Алыста тұрып та диагнозды дәл қоя алады

08.10.2019
Қаралды: 157

Бойында ерекше қасиеті бар адамдар туралы біз үнемі жазып келеміз. Қашықта отырған адамның ойын оқып, диагнозын табатын телепаттарды өзіміз де талай рет сынақтан өткізіп көргенбіз. Бүгінгі кейіпкерімізбен де сұхбат емес, сынақ арқылы таныстық. Космобио­энергетикалық қасиетінің қашан қонғанын содан кейін ғана сұрадық. 

 

Не мазалайтынын тура тауып айтты

 

Жақын танысымыз қатты ауырып, аурухана аралаумен ай өткізді. Бірде бүйрек, бірде бауыр, келесіде өт, одан кейін асқазан мазалап, әбден әбігерге түсті. Бірақ дәрігерлер қандай да бір қауіп ошағын анықтай алмады. Түрлі сынама, ультрадыбыстық зерттеу қорытындысы да әлгі ағза мүшелерінде анау айтқандай ауру жоқ деп көрсетеді. Науқастың өзі де нақты бір жерін ауырды деп айта алмайды.

 

«Түсінер емеспін, ауру көшіп жүр ме, әр күні әр жерім мазалайды. Елемей қоя салайын десем, жаныма батады, ал емделейін десем, көп ұзамай қойып қалады да, келесі бір жерім ауырады. Тұрақты, үздіксіз ауырып жатқан – басым ғана. Оң жақ бөлігі үнемі солқылдап, ауыр болып тұрады. Екі күннен кейін басымды «МРТ»-ға түсіретін болды. «Не де болса содан кейін белгілі болады», – дейді ол.

 

Тап осы сәтте біз «Жұлдызды емші» атанған атыраулық Мұрадым Қарабаевпен сұхбаттасуға оқталып отырғанбыз. Шешім табан асты келді: жанымыздағы адамның қатты ауырып тұрғанын айттық, себебін анықтап көруін өтіндік. Мұрадым Ғайсаұлы суретін сұрады. Көп өтпей емші: «Ми тамырларының шаршағанын көріп тұрмын. Өте көп уайымдайтын, жұмысы да миға салмақ түсіретін жан. Басы ауырады. Оң жақ құлақ шекеден бастап, желкеге дейін тартылып, солқылдап, ток жүріп тұрған сияқты дыңылдап ауырады. Бас қысып ауырғанда бүкіл денені солқылдатып, селкіл­детіп, тіпті кейде билетіп жібереді. Мұның бәрі жүйкенің шаршауынан. Аз ұйықтайды. Көп ойланады. Миды солай шаршат­қан. Химиялық дәрі түрлерін ағзасы қабылдамайды. Шөп тұнбаларын ішіп, кемі екі жыл күтінуі керек», – деді.

 

Бұдан басқа да жеңіл-желпі бірді-екілі диагнозға тоқталып өтті. Мазасы кетіп тұрған жан мұның бәрін естіді. Таң қалғанын қимылы мен көзқарасы ар­қылы білдіріп, айтқаны дөп келгенін ұқтырды.

 

Тылсым қасиет қонған екен

 

Осы жерде айта кетейік, бұл кезде емші мен біздің арамызды екі мың шақырымнан да алыс қашықтық бөліп тұр еді. Емші – батыста, біз – оңтүстікте. Бірақ ол құс ұшып жете алмас жылдамдықта ақпарат беріп үлгерді. М.Қарабаев мұны қалай сезеді? Оның емшілік ерекшелігі неде? Біз мұны емшінің өзінен сұрадық.

 

«Бұл менің бойымда бала кезден келе жатқан жай. Бойымда бір алапат күш бар. Алты жасымда он алты жастағы жігіттер көтере алмас жүкті тік көтеріп, еркін жүре беретінмін. Сол үшін ауыл арасында Қажымұқан атандым. Бойдағы тасуға шақ тұрған тасқын күшті ауыр зат арқалап шығармасам тыныш тұра алмаймын.

 

Бірақ әкем арғы бабаларымыздың елге сыйлы, сөзі дуалы ишан болғанын, менің де түбі сол жолды ұстанатынымды құлағыма құйып отыратын. Өз атам да өмірден өтерінде мені меңзеп, қанмен келген қасиетті жалғастыратын ұрпағың осы деп кеткен көрінеді. Ол кезде мен бес жаста болғанмын. Күн батып, кеш түскенде келетін тылсымның жын-перілер әлемін мен сол жасымда анық көретінмін. Олардан қорықпаймын. Қайта қолыма пышақ алып, шайқасып ойнап, оларды қуғаныма қуанатынмын.

 

Бала кезден есімде қалғаны, атам аяғы ауырса, желкесі құрысса маған сипататын. Мен мақтап қойғанға мәзбін. Ал қазір ойлап қарасам, нақты қай тұсы, қалай ауырып тұр, мен соны сезіп, тап сол жерді уқалаушы едім. Ал әжелер шекер, қант сынды тәттілерін маған беріп, білгісі келген нәрселерін сұрап алатын. Олар менен не сұрайды, неге тек менен сұрайды, ол жағын ойланбайтын ойын баласымын. Есте қалғаны – бір жігітке: «Сен бүгін көшеге шықпа. Шықсаң трактормен апатқа түсесің» дегенім. Тағы біреуге: «Сиырыңа жақсылап қара, ұрлап кетпесін», – дедім. Кейін үлкендер есіме түсірді ғой: әлгі жігіт шынымен тракторы аударылып, ауыр жарақат алыпты. Екіншісі мал ұрлығының үстінен түскен.

 

Бұл менің жеті жасымда еді. Бұл жағдай он үш жасқа дейін өте көп қайталанды. Кісі емдесем (сылап-сипау), үш күн рахаттанамын. Сәби сияқты күліп, балаларға қосылып ойнап, тыныш жү­ремін. Үш күннен кейін қолым қайтадан қызып, мазасызданамын. Бір жой­қын күш қысады. Соның қысымына шыдай алмай төбелес іздеп кетемін.

 

Төрт жасында Құранды жатқа біліпті

 

Төрт жасымда Құранды жатқа білдім. Бірақ Құранды оқымағанмын.  Төртінші сыныпты оқыған кезде кітап бетін ашпаймын, бірақ бәрін біліп тұратынмын. Борды ұстап, тақтаға жақындаған кезде есептердің бәрі көзіме көрініп тұрады. Мен соны көшіріп жазып, бес алатынмын. Мұғалімге сабақты үйде оқып, да­йындалып келдім деймін.

 

Он үшке толып, ес жия бастағанда біржола спортқа бет бұрдым. Қол күші, ережесіз төбелес, кір тасын көтеру сынды ылғи күш пен ептілікке құрыл­ған бес түрлі спорт түрімен айналыстым. Нәти­жесіз емес. Қазақстанның үш дүркін чемпионымын. Қайда ауыр сын-сайыс бар, сол жаққа сұранып тұрамын. Әскерде де осылай болды. Ең қиын, ең ауыр жаттығуларға ұмтыламын.

 

Бойдағы бұла күшті мойындауыма үнемі алатын аян, ешкімге көрінбей, менің ғана жанымда жүретін кісілердің нұсқауы, сосын басымнан өткен жағдайлар себеп  болды. Олар маған үш күннен кейін үйге кісі келетінін ескертеді, соның тізесін сипа, омыртқасын емде дейді. Тағы не істеу керегін айтады. Шынымен солай болады. Адам келеді, сылап-сипасам жазылып, рахмет айтып кетеді. Қырсығып, емдемей қойсам өзім ауырамын. Ондай кезде жан-жағымнан жылан қаптап, өзімді шағып жатады.

 

Осы сияқты көптеген жайларды бас­тан кештім. Бәрінен қашып, Ресей асып кеткен кезім де болды. Бірақ өзің кеткенмен қасиет қалып қоймайды екен ғой. Ақыры он бес жыл бұрын – 2004 жылы емшілікті мойындадым. Онда да 50 жас­қа кеше ғана толған әкем: «Балам, мен қазір саған бата беремін. Енді жолға түспесең о дүниеге кетесің», – деді. Мән берген жоқпын. Тіпті тыңдамадым. Бір кезде әкем: «Әумин де, балам», – деді. Құлықсыз бет сипадым. Сосын: «Ал енді мен о дүниеге кетіп барамын. Мені алып кетуге келіп тұр. Қош, балам», – деді де, көз алдымда үзіліп кете барды.

 

Сол жылдың аяғында маған бір орыс апай: «Сен кісі қарайсың ғой?» – деп келді. Құранды білмеймін, әріп танымаймын. Кәлима дегеннің де не екенін білмеймін. Бала кездегі өз-өзімнен жат­қа білген сүрелер жадымнан шығып кеткен. Аңтарылып қалсам керек, ол үш рет бісміллә деп айтсам да риза болатынын айтты. Сасқанымнан оны теріс қарап отырғыздым да, ішімнен Құдайға жалбарындым. Бірінші рет бісміллә де­генімде көзім қарауытты. Екінші айт­қанда ауа жетпей, қысыла бастадым. Үшіншісін айтқан кезде аузым сайрап, тоқтай алмадым. Құран өзі төгіліп жатты. Әйтпесе Құранды өмірімде оқып, ұстап көрген емеспін. Ол әйел кеткен соң жаңағы сүрелер мен аяттарды оқиын десем, ештеңе білмеймін. Осындай қызықтар болды.

 

Дертті суретке қарап-ақ анықтайды

 

Одан бері де 15 жыл өтті ғой. Қазір аянның да, тылсымның да құпиясын түсінемін, шешімін табамын. Берік ұстан­ған үш ережем бар. Оны атам аян ар­қылы берген: «Бірінші, ешқашан мен деп айтпа, Алланың әмірі деп айт. Екінші, өзіңді насихаттама, сенің көмегіңе мұқтаж адам өзі келеді. Үшінші, пұлға сатылма! Осы үш нәрсені сақтасаң сынақтан өтесің», – деді.

 

Cынақ деген мен жоғарыда баяндаған, басымнан өткен жайлар емес деп шамалаймын. Сынақ – ол қиналып келген жанның дертін тауып, дауа қондыру. Өлімнен арашалап, өмір сыйлау. Дертті табу үшін ауырған адам жанымда болуы шарт емес. Суреті болса, оған қарап та адам энергетикасын сеземін. Дұрысы – сездіреді. Емі неден екені тылсым ақпарат ретінде санама құйылады. Сіздер суретін жіберген адамды мен солай сезініп, ауырған жерін анық көріп тұрдым.

 

Бірақ мен аталар беретін аян, тылсымнан келетін ақпаратпен шектеліп қалған жоқпын. Атадан алған аманат бар, оның үдесінен шығуым керек. Сол үшін Қытайға барып, Шығыс медицинасын оқып келдім. Ине салу, шөптен дәрі да­йындау, сылап-сипау нүктелерін мең­гердім. Ресейде арнайы психология­лық курстан өттім. Адам емде деп берілген жойқын күш болып таситын бойдағы қуат пен алақандағы қызу тағы бар. Осының бәрін енді ел игілігіне жаратып жүрген жанмын».

 

Спорттағы жетістігі сияқты, Мұрадым Ғайсаұлы емшілік жолда да бірнеше марапатқа ие болған жан. Оған емделу­шілер ризалығын білдіріп ұсын­ған ал­ғыс хаттары өз алдына, «Қасиет» емшілер қауымдастығы басшылығы тарапынан да бірнеше марапатқа ие болған. Сондай-ақ ол осы қауымдас­тықтың Атырау облысы бойынша филиалының басшысы.

 

Айтқаны «МРТ» қорытындысымен бірдей шықты

 

Жерлестері бұл емшінің дем салғанының өзі шипа дейді. Тіпті Мұрадымның дем салғанының арқасында қатерлі ісік қаупі сейілген жандар да болыпты. Ол жайлы емші былай дейді:

 

«Бірде маған 12-13 жас шамасындағы баланы әкелді. Өте әлжуаз. Оған онкологиялық дерт деп диагноз қойыпты. Туыстары тым болмағанда дем салып беруімді сұрап келді. Мен оны емдей алатынымды сездім. Сылап-сипау емі, дем салу, шөп тұнбаларын әзірлегенде де Алладан тілек ете отырып дұғаларымды үзбедім. Сол бала тәуір болып кетті.

 

Адам Аллаға шын ниетпен келсе, қара су да шипа болады. Мен мұндай жайға да куә болғанмын. Алыс облыстан бір кісі хабарласты. Әкем қатты ауырып жатыр деді. Онкология екен. Әрине, емдей алмаймын дедім. Бірақ ол қояр емес. Жол алыстығын айтып, қашқақтап едім: «Тым болмағанда бір рет дем салып берсінші. Сізден тәуір болатын сияқты, жүрегім сезеді дейді», – деп әкесінің сәлемін айтты.

 

Ниет деген нәрсе бар. Сенімнің серігі. Осы ниет пен сенім бар жерде адам адаспайды. Бұл кісінің де ниеті маған ауып отыр екен, Алла оның маған хабарласуын жазыпты. Яғни оған менің дем салуым керек болып тұр. Осыны ұқтым. Жарты литрлік «баклашкадағы» суға дем салып, пойыздан беріп жібердім. «Уа­йымдамаңыз, Алла жол берсе, бәрі жақсы болады. Екі айдан кейін хабарын айтарсыз», – деппін әлгі әйелге. Бірақ неге олай айтқанымды білмеймін. Сөйтіп бұл жайлы ұмытып кеттім. Екі айдан кейін хабарласып тұр.  «Сөзіңіз де дуалы жан екенсіз. Екі ай деген едіңіз, дәл солай болды. Бүгін тексеріліп келді. Әкемде бәрі жақсы. Жазылды!» – дейді. Қуаныштан жылап тұр.

 

Негізі мұндай сөздерді қашан айт­қанымды, не үшін екенін мен есте сақтай бермеймін. Өйткені оны тылсым әлем, өзге ақпарат айтқызады. Ал адамдар мені дуалы ауыз дейді. Әйтпесе көріпкел болып, барлық нәрсені болжап отырғаным жоқ. Мен тек диагноз қоямын, дем саламын, сылап-сипау, ине салу емін жасаймын. Кімнің қай жері қалай ауыратыны кәдімгідей көз алдыма келеді. Сосын сеземін. Қалай емдеу керектігін де сездіреді. Қалғаны бір Алланың қолында. Көмегі мен емі менен болса, Алла өзі жетектеп әкеледі, шипасын береді. Мен орындаушы ғанамын», – дейді Мұрадым емші.

 

...Арада екі күн өткенде танысымыз «МРТ» қорытындысын қолына алды. Дәрігерлер оның бойында «көшіп» жүргендей әсер беріп, әр жерін бір мазалап жүрген аурудың негізгі көзі ми тамырларында депті. Сондай-ақ жүйкесінің жұқар­ғанын айтып, көбірек тынығу туралы кеңес берген. Яғни Мұрадым Қарабаевтың айтқаны мен «МРТ» қорытындысы сәйкес келді.

 

Міне, Атырау облысында осындай қолы шипалы, сөзі дуалы жан тұрады. Қажет еткен жандар Мұрадым Ғайса­ұлына 8-775-503-40-70 нөмірі арқылы байланыса алады. Дей тұрғанмен, біз бұл мақаламызда ешкімді насихаттап отырмағанымызды ескерткіміз келеді. Мақсатымыз – ел ішіндегі ерекше жандар жайлы ақпарат беру. Ал оған емделу-емделмеу әркімнің өз қалауы.

 

Д. ӨМІРБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ