200-дей адамға 150 мың теңгеден таратыпты

17.08.2016
Қаралды: 1818

Жаз маусымы – елдің ішінде тойдың көбейетін кезі. Біреу келін алып, екіншісі қыз ұзатып, үшіншісі бала сүндеттеп, төртіншілері мерейтойларын атап өтіп жатады. 

Қызықшылығына кемінде 200-ден, тіпті 400 – 500-ден аса қонақ шақыратындар да жоқ емес. Ал тойға жұрт азды-көпті тойанасыз бармайды. Мұның бәрі белгілі жайлар. Дегенмен тойдың біз білмейтін қызықты жақтары да аз емес сияқты. Бұл туралы редакцияға хабарласқан Жақсымұрат есімді азамат бізге былай деді:

«Менің Алматыда үлкен кәсіпкер құдам бар. Той-жиындарда араласып тұрамыз. Жуырда сол кісі қызын астаналық бір шенеуніктің ұлына ұзататын болыпты деп естідік. Тойға бұл жақтан көп адамды шақырмапты деген сөзді де құлағымыз шалып жүрді. Бірақ өзі ештеңе айтқан жоқ еді. Жуырда құдамыз қаладағы бір тойханаға 200-дей ағайын-туыс пен құда-жекжаттарды шақырып, құран оқытып, ас берді. Мен жұмыстармен бара алмай, құдайыға қарындасым қатыс­ты.

Осы жиында сөз алған құдамыз көпшілікті Астанадағы тойға шақыра алмайтындықтарын білдіріп: «Осында баталарыңызды ал­ғанды дұрыс көрдім», – депті. Мұны естіген біреулер тойана береміз бе деп отырғанда құдамыздың жігіттері отырған 200 адамға ішінде 150 мың теңге салынған конверттер таратып, отырғандарды таңқалдырған. 

150 мың теңге аз ақша емес. Оны 200 адамға таратқанда құдамыздың қанша теңгеге шығынданғанын шамалауға болады. Бірақ ол кісінің неге бұлай жасағанын ешкім білмейді. Бұған қалай таң­қалмассыз? Менің тойыма бара алмайсыздар деп келгендерге ақша таратқанды көру былай тұрсын, бұған дейін естімеппіз де.

Ал неге бұлай жасадың деп ол ақшаны қайтарған адам болмапты. Керісінше: «Құдай бергісі келсе терезеден де бере салады деген рас екен ау!» – деп үйіне жөндеу жасап алғандарды да естіп жүрміз».

Қысқасы, 200-дей адам асқа қатысып, құдамыздың арқасында ақшаға қарық болып қалыпты.

Р. ШАЛҚАР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ