Олар сиырдан тонналап сүт алуға қалай қол жеткізді?

15.10.2019
Қаралды: 135

Мені еліміздегі ауыл шаруашылығына қатысты мәселелер көп толғандырады. Осы орайда көпшілікке ой салар деген ниетпен «Замана» газетіне  өз мақаламды ұсынып отырмын.

 

Кадр, климат, көмек... Бәрі ескерілген

 

Бұдан 30 жылдан астам уақыт бұрын, 1986 жылы «Правда» газетінде «Аренда» деген тақырыппен мақала жарияланған еді. Мақала авторы И.Васильев деген азамат КСРО-дағы дағдарыстан шығудың жолдарын көрсетіп, экономикалық мықты жағдайдағы колхоз-совхоздарды одан әрі дамыту керектігі туралы айтқан. «Мал, егін шаруашылығы еңбек өнімділігін шетелдердегідей мықты көрсет­кіштерге жеткізу қажет, экономикасы кері кеткен шаруашылықтарды таратып, жерін, малын жалға беру керек» деп жазған.

 

Газеттен осыны оқығаннан кейін мен мақала авторын Ресейге, үйіне іздеп бардым, онымен сұхбаттас болдым. Ол кісінің үйінде үш күн болдым, көп әңгіме айтылды. Әсіресе мал шаруашылығы, оның ішінде сиырдан сүт өндіру жөнінде кеңінен әңгімелес­тік. Васильев маған АҚШ-та 1960-1980 жылдар аралығында мемлекет бойынша әр сиырдан жылына 5 тоннадан сүт алынғанын айтты.

 

АҚШ-та 1960 жылдары «Сүт» деген бағдарлама қабылданыпты. Оның алдында дайындық жұмыстары жүргізілген. Барлығы еске­рілген – кадр, байланыс, климат жағдайы, әсіресе мемлекеттік көмек, халықтың жағдайы есепке алынған. Осының барлығы еске­ріліп, 20 жылдан кейін әр сиырдан 5 тонна сүт өндірілуі керектігі туралы жоспар жасалған. Яғни еңбек өнімділігін барынша арттыруға бағытталған жұмыс бастал­ған.

 

Аталған бағдарламада мынадай бағыттар көрсетіліпті:

 

Мал өсіруге тәжірибесі бар еңбек адамы таңдап алынған. Байланыс, қатынас, тасымал жол­ға қойылған. Қолдан ұрықтандыру пункттері салынған және керекті құралдары алынған. Ұрық өн­діруші станциялар ұйымдастырыл­ған, керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. (Ертеңгі сағат 10.00-де ұрық керек деп қо­ңырау шалынса, ол сол уақытта жеткізілуі тиіс болған).

 

Қай фермаға қандай тұқымдағы малдың ұрығы керек болса, сол жеткізілген.

 

Мал басын асылдандырған

 

Соның арқасында орасан жетістіктерге қол жеткізіліпті. Мысалы, 1960 жылдың басында АҚШ-та 80 миллион сиыр болса, 1980 жылы барлығы 10 миллион сиыр қалған. Яғни бүкіл елдегі сауын сиыр басы 70 миллионға қысқарған. Бағдарлама іске қосылардан бұрын әр сиырдан 1,5-2 тонна сүт өндірілсе, 20 жылдан кейін әр сиырдан 5 тонна сүт өндіріліп, шетелге шығарыла бастайды.

 

Бағдарлама біткен кезде 2,5 миллиондай фермер қалған. Жұ­мыс­тан босаған фермерлерге қаладан үй беріп, оқытқан. Бағдарлама басталғанда қатаң тексерілген. Әр 5 жыл сайын шартта көрсетілген келісімді орындамағандары жұмыс­тан шығарылып басқа жұмысқа ауыстырылған. Қысқасы, арнайы бағдарлама арқылы АҚШ-та ірі қара мал басы оңтайландырылып, асылдандырылған.

 

Ал қазіргі кезде біз қандай жүйеде жүргенімізді ажырата алмаудамыз. Дәл сол 1960-1970 жылдардағы АҚШ-тағыдай шетелден «племенной» бұқалар әкелінді, оның ұрықтары да әкелінді. Миллиондаған ақшаға пункттер салынды. Бірақ осының бәрінен нәтиже жоқ, «баяғы жартас – сол жартас».

 

Бір сиырдан 10 тонна сүт өндіруге дайын

 

Біздің өзіміздің отбасыға қарасты «Заман» шаруа қожалығы бар. Түркістан облысындағы «Фудмастер» компаниясымен серіктес болып жұмыс істеп жүрміз. 2000 жылға дейін олардың өкілдері біздің шаруашылыққа жиі келетін. Пьер деген өкілімен көп әңгімелестік.

 

Пьердің 15 сиыры бар, әр сиырдан жылына 5 тонна сүт алады. Мал ұрықтандыруға хабар келсе болды, оның да жайын табады. Оларда мал азығы да үнемі жет­кілікті, гектарына 50-60 центнерден өнім алады. Климаты да бірдей жағдайда. Өндірілген сүтке субсидия дер кезінде беріліп тұрады. Жақында онымен хабарласақанымда «Эмбриондық ұрықтандыруға көш­пекшіміз. Енді әр сиырдан кем дегенде 10 тоннадан сүт алуға мүм­кіндігіміз бар», – деді.

 

Біз болсақ, әлі де қиялдап жүрміз

 

Ал біз болсақ, мұндай істі әзірге қиялдап қана жүрміз. Бізде дәл қазіргі кезде қолдан ұрықтандыру қолданылмайды. Ондайға жағдай жасалынып та жатқан жоқ.

 

Бізде аудан әкімдері жоғарыдан бұйрық күтеді, өздерінше жұмыс істеуге қабілетсіз, өз беттерімен жұмыс істей алмайды. Сондықтан ойымыз жете тұра, көріп-біле тұра қолымыздан іс келмейді. Бұл тү­рімізбен сүт өндіруде Америкадағыдай табысқа жете алмаймыз-ау.

 

Осы мақаланы жазудағы мақсатым – ауыл шаруашылығы жағында жүрген мамандар ойланса, кө­бірек ізденсе, АҚШ-тағыдай табыс жолын біздегілер де игерсе екен деймін.

 

Иса ДАДАБАЕВ, зейнеткер.

Қазығұрт ауданы. Түркістан облысы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ