Дулат баба кесенесі ашылды

08.10.2019
Қаралды: 33

Ұлы Қазақ даласының оңтүстік өңірінде, оның ішінде Шымкент, Жамбыл мен Алматы облыстарында 2,5 миллионнан астам ұрпағы өрбіп жатқан Дулат бабамызды еңкейген қарттан, есі кірген балаға дейін білетіні белгілі.

 

Алайда шамамен 13-14 ғасырларда өмір сүрген бабамыздың сүйегі кейбір тарихшылардың болжамы бойынша Қытайда, енді біреулері Ташкенттің айналасында деп, тек жорамал жасаумен шектеліп келген. Ал көнекөз қарттар Дулат бабамыздың жерленген жері кезінде Түркеш мемлекетінің орталығы болған Құлан екенін айтып, қазіргі Құлан елді мекенінің солтүстік-батысындағы Қарабастау атты жерді жеке атап, ол тұсты «Әулиелі мекен» дегеніне базбіреулер онша құлақ асып, мән бермегені де рас. Ол жұмбақтың сыры 2000 жылы ғана ел арасындағы аңыз әңгімелер мен түрлі деректердің негізінде ғылыми тұрғыда шешімін тапты. Содан бері «Дулат баба» қоғамдық қоры жұмыс істей бастаған.

 

Әлгі айтылған жерден табылған орта жастағы ер кісінің сүйегін тексергенде ол Дулат бабамыздың өмір сүрген кезеңіне сәйкес келетіні дәлелденген. 2015 жылы Ә.Марғұлан атындағы, Ресейдің Миклухо-Маклай атындағы және Венгрияның археология, антропология ғылыми-зерттеу институттарының мамандары бірлесе жұмыс атқарып, осындай қорытындыға келген. Сүйектің палеопатологиялық, морфологиялық, остеометриялық және краниологиялық жақтары түгел зерттеліп, Дулат бабамыз кезінде 15 жылдай қаған болып, шайқаса жүріп, ел басқарғанынан хабар беретін бас сүйек пен қабырғаларында жарақаттардың ізі бар екені де дәлел тапқан. Сонымен көп жылдарға созылған тартыс соңын тауып, 2017 жылы биіктігі 17 метрді құрайтын кесене құрылысы басталып та кеткен еді.

 

Өткен сенбі күні Дулат баба кесенесі ашылды, ұрпақтары мен Алаш елінің игі-жақсылары жиналып, тәу етіп, құран бағыштаған жиын өтті. Ал одан бір күн бұрын Тараз қаласында «Дулат баба және М.Дулати: тарихи-рухани сабақтастық» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылған болатын.

 

Кесененің ресми ашылуында «Дулат баба» қоғамдық қорының президенті Мұсабек Әлімбеков өзінің кіріспе сөзінен соң белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелдіге сөз кезегін ұсынды. Өмірбек ағамыз талай құнды тарихи деректерге сүйеніп, бабамыз хақындағы бай мәліметтерге тоқталды.

 

Баба рухына құран бағышталып, тағзым етілген соң көпшілік орталық алаңда ұйымдастырылған мерекелік іс-шараға жиналды. Өңірімізден шыққан, есімдері барша Қазақстанға белгілі өнер майталмандары, сонымен қатар қазақ эстрадасының жұлдыздары, қазақ айтысының дүлдүлдері, адуынды ақындар үлкен сахнада өнерлерін көрсетті.

 

Әлихан НҰРАЛИЕВ, Қазыбек КАМАЛ.

(«Меркі тынысы» газеті).

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ