77 жасында өзінің жеке емдеу орталығын ашты

17.08.2016
Қаралды: 2238

Шымкент қаласының 77 жастағы тұрғыны, дәрігер – халық емшісі Қалжан Қалдаров кешегі аптада өзінің жеке емдеу орталығын ашты. 

Ол кісі орталықтың ашылу салтанатына шақырылған адамдарға арнайы дастархан жа­йып, ас берді,  жиылған қонақтармен қуанышын бөлісті.

Жалпы, Қалжан Қалдаровтың есімі Оңтүстік жұртшылығына жақсы таныс. Өйткені ол бірнеше жылдардан бері адам емдеумен айналысып, талай жанға шипа дарытып келеді. «Замананың» қосымшасы – «Ауырмаңыз!» газетінде ол жайлы бірнеше мәрте мақалалар жарық көрген болатын. Емші туралы газеттен біліп, оған барып ем алған адамдар аз емес.

Қалжан қария бұрын емделушілерді Шымкенттің Байтұрсынов көшесіндегі №67-ші үйдегі бес бөлмелі пәтерінде қабылдайтын. Енді сол үйдің жанынан үш қабатты етіп салынған шағын емхана ашты. Онда ем қабылдайтын бірнеше бөлмелер бар, сондай-ақ 10 адамға жатып емделуге жағдай жасалған.

Қалдар қарияның жеке емдеу орталығының ашылуына көптеген азаматтар қатысты. Олардың ішінде емшіге бұрын-соңды емделіп жүрген жандар да болды. Біз солардың бірнешеуін сөзге тарттық.

«Мен Қалекеңе өткен жылы жазда көрініп, емделгенмін, – дейді Қазығұрт кентінен келген 65 жастағы  Рақымбай Орынбаев. – Мені қан қысымы қатты мазалайтын, үнемі басым ауыратын. Аяқ-қолым ұйып қала беретін еді. Қалекеңнің емінің арқасында бір айдың ішінде оншақты кило салмақ тастадым, мазалаған дерттен айықтым.  Енді әйелім Әлияны емге әкеліп жүрмін. Оның да қимыл-қозғалысы қиындап, аяқ-қолдары қақсайтын. Үш-төрт күннің ішінде-ақ жағдайы жақсарып қалды. Жалпы, менің Қалекеңе айтар алғысым көп».

Дастархан басында құран оқып, уағыз айтқан Шымкенттің іргесіндегі Таскен ауылындағы «Қарабура әулие» мешітінің имамы Серік Балтабаев: «Бұл кісі – Алла берген білімін халықтың игілігіне жұмсап жүрген адам. Мұхаммед пайғамбарымыздың: «Мұсылманның сипаты – жұртқа пайдалы болғаны. Мұсылман өзіне, өзгеге пайдасын тигізеді, өзіне, өзгеге зиянын тигізбейді», – деген хадисі бар. Адам емдеп, жұртқа пайдасын тигізіп жүрген бұл кісінің ісі көпке үлгі» – деп өз пікірін білдірді.

Шымкент қаласының тұрғыны Сейіткәрім Жолшиев те өткен жылы Қ.Қалдаровқа 1 ай 10 күн емделген екен.

«Бұл кісі алдымен ағзаны тазартып, денедегі белсенді нүктелерді оятып емдейді, – дейді ол. – Ұшы жоғары қаратылған шеге үстінен басқызып, оған етпеттеп, шалқалап жатқызып, емдік шөптер қолданып, түрлі тәсілдермен шипа дарытады.

Мен қант диабетімен ауырамын. Бұрын талай дәрігерлік ем қабылдағанмын. Бұл кісінің емі маған ұнайды, сондықтан тағы да бір емдеу курсынан өтпек ниеттемін».

Қысқасы, Қ.Қалдаровтың жеке емдеу орталығының ашылуына қатысқан адамдардың барлығы ол кісінің өзі, емдеу ерекшеліктері жайлы аз айтқан жоқ. Дәрігер-емшінің әлі де талай адамға пайдасы тиетінін айтып, ісіне сәттілік тілеп, ізгі лебіздерін білдірді.

Осы орайда Қалдар қарияның өзі жайлы да айта кетейік. Ол кісінің негізгі мамандығы – дәрігер, Алматы медицина институтын бітірген. Кезінде Шардара аудандық емханасында хирург, ЛОР-дәрігер, бас дәрігердің орынбасары болып еңбек еткен тәжірибелі жан. Ол кісі 1997-жылы зейнеткерлікке шыққасын қатты ауырыпты. Басы үнемі мазалап, қан қысымы көтеріліп мазасын алыпты. Медициналық жолмен емделгенінен нәтиже шықпаған. Салмағы 120 кило болған екен, ауырған 5 ай ішінде 50 кило салмақ тастапты. Сөйтіп жүргенде қолына емдік шөптер, Тибет медицинасы, халық медицинасы туралы бір кітап түсіп, соны оқып, сонда айтыл­ғандарды қолданып жүріп өзін-өзі емдеп жазған екен. Науқастарды халықтық тәсілдермен емдеуді сол жылдардан бастап кетіпті. Бүгінде қолында Денсаулық сақтау минис­трлігінен адам емдеуге берілген рұқсат қағазы бар.

Біз Қ.Қалдаровтан емдеу тәсілдері және оның ақысы жөнінде сұрадық.

««Диагноз қоюды қан сынамасын тексеруден бастаймыз, – дейді ол кісі. – Оның ақысы – 5 мың теңге. Диагноз қойып алғасын емдеуге кірісеміз. Сырқаттың сипатына, ауыр-жеңіліне қарай емдеу курсы әрқалай, орташа алғанда бір айдың шамасындай болады. Ақысы аса қымбат емес, қолжетімді».

Қалжан қарияның емдеу тәсілдері бойынша алдымен ағзаны қалдықтардан, паразиттерден тазартып алуға мән беріледі екен. Тағы бір тәсілі – омыртқаны артық тұздан арылту. Сосын емделушіге дұрыс тамақтану мәселесі үйретіледі. Яғни адам емдеу­де көрген-түйген тәжірибесі мол Қалжан қарияның емдеу орталығында шипа дарыту мәселесі ғылыми-медициналық және халықтық тәсілдерді ұштас­тыра отырып жүргізіледі екен.

Ендеше бұл кісіге адамдарға шапағатыңыз молынан тие берсін деген тілек білдіреміз. Ал «Қалжан ата» медицина орталығында емделуге ниет етсеңіз, оның қызметкерлерімен 37-10-85, 8-702-125-19-08 нөмірлі телефондар арқылы байланыса аласыз.

«Қалжан ата» медициналық орталығы Шымкент қаласы, Байтұрсынов көшесінің «Өрт сөндіру бөлімі» ғимараты тұрған тұсынан «Кіші Самал» шағынауданына қарай бұрылған көшедегі «Кентукки» дәмханасының маңында орналасқан.

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ