Артта қалған елді «Азия жолбарысына» айналдырған

08.10.2019
Қаралды: 51

Кешегі аптада Армения астанасы – Ереванда Еуразия­лық экономикалық одақтың кеңесі болып өтті. Оған Армения, Ресей, Беларусь, Қазақстан және Қырғызстанның басшылары, сонымен қатар құрметті қонақ ретінде Иран мен Сингапурдың Премьер-министрлері қатысты.

 

Жиында маңызды 20 құжатқа қол қо­йылды. Оның қата­рын­да Еуразиялық эко­номикалық одақ пен Сингапур арасында еркін экономикалық аймақ құру жө­ніндегі келісім де бар.

 

Осы жиын кезінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапур Премьер-министрі Ли Сянь Лунмен кездесті. Ли Сянь Лун – Сингапурдың «Азия жолбарыстарының» біріне айналуына зор үлес қосқан, «Сингапур экономикалық ғажайыбының атасы» атанған мемлекет қайраткері Ли Куан Ю-дің үлкен ұлы. Жасы қазір 67-де. Ол да әке жолын қуып, өз елінің дамуына еңбек сіңіріп жүр.

 

Ал Ли Куан Ю – 30 жылдың ішінде Сингапурды өзінің іс-әрекетімен «үшінші елдер» қатарынан  әлемдегі ең дамыған мемлекеттердің алғашқы ондығына ендірген тұлға. Ол 1923 жылы туған. Сингапурдың алғашқы Премьер-министрі (1959-1990 жылдар аралығында)  болған. Кейін Үкіметте 2011 жылға дейін еңбек етіп, өзінің жүргізген саясатының барысын қадағалап отырған. Өмір­ден 2015 жылы өткен.

 

Ли Куан Юдің үлкен еңбегі деп негізінен Сингапурдағы сыбайлас жемқорлықты түп-тамырымен жойғанын атайды. Оның бұл бағыттағы жұ­мыстары 1965 жылы басталған. Ол кезде Ұлы­британиядан тәуелсіздігін енді алған ел халқының басым бөлігі кедейшілік шегінде өмір сүрген, сауатсыз болған, өз құқығын қорғау деген сөзді де білмеген. Сингапурда  табиғи ресурстар аз, ол құрылысқа қажетті құмды, тіпті ауыз суды да шет мемлекеттерден алып тұрған. Елдің еңсе­сін езген жемқорлықты жеңу тіпті де мүмкін емес­тей деңгейде болған.

 

Сингапурды осындай мешеулік тығырықтан Премьер-министр Ли Куан Ю бастаған «Ұлттық қозғалыс» партиясы әлеуметтік, құқықтық, экономикалық салаларда реформалар жасай отырып алып шыққан. Әсіресе сыбайлас жемқорлықты жоюға аса мән берілген. Сол кездері Ли Куан Ю: «Егер сіз жемқорлықты жоюды қаласаңыз, достарыңыз бен туыстарыңызды түрмеге жабуға да дайын болыңыз», – деген екен. Яғни ол жемқорларды кім болса да, қандай лауазымы болса да аямай жазаға тартуға шақырған.

 

Ли Куан Юдің кезінде адал жұмыс атқарған адам жоғары жалақыға лайық деп лауазымды қызметкерлердің жалақысы арттырылған. Шені жоғары мен шені төмен қызметкерлердің арасындағы қатынасты жіті бақылау, жемқорлық байланыстарға жол бермеу, бір лауазымда көп отырғызбай, ауыстырып, тосыннан тексерулер жүргізіп тұру, бюрократияны жою үшін азаматтармен байланыс орнату жолға қойылды. Коррупциямен күресте тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына да үлкен мән берілді. Тұрақты және тиімді билік ел дамуының сенімді кілті деген түсінік қалыптастырылды. Осының арқасында мемлекеттік билікке ең үздік мамандар тартылды, олар өз қызметтерін адал атқару­ға мүдделі болды. Өйткені мемлекеттік қызметші коррупциялық қылмыс жасаса қызметінен ғана емес, барлық жеңілдіктермен қоса зейнетақысынан да айырылатын еді.

 

Жемқорлық қылмыс үшін салынатын айыппұлдың ең төменгі шегі 10 мыңнан 100 мың Сингапур долларына дейін көтерілді.  Кінәлі адам айыппұл төлеп қана қоймай, түрмеге тоғытылатын болды. Жалған куәлік ету, тергеуден жалтару әрекеттері үшін де бас бостандығынан айыру және 10 мың доллар айыппұл белгіленді.

 

Мынадай жағдайлар болған: Қоршаған ортаны қорғау министрі отбасымен Индонезияға сая­хаттап барғанда оның барлық шығынын бір компания көтерген екен. Министрдің лауазымын пайдаланып, өзіне көрсеткен көмегі үшін компания оған осындай тарту жасапты. Сондай-ақ министр аталған компаниядан құны 500 мың доллар болатын үй, оған қоса қор биржасында­ғы құйтырқы жұмыстар үшін әкесінің атына екі несие алған екен. Осы қылмыстары дәлелденіп, ол бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Сондай-ақ бұл елде  Ұлттық даму министрі де жемқорлығы үшін әшкереленген. Кейін ол өзіне қол жұмсаған.

 

Сингапурде тергеу бюросының жұмысы шын мәнінде тәуелсіз болды. Елде жемқорлықпен көзге түскен кім болса да тиісті жазадан құтыла алмайтын еді. Тергеу бюросының тіпті Ли Куан Юдің өзіне, отбасына, достарына да күдік келтіріп, тексерген кездері болған.

 

Ли Куан Ю экономиканы көтеру үшін елге инвестицияны көп тартқан. Ол білім сапасына да аса мән берген, жас мамандарды озық елдер­ден тәжірибе жинауға жіберіп отырған. Соның арқа­сында бүгінде Сингапур әлемдегі ірі технологиялық орталықтардың біріне айналды. Ол қазір экономикалық көрсеткіштері жағынан әлем­дегі ең алғашқы орындардың бірінде тұр.

 

...Сингапур – Оңтүстік-шығыс Азиядағы қала-мемлекет. Жер көлемі – 720 шаршы шақырым ғана. (Біздің облыстардың әрқайсысының жері мыңдаған шақырымдап саналады, ал Елорданың өзінің ғана аумағы 710 шаршы шақырымға тең). Сингапурдың халқы – 6 миллиондай адам. Ел тұрғындарының 77 пайыздайы – қытайлықтар, яғни Қытайдағы аумалы-төкпелі кезеңдерде сыртқа күнкөріс іздеп қоныс аударғандардың ұр­пақ­тары. (Ли Куан Юдің өзі де қытай ұлтының өкі­лі). Ал халықтың 14 пайыздай бөлігін малай ұлтының өкілдері, 8 пайызға жуығын түбі үндістан­дық­тар құрайды. Бұл елде будда,  христиан, ислам және басқа да толып жатқан дін мен діни ағымдарды ұстанатындар, атеистер де бар. Мем­ле­­кет­тік тіл малай тілі болып саналады, ресми тіл­дер – ағылшын, путунхуа (қытай диалекті), тамиль тілдері.

 

Сингапурде қылмыс өте төмен деңгейде. Заңы қатал, онда дарға асу арқылы өлім жазасы да қолданылады. Ауыр жазаға көбіне қатігездікпен адам өлтіргендер мен есірткі таратуға қатысты қылмыс жасағандар тартылады. Мафиялық топ­қа қатысқаны дәлелденгендерге де аяусыз жаза қолданылады.

 

Сингапур экваторда орналасқандықтан онда қыс болмайды, орташа жылдық температура 25 градус жылылық төңірегінде болады.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ