Доллар өрге домалай бере ме?

14.10.2019
Қаралды: 114

Еліміздің бас қалаларында 1 доллар бағамы 392-ге жетіп жығылды. Көк қағаз құнының қашанға дейін бұлай шарықтай беретіні де белгісіз.

 

Бұл неге байланысты?

 

Бұл туралы біз алматылық қаржыгер, «Іnstagram» желісіндегі «kunekeі_nurlan» парақшасында қаржылық кеңестер беріп жүрген сарапшы Күнекей Нұрлан ханымнан сұрап білген едік. Сарапшы ханым әзірге нақты болжам жасау қиын екенін айтады.

 

«Негізі доллар бағамының өсуі микро және макроэкономикалық факторлар­ға байланысты болады. Бұрын доллар мен теңгенің бағамы Ұлттық банк тарапынан қадағаланып отыратын. Яғни бірнеше жылға тұрақты курс белгіленіп, содан асып не төмендеп кетпеуі бақыланатын. Ал қазір теңге еркін ағымда. Сондықтан оның құны ішкі және сырт­қы факторлардың әсеріне байланысты өзгеруі мүмкін.

 

Егер макроэкономикалық жағынан қарастырсақ, валюта бағамы мұнайдың бағасына қарай және сауда айналымындағы серіктестердің экономикалық жағдайына да байланысты өзгеріп отырады. Мәселен, Ресейдегі рубль бағамы өзгерсе ол бізге де әсерін береді. Доллардың алдағы бағамын дөп басып болжау өте қиын, өйткені сыртқы саясат өзгеріп жатыр. Мұның барлығы күрделі талдау жүргізуді қажет етеді. Доллардың қаншаға дейін баратынына байланысты экономистердің нақты талдаулары жоқ. Себебі қазіргі нарық та, дүние жүзіндегі саясат та, көрші Ресейдің жағдайы да өзгермелі. Осының бәрінің долларға әсері бар», – дейді ол.

 

Ақшаны қандай валютада сақтаған дұрыс?

 

Сонымен қатар қаржыгер қаржыны қай валютада сақтаған жөн екенін де айта кетті.

 

«Егер жиналған ақша 3-4 айға дейін жұмсалмайтын болса, әрине, теңгеде ұстау керек. Ал егер ұзақ мерзімге, яғни  бір жылдан бес жылға дейінгі уақытқа сақталатын қаржы болса, онда евро немесе доллар дұрыс. Кейінгі жылдардың көрсеткіштеріне жүгінсек, теңге құнсызданып барады, сондықтан сол динамика негізінде теңге әлі де құнсыздана береді деген жалпылама болжам айтуға болады. Сондықтан ақшаны долларға немесе евроға ауыстырып қойған әлдеқайда тиімдірек. Егер доллар осылай өсе берсе, елде болашақта мемлекет тарапынан деноминация жүргізілуі мүмкін.

 

Деноминация дегеніміз – теңгені нөлге келтіру. 1990-жылдары рубльден теңгеге ауысқан кезде 1 теңгеге көп нәрсе сатып алатынбыз. Өйткені 1 теңгенің құны жоғары болды. Сол секілді егер де теңге құлдырап, құнсыздана бастаса, экономиканы қайта түзеу үшін деноминация жасайды. Ол кезде 1 теңгенің бағасы, мысалы, 1 доллар болуы мүмкін. Бірақ деноминация жүргізу – бұл ең жағымсыз сценарий, ең соңғы әрекет. Біз экономикамызды оған жеткізбеуіміз керек. Оны болдырмас үшін сыртқы экономикалық жағдайды тұрақтандырып, сырт­қы сауда серіктестермен қарым-қатынасты түзеу керек», – дейді Күнекей.

 

Өзіміздің өнім қымбаттамауы тиіс

 

Қаржы сарапшысынан доллар өскен сайын базар бағасының да қатар өсуінің себебін сұрадық.   

 

«Доллар бағамы көтерілуінің Қазақстан жерінде өндірілетін өнімдерге ешқандай әсері болмауы керек. Мұны қолдан жасалған қымбатшылық деуге болады. Бірақ бізде монополияға қарсы комитет бәрін қадағалап отырады. Сол себепті бізде аса қымбаттау бола қоймас. Егер тауар немесе шикізат шетелден әкелінсе, онда ол түсінікті жағдай.  Бізге ішкі экономикамызды дамыту, яғни ішкі өндірісті дамыту керек. Экспортқа байланып қалмай, өзімізде де өнімдер өндіріп, сонымен халықты қамтамасыз етіп отырсақ, теңге де тұрақты болар еді», – дейді ол.

 

...Сарапшының бізге айтқан пікірі осындай. Доллар бағамының қай тұстан тоқтайтыны алдағы уақыт еншісінде.

 

М. ИБРАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ