Ауыр сөмке, қисынсыз тапсырмалардан шаршадық

15.10.2019
Қаралды: 240

Қытай ертегісінің кейіпкерін дәріптеу қандай ақылға сияды?

 

Жыл сайын айтылып келе жатса да, елдегі білім саласының төңірегінде әңгіме әлі де көп. Соның бірі – жаңартылған білім бағдарламасы. Соңғы кездері жаңаша білім береміз деп балалардың жүйкесіне салмақ түсіріп жатқан жоқпыз ба деген ой туады. Олай деу­ге негіз де бар.

 

Қазір баламен бірге ата-ана да міндетті түрде қосылып сабақ оқиды. Өйтпеске амал жоқ. Себебі, бағдарлама ауыр. Мектеп директорының «ол тек ата-ана ғана үшін ауыр, бала үшін емес» деген сөзі ойыма оралса да бұл пікірмен келіскім келмейді.

 

Бірге сабақ орындап отырып, 4-сыныпта оқитын қызымның «Әдебиеттік оқу» кітабын ақтарып шықтым. Оқулық биылғы жылы «Алматыкітап» баспасынан басылыпты. Бастауыш сынып оқушысы үшін бұл оқу құралының тілі де, тапсырмалары да ауыр екені бай­қалады. Бала түгілі ата-ананы әжеп­теуір ойлантады. Соның бірінде: «Пікі­ріңді айт» деп «Тіл жанашыры ретінде ана тіліңді дамыту үшін қандай ұсыныс айтар едің?» деген сауал тастаған. Ал енді бұл сұраққа оқушы не десін? Орысша шүлдірдің шуы әлі де басылмай тұрған осы заманда еліміздегі мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жолын бүкіл халық болып таппай жүргенде оның жауабын 4-сынып оқушысы қайдан біле қойсын? Бала өз ойын айту үшін де алдымен оқулықтан қандай да бір ақпарат алу керек шығар. Ал ол тақырып турасында жіліктеп жазып қойған кім бар екен?

 

Ары қарай аударыстырдым. Ішінде «Саң Жиенің әріп жасауы» деген мәтін беріліпті. Бұл ертегі қытай тілінен қазақшаға аударылып, ықшамдап берілген екен. Онда: «Ертеде жер жүзінің ешбір жерінде жазу болмапты» деп басталып ары қарай  «Тек бертін келе Саң Жие деген кісі әріпті ойлап тауыпты» деген жолдармен жалғасады. Сол Саң Жие болмағанда осы күні адам атаулы жазу-сызудан мүлдем мақұрым қалатындай етіп көрсеткен қытай ертегісін қазақ балаларына оқытудың қаншалықты маңызды екенін түсіне алмадым. Оның орнына қазақ әліпбиінің тарихы туралы азды-кем айтылса, сол ақпарат оқушы үшін әлдеқайда құндырақ болар еді.

 

«Әдебиеттік оқудың» жұмыс дәп­терінде де бөлек тапсырмалар берілген. Ондағысы одан да түсініксіз. «Берілген сөйлемдерді оқып, мамандық атауын тап. Үлгі бойынша сипаттап, бір мамандыққа жұмбақ құрап жаз», – дейді оқушыға. Сөйтіп «Бір топ адам жұмыс істейміз. Ерекше киіммен жүреміз. Бүгін бір жерде болсақ, ертеңіне басқа жерге ұшып кетуіміз мүмкін» депті. Япыр-ау, қанаты бар адамдар жұмыс істейтін бұл қандай мамандық?  Егер дәл осы жерде ұшқыштар туралы айтылған болса «ұшақпен» деген сөзді қосу керек шығар. Олай болса олардың киімі неге «ерекше»? Киімдерінің жеңі белінде орналасқан ба, әлде?

 

Екіншісіне көзім түсті. «Ауа таза, бірақ қапырық. Айнала дырылдаған дауыстан құлақ тұнады. Сары алтынды тиеп жатқандаймыз». Әңгіменің ауанын ауа райынан бастаған бұл жұмбақ та маған біртүрлі көрінді. Қапырық күні ғана жұмыс істейтін қай мамандық иелері екен?

 

Оқушылар өзін-өзі қалай танып жүр екен деген оймен «Өзін-өзі тану» пәнінің жұмыс дәптерін қолға алдым. Ә дегенде «Өз ойыңнан қанатты сөздерді ойлап жаз» деген тапсырманы оқып кідіріп қалдым. Оқулық авторлары тапсырма құрағанда мұндай сұрақтарды қай жас­тағы адамға қою керек екенін білмей ме? Еліміздегі әрбір 4-сынып оқушысы қанатты сөз ойлап шығара беретін болса біздің мемлекет әлдеқашан ұлылардың мекеніне айналып кетер еді ғой. Қанатты сөздің астарында қашан да тұжырымды ой жататыны белгілі. Ал ондай ойды әдетте көрген-білгені мол, оқыған-тоқығаны бар, білімді адамдар айтпаушы ма еді?! Бастауыш сынып оқушысынан қанатты сөз сұрағандарына жол болсын?!

 

Ал мына бір «Мінезді жақсартудың жолдарын жаз», «Отбасы мүшелерінің арасында өзара түсіністік болуы үшін не қажет екенін ойлан» деген сипаттағы сұрақтарға толыққанды жауап беру үшін бала 9 жасында психология саласының маманы болуы керек қой!

 

Айта берсек, осы сияқты тапсырмалар басқа да пәндердің оқулықтарында баршылық. Ал сөмкенің ауырлығы бөлек әңгіме. Күнде мектептен «Арқам ауырды» деп келетін 9 жасар қызымның бір күндік сабақ кестесінің кітаптары салынған сөмкесінің салмағын әдейілеп таразымен өлшеп те көрдім. Бес кило салмақты көрсетіп тұр. Ал Денсаулық сақтау министрлігі мақұлдаған салмақ бо­йынша 4-5 сынып оқушыларына ары кетсе 2,5 килограмм салмақтағы сөмкені көтеруге рұқсат етілген екен. Осы тұста баланың білімімен қатар денсаулығы да есепке алыну керек дер едім. Бұлай кете берсе қисық омыртқалы, бүкір белді ұрпақ өсіп шықпасына кім кепіл?! Қандай болса ондай болсын, бастысы білімді болсын деген ұстаным ба әлде бұл?

 

М. ӘМІР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ