Қазан айының ауа райы қандай болады?

08.10.2019
Қаралды: 55

Қыркүйек айының соңын ала Оңтүстіктің таулы аудандарында жаңбыр жауды, жалпы өңірде күн сал­қын тартты. Ендігі ауа райы қандай болмақ? Біз осы орайда шымкенттік белгілі ауа райын болжаушы Нұрғабыл Қозыбаймен хабарластық.

 

«Жаңа ай 29-қыркүйекте туған еді, – дейді Н.Қозыбай. – Аспан бұлтты болып, ол көрінбеді. 30-қыркүйек күні кешке қарай аспан ашылды. Байқағаным, ай «шелек ілінбейтіндей» болып, тікесінен туыпты. Ал бұған қатысты қазақта бірнеше болжамдар бар. Олар мынадай: Егер ай тігінен туса, оны «өзіне жайсыз, шаруаға жайлы болады» деп болжайды. Ол шалқасынан туса, «өзіне жайлы, шаруаға жайсыз жатыр» дейді. Егер жаз кезінде  ай тігінен туса, онда бұл айда жаңбыр жиі жауады, ал қыста тігінен туса, сол айда  қар көп түседі. Сондай-ақ жазда жаңа туған айдың алғашқы 1 және 2-ші күндерінде жаңбыр жауса, онда сол ай жаңбырлы болады, қыста жаңа айдың 1 және 2-ші күндерінде қар жауса, сол айда қар жиі жауады.

 

Өткен, жаңа ай туған 29-қыркүйекте жаңбыр жауды, демек, осы айда жаңбыр жауатын күндер болады. Менің болжамымша, 10-15-қазан аралығында аспан бұлттанып, таулы аудандарда жаңбыр жаууы тиіс. Алатаудың басына қар түседі, соның салдарынан 10-15-қазан аралығы біршама салқын болады.

 

Айдың бірінші онкүндігінде ауа температурасы шамамен 25 градусқа дейінгі жылылықта болады. Екінші онкүндікте салқын күндер келеді, ауа жылуы 20 градустан аспайды. Үшінші онкүндікте ауа райы қайтадан 25 градусқа дейін жылынады.

 

Өларада, яғни 26-27-қазан аралығында жаңбыр жауады. 29-қазанда жаңа ай туады, алдағы ауа райының қандай болмағын сол кезде болжауға мүмкіндік бар».

 

Н.Қозыбай осылай дейді. Бүгінде оған күздік бидайды егу-екпеу жөнінде кеңес сұрап хабарласып жатқандар да бар екен.

 

«Осы орайда айта кетейін, алдағы көктемде құрғақшылық болмайды. Жаңбыр орташа деңгейде жауады. Сондықтан қазір күздік бидайды еге беруге болады», – дейді ауа райын болжаушы.

 

Н.Қозыбай биылғы шілденің аптап ыстық болғанына байланысты алдағы қыс қатты болады деп жүргендердің болжамын жоққа шығарды. «Бұрынғы болжамдарға сүйеніп, жазғы аптап ыстық қыста қатты суықтармен қайталанады деп жүргендер қателеседі. Өйткені қазір экологиялық ахуал өзгерген. 1968-1969-шы немесе 1993-1994-ші жылдардағыдай қатты қыс болмайды. Қыстың шілдесінде ғана біраз суықтар болуы мүмкін. Менің болжамымша, алдағы жылдың көктемі ерте шығуы тиіс», – дейді ол бұл жөнінде.

 

Ауа райын болжаушы азамат көпшілікке өзінің үнін жеткізуде «Замананың» пайдасы тиіп тұрғанын айтады. «Осы мүмкіндікті пайдаланып, мынаны да айта кеткім келеді: Мен ешқандай да көріпкел емеспін, табиғатпен біте қайнасып өмір сүрген халқымыздың табиғат құбылыстарына қатысты қалыптасқан болжамдарын зерттеп-саралаушымын. Болжамдарды соған сүйеніп жасаймын. Мұны жұрттың біле жүргенін қалаймын», – дейді ол.

 

Н.Қозыбай бүгінде «Табиғаттың тамыршысы бұл қазақ» деген кітап жазып жатыр. Оның енді көп ұзамай жарық көруі мүмкін екен.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ