Апелляциялық сотқа үміт артатындарын айтты

14.10.2019
Қаралды: 122

Таяуда «Сарыағаш-Әділет» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Сары­ағаш-Информ» газетінің бас редакторы Амангелді Батырбековке қатысты сот үкімі шыққаны белгілі.

 

Судья оны Қылмыстық Ко­дек­стің «жала жабу» және «қорлау» баптары бойынша айыпты деп тауып, 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру жазасына кескен болатын. Осыған байланысты журналистер, қоғам белсенділері, А.Батырбе­ковтің жанашырлары кешегі аптада Шымкентте арнайы баспасөз мәслихатын ұйымдастырды. Жиын өткізілген залда адам көп болды, кейбіреулер орын жетпегендіктен түрегеліп тұрды.

 

Баспасөз мәслихатын журналист Малика Абдалиева жүргізіп отырды. Қатысушы тараптан А.Батыр­бековтің жұбайы әрі оның қоғамдық қорғаушысы Гүлзада Баймұратова, «Сарыағаш-Әділет» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Байдулла Мұстафин және адвокат Шынар Ермекова жиналғандарды істің мән-жайымен толық таныстырып шықты.

 

А.Батырбековті сотқа тартуға бай­ланысты мәселе Келес аудандық білім бөлімінің басшысы Бақтияр Әбдиевтің оның үстінен жала жапты, ар-намысымды қорлады, іскерлік беделіме нұқсан келтірді деп шағымдануынан бастау алған. Яғни іске журналистің аталған ау­дандық білім бөліміндегі кейбір келеңсіздіктерге қатысты газетте жә­не әлеуметтік желіде білдірген сын пікірлері себеп болып отыр. Осыған орай сот талапкер жақтың шағымын қанағаттандырды, істе қылмыс құрамы бар деп бағалап, А.Батырбековті айыпты деп тапты.

 

Ал А.Батырбеков өзіне тағыл­ған айыптың негізсіз екенін айтып, оны мойындамай отыр. Қоғамдық қор­ғаушысы мен адвокаты да оның кінә­сіздігін айтып, сотты атүсті өткі­зілген деп, оған бірнеше дәлелдер келтірді. «Соттың алғашқы екі отырысы А.Батырбековтің қатысуынсыз өткен. Ал заң бойынша соттың айып­талушының қатысуынсыз өткізілуіне тыйым салынады. Батырбековтің түсірген бірнеше өтініштерінің ешбірі, судьяға сенімсіздік білдіруі де қаралмаған», – деді Ш.Ермекова.

 

Одан бөлек, сотқа арыз берген азамат журналистен өзі таратқан дерекке қатысты терістеме беруді де талап етпеген, тікелей сотқа жүгінген екен. Сот оны бірден қарауына ал­ған. Дауласушылардың бейбіт ке­лісімге келуіне мүмкіндік беретін медиациялық әрекет, істі алдын-ала таныстыру  болмағаны туралы да айтылды.

 

Адвокат сондай-ақ журналисті кінәлі деп табуға негіз болған фи­лология­лық сараптаманы да атүсті жүргізілген деп мәлімдеді. Сот ісін жүргізуде қателіктерге, тіпті заң бұзушылыққа жол берілген деп атап өтті. Олар өздерінің сот үкіміне қатысты апелляциялық шағым түсіретіндерін, бірінші сатыдағы сот шешімі бұзылатынынан үміттенетіндерін жеткізді.

 

Жиын соңында қоғам белсен­ділері А.Батырбековті қорғау коми­тетін құру жөнінде бастама көтерді. Жиналған жұртшылық мұны бір ауыздан қолдады. Арнайы комитет құрылып, оның төрағасы, төраға орынбасары сайланатын болды. Осыған байланысты арнайы жұмысшы тобы құрылып, ол А.Батырбековке қатысты жүргізіліп жатқан соттың барысын қадағалап, оны жариялап отыратын болып ұйғарылды.

 

Н. ЖҮНІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ