Нан тағы да қымбаттай ма?

09.10.2019
Қаралды: 71

Биылғы жаздың аптап ыстығы диқандар үшін қолайлы бола қойған жоқ. Соның салдарынан Қазақстандағы ең астықты аймақ – Қостанай өңіріндегі бидайдың шығымы төмендеп, былтыр­ғы жылға қарағанда 3 миллион тоннаға кем жинал­ған. Себебі ыстық ауа райының әсерінен бірқатар егіс алқаптары күйіп кетіпті.

 

Ал астықтың аз болуы нан бағасының жоғарылауына әсерін тигізе ме?

 

Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров әзірге бағаның тұрақты болатынын алға тартуда. Айтуынша, егін ору науқаны аяқталмағандықтан астықтың әлі 20 пайызы жет­кізілмеген көрінеді. 

 

«Нан бағасы әзірге тұрақты. Әлеуметтік нан бағасы 78 теңгеден 85 теңгеге дейін. Астық бағасы көтерілген жағдайда әкімдіктер мен азық-түлік корпорациясының тұрақтандыру қорлары іске кіріседі. Қазірдің өзінде әкімдіктер тұрақтандыру қорларына ұн сатып алып жатыр. Нан бағасы өссе де айтарлықтай қымбаттамайды. Ал әлеуметтік нан бағасы бұрынғыша қала береді. Әлеуметтік нанға байланысты мәселе көріп тұрғанымыз жоқ», – деді ол Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатындағы мәлімдемесінде.

 

Вице-министр астық аз жиналғанымен оның ішкі нарыққа аса әсер ете қоймайтынын айтады. 7-8 миллион тонна астық экспортқа кетсе де 19 миллионнан қалғаны ішкі нарықты қамтамасыз етуге жеткілікті көрінеді. Сөзіне сенсек, нан бағасы күрт қымбаттап кетеді деуге негіз жоқ.

 

Бастысы, баға тұрақты болса екен. Нан қымбаттаса, «кризистің» көкесі сонда болады-ау...

 

М. ШУАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ