Балаларының аш отырғанын көргенше өле салмақ болыпты

08.10.2019
Қаралды: 37

Көкшетауда бір жақсы жігіт бар. Кәсіпкер. Сол кісімен той-томалаққа қатысты араласып тұрамыз. Бірде Құрбан айттан кейін жолығып біраз әңгімелестік. Сонда ол былай деді:

 

«Былай қарасақ, бізде бәрі жақсы сияқты. Алайда қазақта қайыршы көп. Мен саған көшедегі «бомждарды» айтып тұрғам жоқ, олар қайыршыға жатпайды. Жалпы қазақтың халі мүшкіл, жалпы қазақ қайыршы!

 

Біз өткенде ораза уақытында бірқатар жағдайы төмен отбасыларға көмектестік. Әкімшілікте тіркеуде тұрғаны бар, көріп жүргеніміз бар, өте көп. Менің жігіттерім бір ай бойы күніне 5-6 отбасыға шамамен 30-35 мың теңгенің азық-түлігін апарды. (Мысалы 5 кило ет, 3 кило күріш деген сияқты). Сонда айтулары бойынша көрмегендері жоқ, жағаларын ұстап келді. Мәселен, бір үйге кіргенде есік ашқан үй иесі әйел тура мағынасында айтқанда жынды болып қалған. Ойлашы, 100 мың емес, 200 мың емес бар-жоғы 30 мың теңгенің азық-түлігіне сондай күйде болған. Есалаң сияқты күле берген, сосын жылаған. Жігіттер де түк түсінбей аңырып қалған ғой.

 

Телефон нөмірлерін қалдырып кеткен екен. Екі күннен соң әлгі әйел өзі хабарласты. Сөйтсек жағдай біз ойлағаннан да сұмдық екен. Қысқасы, былай: Әлгі әйелдің бес баласы бар екен. Байғұстар 3 күн бойы тамақ ішпеген. Сол күннен бір күн бұрын әйтеуір бір жерден кішкене ғана «пшеничная крупа» ма, бірдеңе тауып әкеліп, енді соны майсыз суға пісіріп берейін десе, газ баллоны бос қалыпты, газы да біткен екен. Күйіп кеткені сонша, бейшара әйел аш балаларды ұйқыға жатқызып, түні бойы еңіреп жылаған, «балаларымның бұлай аш жүргенін көргенше, өлгенім дұрыс» деген шешімге тоқтап, өлуге біржола бекінеді ғой. Таңертең балаларды алдап-сулап сыртқа шығарып жіберіп, өз-өзіне қол жұмсамақ болып қолына пышақ алып, асханада жылап отырған уақытында есікті тарсылдатып біздің жігіттер кіріп барған. «Құдай бар екен ғой!» – деп, өзі еңіреп жылап отырып айтқанда аза бойың қаза болады.

 

Ал енді не дейсің, Қуаныш? Бұл біздің көргеніміз ғана, көрмей жатқанымыз қаншама?! Сөйтіп отырып дамыған 30 елдің қатарына кіреміз дейді, атасының басының 30 елі ме?! – дейді.

 

Есімін айтпай-ақ қояйын, ол кісі жұртқа сондай жақсылық жасап жүргенде де аты-жөнімді айтпаймын дегені бар. (Бір ауыз сөзін өзгерткенім жоқ таза шындық, Құдай куә!)

 

Р.S. Ей, депутаттар, сендер орташа еңбекақы көрсеткіші жүз бірдеңе мың деп көрсетесіңдер ғой. Мемлекеттің ең бірінші байлығы – Адам. Сондықтан мемлекет өз азаматтарының жағдайын жасауға міндетті. Әсіресе ана мен баланың жағдайын жасауы керек. Бала туса, ақшаны аямай беру керек, ЕХРО сияқты қажетсіз нәрсеге шашпай. Ертең ел басына күн туса осы жерді қорғайтын – біз және біздің балаларымыз. Сондықтан үкімет өз қорғау­шымыз деп қарауы керек халыққа!

 

Қуаныш ОСПАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ