Қазағым, қайда қаңғырдың?

08.10.2019
Қаралды: 162

Кейінгі кездері елімізден шет мемлекеттерге  жұмыс іздеп кетушілер қатары артып тұр. Солардың көбі Оңтүстік Кореяға баруда.

 

Сыртқы істер министрлігінің бұл елге 2018 жылдың өзінде ғана шамамен 10 мыңдай мигрант кеткенін мәлім­деуінің өзі адамды көп ойға жетелейді.

 

Бүгінде жұмыс іздеуші қазақтардың Оңтүстік Кореяға көптеп кетіп жатқанын жұртшылық бас қосқан жерлерден де жиі естуге болады. Бірі туысының мол табыс тауып келгенін айтып мақтанса, енді бірі жақын адамының ол елге кете алмағанын айтып, өкініп те жатады.

 

Оңтүстік Кореямен Қазақстан арасында еңбек мигранттарына қатысты арнайы келісім болмағандықтан табысы мол жұмыс іздегендер ол елге туристік визамен немесе танысының қонаққа шақыруын сылтауратып барады. Сосын тәуекел деп сол жақта жасырынып қалып қояды. Шекарада ұсталғандары немесе Оңтүстік Кореяда заңсыз мигранттарға қарсы жүргізіл­ген рейд кезінде қолға түсіп қалғандары Қазақстанға бірден қайтарылып та жа­тыр. Бірақ ол жаққа аттанушылар қа­та­ры арта түспесе, азаятынға ұқсамайды.

 

Бүгінде табысы жоғары жұмыс ізде­ген қазақстандықтар Ресейге де көптеп кетіп жатыр. Мұны осы елдің арнайы қызмет орындары да растайды, таяуда ғана олар Қазақстаннан келетін ең­бек мигранттарының қатары артуда деп хабарлады.

 

Қазақстандықтар бүгінде жұмыс із­деп Шығыс Еуропа елдеріне де кетіп жатыр. Мысалы, таяуда біздің бір танысымыз Польшаға кетті. Ол Краков қа­ла­сындағы зауытқа жұмысқа орналасты. Айтуынша, ол жаққа жұмыс іздеп барып жатқан қазақтар аз емес.

 

Ал кешегі аптада сонау қиыр сол­түстіктегі Норвегия елінен де 60 қазақ азаматының ұсталып, депортацияға дайындалып жатқаны жайында белгілі болды. Қысы ерте түсіп, ұзаққа созылатын, климаты біздегіден мүлде бөлек елге де оларды сүйрелеген күнкөріс қамы екені анық. Норвегияға олар туристік визамен  барыпты да, сол жақта жұмысқа тұрып қалуға әрекет жасапты. Бірақ полицияның қолына түскен. Олар енді бірер күнде Қазақстанға қайтарылмақ.

 

Бұдан бөлек, Біріккен Араб Әмірлік­теріне, Түркияға, Солтүстік Ки­прге, тағы басқа бірқатар елдерге жұмыс іздеп кетушілер бар.

 

Осы орайда кезінде Сирияға кетіп қалған жүздеген қазақстандықтардың жайы еске түседі. «Халифат құруға атсалысуға кетті» делінгенімен олардың қатарында да табысы мол жұмыс іздеймін деп басын қауіп-қатерге тіккен­дердің бары анық.

 

Білім және ғылым министрінің орынбасары Бибігүл Асылова таяуда Нұр-Сұлтан қаласында өткен бір жиында Сириядан Қазақстанға 506 баланың жеткізілгенін айтты. Балалар еліміздегі бейімдеу орталықтарына орналастырылып жатыр екен. Кейбірі анасымен бірге орналасқан, ал 33 жетім бала арнайы ұйымдарға таратып берілген. 254 бала балабақшаға, 154-і мектепке орналастырылған.

 

Оның алдында да «Жусан» арнайы операциясының кезінде қатарында 360 бала бар 516 адамның әкелінгені туралы айтылған болатын. Ересектерді былай қойғанның өзінде балалардың кейінгі бірнеше жыл бойы Азамат соғысы жүріп жатқан Сирияға не іздеп барғаны ойландырады. Тек дін мә­селесі ғана емес шығар. Ата-аналары  тұрмысқа жайлы өмір іздеген болар. Мұндайда соғысқа керек адам тасымалымен айналысатын қылмыстық топ­тар да қарап қалмайды ғой, қарық боласың деп басын айналдырып шетелге өткізеді.

 

Өйткені бүгінде адам саудасымен айналысатындар да бар. Тұрмыс тау­қыметін шегіп, жартымды жұмыс таба алмай жүрген көп жандар сондайлардың үгітіне сеніп алданған болуы да мүмкін.

 

...Қысқасы, бүгінде жұмыс іздеп шетел асып жатқан қазақтар аз емес. Тұрмысы жақсы болса, ертеңіне алаңдамаса, олардың жат жерге тентіреп несі бар? Қазақтың асты-үсті байлыққа толы өз жерінде уайымсыз өмір сүретін уақыты қашан туар екен?

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ