Ақсу ауданында қытайлармен төбелес болды

14.10.2019
Қаралды: 135

Алматы облысының Ақсу ауданында Қытай жұмысшыларымен арада төбелес орын алды. Оқиға «Алматы – Өскемен» тас жолы бойында, Қапал ауылына бұрылыс тұсында болған.

 

Ресми жарияланған мәліметке қарағанда, төбелес аталған аумақта жол салумен айналысып жатқан қытайлық компания жұмысшыларының арасынан шық­­қан. Қытайлық төрт азамат араларындағы Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсаты бар этникалық қазақ жігітін соққыға жыққан.

 

Алматы облыстық полиция департа­ментінің мәлімдеуінше, осы оқиға туралы естіген компанияның қазақстандық жұмысшылары жиналып, жұмысшылар жатағына барған, төбелес шығарып, қытайлықтарды соққыға жыққан. Соның нәтижесінде 4 қытайлық жарақат алып, ауруханаға түскен. Бұл оқиға бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

Қытайлықтардан таяқ жеген жігіттің аты-жөні – Қанат Жамбыл. Өзінің айтуынша, қытайлық бас инженер оған жөнсіз тиіскен, күрекпен ұрған. Бұл неге ұрасың деп оның жағасынан ал­ған. Сол кезде тағы да екі-үш қытай жетіп келіп, бұған жабыла кеткен. Соққыға жығып, тепкі­лепті, қылқындырыпты.

 

Міне, осыны естіген қазақстандық жұмысшылар қытайлықтарға «шаңыраққа қарау керегін түсіндіруге» бар­ған екен. Бүгінде олардың біразы ұсталып, қамал­ған көрінеді. Ал Қанат Жамбылға қол жұмсаған қытайлық азаматтар он күнге қамауға алыныпты.

 

Бұл жағдай ушығып кетпей тұрып бақылауға алынды. Жұрт тынышталды. Дегенмен қазақстандық жұмысшылар тарапынан наразылық бар. Олар еңбек жағдайының тең еместігін, мигранттардың көптігін айтып шағымданған. Расында да бұл оқиғаға байланысты тексеру жүргізу кезінде Қытай компаниясында 33 шетелдік азаматтың заңсыз жұмыс істеп жүргені анықталған. Олар депортацияланады.

 

...Жалпы, соңғы кездері Қазақстанда шетелдік жұмысшылармен арадағы жанжал жиілеп тұр. Өткен маусым айында Атырау облысының «Теңіз» кенішінде араб елдерінен келген жұмысшылармен төбелес болғаны белгілі. Ал арада көп өтпей Қарағанды облысындағы «Жәй­рем» тау-кен комбинатында да осындай оқиға болған. Енді Алматы облысында орын алып отыр.

 

Бұл жолы соңғысы ма, әлде тағы да орын алар ма екен? Негізі Қазақстанда шетелдік компаниялар, әсіресе қытайлық кәсіпорындар азаятын түрі жоқ. Ал Үкіметтің не ойлап отырғаны бір Аллаға аян.

 

"Замана".

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ