Дайындық қалай жүріп жатыр?

07.10.2019
Қаралды: 63

17-тамыз күні Шардарада ел көпке дейін шулай айтып жүретін той өтпек. Назарбаевтар әулетінің ұрпағы – Болат Болат­ұлының туған күні мен сүндет тойы неге тап осы өлкеде өтеді? Тойға дайындық қалай жүріп жатыр? Біз осы жайлы сұрастыр­ған едік.

 

«Ұлан-асыр той болады дейді. Шардарадан ары шыққанда 14-15 шақырым жерде Ілесбек қажы атындағы көкпар алаңы бар. Сол жерде көкпар өтеді. Той егесі әкелетін көліктер мен барлығын қосқанда су жаңа жиырма бес көлік тігіледі деп жатыр. Облысты былай қойғанда, бүкіл елдің түкпір-түкпірінен, тіпті одан асып, Қырғызстан мен Өзбекстаннан, Тәжікстаннан да көкпаршылар келеді-ау. Енді... жиырма бес машина болған соң көп адам келеді ғой. Халықаралық деңгейде болады.

 

Көкпарды Болат Назарбаев береді дейді. Дайындық қызу. Әсіресе Сүткент­те. Ол кісінің қайынжұрты сол жерде ғой. Сол жақтағы бір мектеп директоры бажасы болып келеді деп естиміз. Сүткент деген кезінде өте ірі совхоз болған. Сол совхозда «управляющий» болған, аты ауданға белгілі бір кісінің немересі, қыпшақтың қызын алған деседі», – деді аудан азаматтарының бірі.

 

Нағашы жұртында дүркіретін той өткізетін жиен жайлы сыбысты ауданның әр тұрғыны біледі. Ел құлағы түрулі. Қандай әншілер келетінін, қанша киіз үй тігілетінін ешкім шамалап айта алмайды.

 

«Мен қазір ештеңе айта алмаймын. Бәрі келесі аптада белгілі болады. Көкпар болады. Шардарадан Абайға кетіп бара жатқан жолда, шамамен 10 шақырымда көкпар алаңында өтеді. Қанша үй тігіледі, қанша салым салынады, әлі анық емес. Қандай әншілер келетінін де білмеймін. Күні кеше ұйымдастырушымыз деп жұмыс телефоныма хабарласты. Он екі қанатты үй сұрады. «Қанша үй бар?» – деді. Ауданда он екі қанатты бір-ақ үй бар. Қажет болып жатса, сұраса, әрине, береміз. Осы аптаның ішінде ұйымдастырушылармен жолығамыз. Дайындық қалай, не болып жатыр, бәрі сол кезде белгілі болады», – деді аудан басшыларының бірі.

 

Біз жұрт Болат Назарбаевтың бажасы деп атайтын директорға да хабарластық. Ол кісі тұтқаны қалай тез көтерсе, сұрақтың төркінін түсінген кезде уақыты тығыз, жұмысы қауырт екенін айтып, солай тез қойды. Қауырт екені шынымен де байқалады.

 

Ж. ҚАСЫМ.

(Сурет жарнамалық бейнероликтен скриншотталды).

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ