Сот Шымкент әкімдігінің қаулысын заңсыз деп тапты

09.10.2019
Қаралды: 26

Бірқатар қоғам белсенділерінің митинг өткізуге рұқсат бермеді, конституциялық құқымызды бұзды деп Шымкент қаласы әкімдігінің үстінен сотқа шағымданғаны белгілі.

 

Арызданушы Данияр Байтілеу, Нұржан Мұхаммедов және Ерғали Құлбаев әкімдіктің әрекетін заңсыз деп тануды, бұған қатысты қаулы шығарған шенеуніктерді жауапқа тартуды талап еткен еді. Шағым қаланың Қаратау аудандық сотының қарауына түскен болатын.

 

Қыркүйек айының алғашқы күндерінен бері бұған қатысты бірнеше сот отырыстары болып өтті. Кей құжаттардың дұрыс болмауына және әкімдік тарапынан шақыртылған жауапты қызметкерлердің келмеуіне байланысты сот отырыстары кейінге шегеріліп келген еді. Ал кешегі 1-қазанда судья Жанат Мүсірәлі талапкерлердің арызын ішінара қанағаттандыру жөнінде шешім шығарды.

 

Судья шешімімен Шымкент қаласы әкімдігінің митинг өткізуге рұқсат бермеу жөніндегі қаулысы заңсыз деп танылды. Сондай-ақ сотқа шақыртылғанымен келмеген Шымкент қаласы әкімі аппарат басшысының орынбасары Гүлнұр Асылбековаға қатысты жеке ұйғарым шығарылды. Қала әкіміне оған тиісті шара қолданып, бір ай ішінде сотқа хабарлау жөнінде міндеттелінді.

 

Сот талапкер жақтың қойған басқа талаптарын қараудан бас тарт­ты. Ал қоғам белсенділерін бұл шешім толық қанағаттандырған жоқ. Олар митинг өткізуге тыйым салған қаулыға қол қойған қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртайға тиісті шара қолданылуы керек деп есептейді. Сондықтан сотқа апелляциялық шағым түсірмек ниетте.

 

...Ал аталған митингке қатысты оқиғалар Шымкентте биылғы шілде-тамыз айларында болып өткені белгілі. Қоғам белсенділері қаладағы саябақтардың бірінде митинг өткізуге бірнеше мәрте рұқсат сұраған. Бірақ қала әкімдігі оған рұқсат бермеген болатын. Ал қоғам белсенділері саяси тұтқындарды босату, Конституцияны өзгерту, Қытай экспансиясына жол бермеу жөніндегі наразылық акцияларын бәрібір де өткізді. Осыған орай олардың бірқатары «бейбіт митингтерді ұйымдастыру мен өткізу тәртіптерін бұзды» деп әкімшілік жазаға тартылды, бірнеше тәулікке қамалып, оларға айыппұлдар салынды.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ