Қытайдың әлемдік саудадағы құйтырқы әрекеттері әшкере етілді

10.10.2019
Қаралды: 149

Біріккен Ұлттар Ұйымының кезекті, 74-сессиясы болып өтті. Осы жиында АҚШ Президенті Дональд Трамп Қытайдың сауда саясатына қатысты ащы пікір білдірді.

 

«Біздің еліміз өркендеуінің негізі өршіл халықаралық сауда реформасының қозғалысы болып табылады, – деді АҚШ Президенті. – Бірнеше ондаған жылдардан бері халықаралық сауда жүйесін адалдықтан жұрдай болған мемлекет пайдаланып келеді. Нәтижесінде өткен 25 жылда 4 миллион 200 мың өндірістік жұмыс орны жоғалған. Саудадағы айырмашылық 15 триллион долларға жеткен. Америка тиісті шара қолданып, осындай ауыр дәрежедегі экономикалық теңсіздікті тоқтатпақшы».

 

Д.Трамп бұл сөздерді БҰҰ сессиясы өтіп жатқан залда отырған Қытай өкілдеріне қарата айтты. Сосын былай деп жалғастырды:

 

«Біздің мақсатымыз өте қарапайым: біз әрі әділ әрі өзара пайдалы сауданы қалаймыз. Біздің Мексика мен Канададағы се­ріктестерімізбен жасалған жаңа келісімдер АҚШ – Мексика – Канада келісімі Солтүстік Америка сауда келісімінің орнын басатын болады.

 

Ертең Жапония Премьер-министрі Амперемен бірге жаңа бір ерекше сауда келісімін жалғастыратын боламыз.

 

Британия Еуроодақтан шегініп, шығуға дайындалған кезде мен өзімнің анық көзқарасымды білдірген болатынмын. Біз Британиямен қалаған уақытта екіжақты сауда келісімін жасауға дайынбыз. Бұл екі мемлекетке орасан зор пайда әкелетін болады. Біз Премьер-министр Баурис Джонсонмен тығыз байланыста болып, бір көрнекті сауда келісімін дайындап жатырмыз.

 

АҚШ-тың халықаралық саудаға байланысты жаңа мәмілелерінің ішіндегі ең маңызды өзгерісі Қытайға қатысты болып тұр.

 

Қытай 2001 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымына кірді. Біздің сол кездегі басшыларымыздың пікірімен бұл шешім Қытай экономикасының ашық еркіндікке қарай бет алуына түрткі болады, азаматтарды құқықтық, мүлік және заңмен басқару жүйесіне өзгерістер әкеліп, біз қаламайтын нәрселерді істемейді деп үміт артты. 20 жылдан кейін бұл теория тексеруден өтті, сондай-ақ оның мүлде қате екені дәлелденді. Қытай өзінің уәде еткен жүйедегі құрылымдық реформасын жасамай, оның орнына сауда ұйымындағы мүмкіндіктерін пайдаланып, мемлекеттік субсидиялау саясатымен валюта бағамын қолдан жасап, саудадағы құпиялықты және зияткерлік меншікті өздеріне күшпен және ұрлықпен меншіктеп, үлкен көлемде сауда құпиялығы мен жымысқылығы бар экономикалық режим орнатты.

 

Бір мысал келтірейін: Мен жақында Ақ үйде Американың «Микрон технология» компаниясының директорымен жолықтым. «Микрон технология» өндірісі көптеген электрондық өнімдердің чип-микросхемасын өндіреді. Қытайдың бір мемлекеттік компаниясы «Микрон технология» компаниясының құны 8,7 миллиардтық зияткерлік меншік дизайнын ұрлаған. Қытайдың 5 жылдық экономикалық ілгерілету жоспары үшін. Көп ұзамай Қытайдың бұл компаниясы осыған ұқсас өнімге ие болған және оны патенттеген. Ал «Микрон» компаниясының өнімі Қытайда сатылуына шектеу қойыл­ған.

 

Біз әділеттілікті іздеудеміз. Қытай Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргелі бері АҚШ 60 мың зауытынан айырылған. Әлемнің басқа елдерінде де осындай келеңсіз жағдайлар орын алуда.

 

Кейінгі жылдары өз мүддемізді басқалардың орынсыз пайдалануына жол беріліп келеді немесе оған көз жұма қаралды, тіпті ол қолдауға ие болды. Жаһандану бұрынғы басшыларымызға өз елінің мүддесіне көз жұма қарауға дін сияқты әсерін берді. Алайда ол күндер енді АҚШ үшін өтіп кетті. Бұл әділетсіздікке жол берілмеуі үшін біз құны 5 миллиард доллар Қытай өнімдеріне кеден салығын арттырдық. Осы кеден салығы әсерінен өндіріс ошақтары өзімізге қайта оралуда және Қытайдан басқа елдерге қоныс аударуда. Миллиардтаған доллар қаржы біздің мемлекетіміздің қазынасына түсуде.

 

АҚШ халқы Қытаймен тепе-тең байланысты қалпына келтіруге күш салуда. Біз екі жаққа да пайда әкелетін келісімге келуден үміттенеміз. Алайда, мен ашық айтқанымдай, АҚШ халқына пайдасы жоқ, теңсіз сауданы әсте қабылдамаймын!»

 

Міне, АҚШ Президенті Біріккен Ұлттар Ұйымында Қытайдың сауда саясатына қатысты осылай деді. Бұл басқа да елдерді өзінің Қытаймен байланысына жөндеп қарауға итермелейтін шығар.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ