АҚШ Қытайдың 28 компаниясына санкция салды

15.10.2019
Қаралды: 49

АҚШ пен Қытай арасындағы «сауда соғысы» жалғасып жатыр. Кешегі аптада АҚШ Қытайдың 28 компаниясына қарсы санкция жариялады. Енді олар АҚШ компанияларынан Вашингтонның рұқсатынсыз тауар ала алмайтын болды.

 

Санкцияға іліккендер арасында 20 қоғамдық қауіпсіздік бюросы, видеобақылау жүргізетін, адам жүзін анықтайтын құрылғылар жасайтын компаниялар бар. АҚШ оларды Шыңжаңдағы ұйғырлар мен қазақтарға, басқа да азшылық ұлт өкілдеріне қысым көрсетуге, репрессияға, жаппай ұстауға, жаңа технологиялармен аңдуға атсалысқан деп кінәлап отыр.

 

Сондай-ақ АҚШ Шыңжаңдағы қысымға қатысы бар деп танылған Қытай шенеуніктері мен олардың отбасыларының да АҚШ-қа кіруіне визалық шектеу қойды.

 

Осыған орай Қытайдың Сыртқы істер министрлігі арнайы брифинг өткізді. Онда АҚШ Қытайдың ішкі істеріне араласып отыр деп айтылды. «Қытай өз мүддесін, дербестігін, қауіпсіздігі мен дамуын қамтамасыз ету үшін нақты әрекеттер мен шешімдерге бара алады» деп, АҚШ-тан «қате қадамнан бас тартып», санкцияларды тез арада қайтадан алып тастауды талап етті.

 

Қысқасы, бүгінде Шыңжаңдағы аз ұлттарға жасалып жатқан қысым АҚШ пен Қытай арасындағы «сауда соғысының» бір бөлшегіне айналған сыңайлы. Қытай негізінен 2017 жылдан бастау алған бұл саяси науқанды мойындамаған еді. Кейін Қазақстандағы «Атажұрт еріктілері» ұйымының әшкерелеуімен көп нәрсе белгілі болып, әлемге таралды. Сосын Қытай жұртты қамайтын лагерьлерін «саяси үйрену мектептері» деп атап алдарқатуға тырысты. Осының «растығын» дәлелдеу үшін бірқатар елдердің өкілдерін шақырып, лагерьлерді көрсетті. Оған сенген, жұртты сендіруге тырысқан елдер бар. Ал АҚШ-қа, Батыс елдеріне, БҰҰ өкілдеріне Қытай ондай лагерьлерді көрсетпейді. Сондықтан бірқатар Еуропа елдері, Канада мен Жапония БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне Қытай адам құқықтарын таптап отыр деп айтып, оның әрекетін айыптады. Керісінше, Қытаймен қарым-қатынасын бұзғысы келмеген Ресей, Беларусь, Тәжікстан, Түркіменстан, Сауд Арабиясы сияқты бірқатар елдер Қытайдікін дұрыс деп, оны қорғап шықты.

 

Ал шындығында Шыңжаңдағы азшылық ұлт өкілдеріне қысымның қазірге дейін жалғасып жатқанын айтып жүргендер бар. АҚШ-тың мына әрекетінен кейін ондай қысым тоқтатылса екен.

 

"Замана".

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ