Ұйым ыдыраса да жұмыс тоқтамайды

09.10.2019
Қаралды: 33

Қытайдағы қысымшылық көріп жатқан жергілікті қазақтардың құқын қорғауымен белгілі болған «Атажұрт еріктілері» ұйымы таяуда ресми тіркеуге алынды. Алайда ұйымның өз ішінде бір қолайсыз жайлар орын алып, өзара айтыс-тартыстар жүріп жатыр.

 

Аталған ұйым мүшелері арасында туындаған жайдың шет-жағасын біз газе­тіміздің өткен нөмірлерінің бірінде жаз­ғанбыз. Бұл жолы «Атажұрт еріктілері» ұйымының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша үйлестірушісі Міллетхан Айтқалиұлымен хабарласып, мәселенің барысы жөнінде білуге тырыстық.

 

«Алматыдағы кеңсеміздің кезінде жабылып қалғаны белгілі, – дейді ол кісі. – Негізі біздің кеңсе мен ондағы мүліктер Гүлжан Әліштің атына тіркелген еді. Бірақ кейін кеңсе кілтін алуға Гүлжан шақырылмай, Ербол Дәулетбекұлы мен Қайрат Байтолла шақырылыпты. Кілтті Ербол барып алған. «Қол қойып алдым» дейді, бірақ не нәрсеге қол қойғаны белгісіз.

 

Өткенде біраз адам жиналып, бас қосу болған. Сонда бұрын қандай да бір түсінбестіктермен араз болып жүрген адамдар татуластырылды. Сол жерде ұйым жұмысын алып жүру үшін көпшілік болып Бекзат Мақсұтханұлын лайықты деп тапты, ендігі жердегі басшылыққа соны сайладық. Бұған ол жерде ешкім де қарсы болған жоқ еді. Бірақ Ербол мен Қайрат кейін басқаша сөйлеп, бізді қаралауға шықты.

 

Бұған қатысты түрлі әңгімелер тарала бастады. Ерболдарды Әділет департа­мен­тіне шақырып алып, «Атажұрт еріктілері» ұйымын тіркеуге алыпты. Бірақ онда бұрын­ғы құрылтайшылардың бірі де жоқ. Өздері маңайынан бір құрылтайшылар тап­қан сияқты. Бізге осы жағы түсініксіз болып тұр. Әйтеуір «Атажұрттың» жұмысын жүргізіп жатырсыңдар ғой деп білімі жоқ біреулер тіркей салды ма, жоқ әлде қытайшылдармен бірігіп, «Атажұртты» осылайша сарсаңға салып барып жоқ етпек пе, бұл жағын білмей отырмыз. Көңілде күмән, күдік пайда болды.

 

Тіркеуге тұрғандар «Атажұрт» біз деп, басқалардың жұмысын жоққа шығаратын әңгіме айта бастады. «Олар тіркелмеген, радикалдар, билікке қарсы», «Серікжанды қаматамыз» деген сияқты сөздер айтуда. Ал шындығында біз мемлекетке ешқандай да қарсы емеспіз, біз – белсенді «Атажұртпыз». Әзірге тіркеуде жоқ болсақ та Қытайдағы қазақтардың, ендігі жерде Қазақстандағы Қытайдың мәселелерін қосып көтеретін боламыз. Өйткені халық­аралық орта бізден хабар күтетінін білдіріп жатыр. Біз бұл бағыттағы жұмыстарымызды жүргізетініміз жайлы бұқаралық ақпарат құралдарында хабарлайтын боламыз».

 

Бұдан кейін біз М.Айтқалиұлынан осыдан біраз уақыт бұрын ашылған «Талпын, жастар» атты ұйымның жұмысы қалай жү­ріп жатқаны жөнінде сұрадық. «Ол ке­зінде Қазақстанда «Атажұртты» тіркеуге алмағандықтан ашылған еді. Біраз жұмыстар жүр­гізген, алайда белгілі себептермен қазір жұмысы тоқырап тұр», – деді ол кісі бұған байланысты.

 

«Атажұрт еріктілері» ұйымының құқық қорғаушы Серікжан Біләшті Нобельдің бейбітшілік сыйлығына ұсынбақ ниеті бары туралы да кезінде газетімізде хабарлағанбыз. М.Айтқалиұлынан біз осы мәселенің барысы жөнінде де сұрадық.

 

«Қазірге дейін 60 мыңнан аса адамның қолын жинадық. Алдағы уақытта ол жөнінде  Осло қаласына ұсыныс жіберетін боламыз. Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығы құқық қорғаушыға ол түрмеде отырса да беріле береді», – деді М.Айтқалиұлы бұл жөнінде.

 

«Атажұрт еріктілері» ұйымының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша үйлестірушісі Міллетхан Айтқалиұлынан біз осындай жайлар жөнінде білдік. Бұл азаматтың өзінің әкесі мен бірге туған бес бауыры да бүгінде Қытайда, Шыңжаңның Іле-қазақ облысына қарасты Манас ауданында тұрады екен.

 

«Төрт жылдан бері олардан хабар ала алмай келемін. «Вичат» арқылы байланыссақ, оларға қиын болады, сол үшін ғана жазықты болып қалуы мүмкін. Әкеммен хабарласпағалы да үш жылдың жүзі болды», – дейді ол кісі. Айтуынша, бүгінде Қазақстан азаматтығы бола тұра ол жаққа барған адамдардың Қытайда тіркеуде тұрғаны үшін «екі азаматтық алған» деген желеумен бірден қамауға алынуы әбден мүмкін. Сондықтан Қытайдан келген қандастарымыздың бүгінде ол жаққа қандай да бір себеппен баруға тәуекел етуі қиын болып тұр екен.

 

Н. ЖҮНІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ