200 теңгелік банкноттың мәселесі ертерек шешілсе екен

10.10.2019
Қаралды: 36

Байқап жүрген болсаңыздар, ақша айналымынан 200 теңгелік қағаз ақшамыз ақырындап шығып жатқан секілді. Бұл әсіресе біз сияқты шағын дүкен иелеріне қатты білініп жатыр.

 

Ал сатып алушыларда ұсақ ақша деген атымен жоқ десек те болады. Бір нан сатып алып, 500 теңгені бере салған кезде қайтаратын ұсақ теңге таппай абыржып қаламыз. Сатып алушы да әдейі істемейді ғой, қолындағы бар ақшасын береді.

 

Осыдан біраз бұрын 500 теңгелік банкноттарымыздың да тапшылығы сезіліп еді, Үкімет мұны ретке келтірді. Яғни одан туындап жатқан мәселе жоқ.

 

Менің айтпағым, жоғарыда атап өткендей, 200 теңгемізге қатысты мәселе қашан өз шешімін табады? Осы жылдың бас кездерінде зат жеткізіп беріп отырған кез-келген фирманың адамдары еш қиналмай ақ ірі ақшаларды ұсатып беретін. Ал қазір: «Апай, майдамыз жоқ, ақшаны тура ғып беріңізші», – деп өзіңе жалынып тұрғаны.

 

200 теңгелік банкноттың азайып кеткені барлық жерде білініп тұр. Өткен жолы бір тірліктермен Шымкент қаласына қарай жолға шықтым. Көлігіміз Шаян ауылына аялдаған соң бара жатқан үйімізге төрт дана ыстық тандыр нан алмақ болып берген бес жүздікке наубайханашылар ұсақ ақша тауып бере алмады. Сөйтіп ол жерден нан ала алмадым.

 

Келесі күні кештетіп қайтып келе жатып қаланың шет жағында орналасқан дүкеннен сусын алмақ болып едім, тағы да артық ақша қайтара алмағандықтан берген ақшамыздың барлығына артығымен су алуға тура келді. Себебі бізде басқа амал қалған жоқ. Алдымызда ұзақ жол, сусыз болмайды дегендей.

 

Әңгіменің қысқасы, еліміздегі 200 теңгелік ақшалар қайда кетіп жатыр? Әбден тозығы жетіп, дымы қалмаған ескінің орнына жаңалары қашан шығады?

 

Тиісті басшылар осы мәселеге де назар аударса екен дейміз.

 

А. НҰРЫМБЕКҚЫЗЫ.

Созақ ауданы. Түркістан облысы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ