Арықтауға көмектесетін заманауи әже

15.10.2019
Қаралды: 114

Әдетте, үлкен кісілердің жасы сексенге таяғанда бойларынан әл кетіп, кәрілікке мойынсына бастайды. Десе де арамызда бойы тік, қадамы ширақ қарттарымыз жоқ емес екен.

 

Солардың бірі – 78 жастағы Алматы қаласының тұрғыны Бақытжамал Қалдыбайқызы. 83-тегі жолдасы Зейнолла атамен отандасқанына 60 жылға жуықтапты. Қазір өздері тәрбиелеп өсірген 11 баладан 22 нөмере, 6 шөбере көріп отырған жайлары бар. Бақытжамал апаның «Гербалайф» компаниясының салауатты өмір салтын насихаттайтын арнайы клубына келіп жүргеніне төрт жылдың көлемі болыпты. Сонда келіп дұрыс тамақтану арқылы өзінің артық салмақтан, семіздіктен пайда болған түрлі аурулардан құтылғанын айтады. Қазір сол клубта өзі де дұрыс тамақтану жөнінен кеңесші болып жүр екен. Біз ол кісінің өзімен әңгімелескен едік.  

 

- Қазір тағамдардың құрамында қоспалар көп. Сондай-ақ адамдар жүрдім-бардым тамақтанады, кейбірі таңғы ас ішпейді. Соның бәрі адамның денсаулығына кері әсер етеді. Мен кезінде 22 жасқа дейін акробатикамен айналыс­қан едім. Тұрмысқа шыққан соң қалай болса солай тамақтанып, артық салмақ жинап алдым. Қазір дұрыс тамақтанудың арқасында 94 келіден 61 келіге дейін салмақ тастадым. Мені осы клубқа алып келген де – сол толықтығым. Қазір үлкен адамдарда ауру көп. Жүрегі дұрыс жұмыс істемейді, қан қысымы қалыпсыз дегендей, тіпті, 40-60-тан енді асқандардың өзі артроз болып аяқтан жүре алмай қалып жатқандар бар. «Ауру – астан» демей ме? Клубқа келгендердің бәріне осыны түсіндіріп, олардың артық салмақтан арылуына, арық адамдардың салмақ қосуына, жабысқан дерттерді жеңуіне көмектесеміз.

 

Мен де кезінде таяққа сүйеніп, автобусқа міне алмай қалғанмын. Қазір қаланың ішінде өзім жүріп-тұрамын. Балаларға «анда апар, мында апар» деп салмақ салмаймын. Телефонымдағы картаға қараймын да, жүре беремін. Жүрек ауруымнан да арылдым. Қан қысымым орнында. Ешқандай дәрі ішпеймін. Бұрын намаз оқығанда да, жатқанда да жүрегімнің қағысы құлағыма естіліп тұратын. Соның бәрі орнына келді. Жаныма жаққан соң осында жүрмін. Үйде жатып алып, түрлі сериалдарды тамашалағаннан пайда жоқ, – дейді Бақытжамал апа.

 

Ол кісі бұл клубқа таңғы 6.30-да келеді екен. Таңғы ас ішіп болған соң сондағылармен бірге жаттығудың сан түрін жасайтын көрінеді. 

 

– Клубтағылардың арасындағы ең үлкені өзіммін. Жастармен бірге таңертеңгі бас-аяқты қозғалтудан бастап күні бойы сергектік беретін қытай гимнас­тикасына дейін жасаймын. Йога, фитнес сабақтарының ешбірін қалдырмаймын. «Планка» дегенді бұрын білмеуші едім. Сөйтсем, бұл жаттығудың бұлшық еттерге, жалпы ағзаға пайдасы зор екен. Қазір 5-10 минут «планка» жасап тұра аламын, – деп таң қалдырды зейнеткер. Апаның айтып отырған «планкасы» – тізені жерге тигізбей, шынтақпен жер тіреп тұратын жаттығу түрі. Оны кез келген адам ә дегеннен жасай алмайтыны рас.

 

Бақытжамал апа бүгінде тек WhatsApp-ты ғана емес, Іnstagram әлеуметтік желісін де меңгерген.    

 

– Қазір жұрттың бәрі жұмыстарын тек телефон арқылы бітіретін болды ғой. Біздің заманымызда осындай құралдар болған жоқ. Менің Іnstagram-ды үйренгеніме көп уақыт бола қоймады. Білмегенімді жанымда жүрген жастардан сұрап аламын. Қазір осы нәрсенің пайдасы көп. Сондай заман ғой. Болашақта Іnstagram-мен жұмыс істеймін деген ойым бар. Яғни осында отыратын жастардың өзім тектес ата-аналарына салауатты өмір салтын үйретсем,  ой тастасам деймін. Жастардан қалмай, олар не істесе соны істеп жүрген жайым бар. Олар да мені сыйлап, өздеріне үлгі тұтады. Тіпті, компаниямыздың атынан әр жерлерде өтетін түрлі іс-шаралардың, семинар-тренингтердің ешбірінен қалмаймын. Ұйымдастыру жұмыстарына да атсалысамын. Енді жүз жасаймын деп ойлаймын. Бұрын алпыстағы адамдар кәрі саналатын. Меніңше, қазіргі менің жасым – орта жас. Біздер көп жасауымыз керек. Немере-шөберенің рахатын көріп, соларға жол көрсетіп жүруіміз қажет, – дейді апа.

 

Салауатты өмір салтын насихаттаушы  заманауи апа көлік айдаудан да кетәрі емес екенін айтады.

 

– Еңбекке жас күнімнен араластым. Ауылда мал дәрігері болып, атқа мініп, мотоцикл де, көлік те айдап, тау-тасты аралап жүрдім ғой. Жұмыстың «Москвичін» айдайтынмын. Ол кезде шаруаның бәрі қазіргідей телефонмен емес, көлікпен бітетін. Сол кезде барлығын ішіп-жей бердік. Артық салмақ та содан тапқан «пайдам» ғой. Осы күні зуылдаған көліктерге қарап, «Шіркін, сол заманым қазір болса, мына секілді  машинаның неше түрін айдар едім» деп жүремін. Рөлге отырсам шындап келгенде оны да айдаймын ғой. Адам білгенін ұмытпайды. Өміріміз осылай өткен. Біздер бәріне де үлгердік қой, – дейді ол кісі.

 

Бақытжамал апа сөз арасында неше жыл қатарынан қызмет істеп қалған жан болған соң өзінің үйде құр қарап отыра ал­майтынын айтып қалды. Сондықтан ең­бекқор апаның бүгінгі ісі – жастарға үлгі, еріншектерге мотивация болса керек.

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ