркелікпен, қыңырлықпен барса, енді біреулер өз эмоциясын ірке алмай барады. Одан адамның өзіне ғана емес, өзгелерге де кесірі тиіп жатады.

 

Психикалық ауытқушылықтың тағы бірі – суицидтік қылықтар. (Кей деректерге қарағанда, Қазақстан суицид оқиғалары бойынша әлемде алғашқы орындардың бірінде тұр). Суицидтік қылықтар негізінен жасөспірімдер арасында кездеседі. Кейінгі кездері тұрмыстық жайлардан торығушылар арасында да жиі кездесе бастады. Ол мазаны алған ойдан құтылу, өзінше кек алу мақсатында туындайды. Үлкендер жағы өмірден баз кешіп аттанса, жасөспірімдер өлім дегеннің не екенін ойлай бермейді, өлген соң қайтып келмейтініне тереңдеп ой жібермейді. Отбасы мүшесі мұндай күйге ұрынбас үшін үйде өзара түсіністік қарым-қатынас болуы керек, адамдар жиі әңгімелесіп, ақылдасып-кеңесіп, сырласып тұрғаны дұрыс.

 

Кейінгі кездері адамдар арасында қалыптан тыс жыныстық әуестік те (педофилия және басқа да түрлері) жиі кездесе бастады. Мұндай психикалық ауытқуы барларды да дер кезінде анықтап, сақтық шараларын жасау керек.

 

Мида қан айналымы бұзылса...

 

Кей адамдарға «мидағы қан айналымы бұзылған» деген диагноз қойылып жатады. Бірақ оған науқастың өзі аса мән бермейді. Ал негізінде бұл өте қауіпті ауру. Өйткені дер кезінде емдемесе, ол күшейіп, ушыға береді. Одан ақыл кемістігі туындайды. Емделмесе, науқас ары кетсе бес-алты жылдан соң өмірмен қоштасады.

 

Әсіресе қан қысымы жоғарылар, қанда қант мөлшері шамадан артық адамдар мен бұрын тұқымында осындай дертпен ауырған туыстары барлар абайлауы керек.

 

Алжу да – біртіндеп дамитын ауру. Алғашында адамда, мысалы, бірдеңені еске түсіре алмау, қайда бара жатқанын, қазір ғана не істегенін ұмыту сияқты аса ұмытшақтық пайда болады. Кейін өзі бұрын мың мәрте барған жерден адасу, күннен, уақыттан жаңылу, тіпті өз бөлмесінің ішінде адасу, ұйқысыздық, сандырақтау, көзіне елес көрінуі сияқты жайлар туындайды. Бұдан кейін екі-үш айдың ішінде ғана ол бірдеңені ақылға салып ойлау, сөйлеу, өзіне қызмет жасау сияқты қалыпты әрекеттерден біржола ада болады.

 

...Жалпы, адамдағы психикалық қалыпсыздықтар мен дерттердің түрі көп. Жан-дүниенің қарадан-қарап торығуынан бастап, себепсіз ашу-ыза, ақыл-естің ауытқуы деген қалыпсыздықтар мен дерттер  расында да «құс қайтқан» кезде үдей бастайды екен. Демек, күз кезінде адам өзінің және  туыстарының психикалық күйіне мән бере жүргені абзал. Қажеттілік туса, дер кезінде ем жасалып, көмек берілгені дұрыс болмақ.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ