Шардара шаттыққа кенеле ме?

07.10.2019
Қаралды: 217

Елбасы Н. Назарбаевтың туған інісі Болат Назарбаевты Қазақстан халқы жақсы таниды. Ол кісінің өмірбаяны туралы толық білмегенмен, соңғы жылдары жиі-жиі тұсаукесер тойлар өткізіп тұратындығынан елдің бәрі хабардар.

 

Бөкең арғы жылы да, өткен жылы да, биыл да әр жерде, өзінен тараған әр түрлі бүлдіршіндердің тұсаукесер тойларын дүркіретіп өткізді. Ол тойлардың бәрі де ел аузында аңыз болып айтылып жүр. Тойлардан түсірілген видеолар мен фотосуреттер әлеуметтік желілер арқылы желдей тарап, талайларға таңдай қақтырды.

 

Әсіресе биылғы жазда Үржар ауданының Көктерек ауылында Еркежан есімді бүлдіршіннің бір жасқа толуына орай болған тұсаукесер той ерекше ұйымдастырылуымен есте қалды. Тойдың жалпы шығыны 45 миллионнан астам теңгені құрағанынан да жұрт құлағдар болғаны белгілі. Басқасын айтпағанда, сол тойда 1000 дана тегін лотерея ойнатылып, жеті бірдей «Лада Гранта» автокөлігін жергілікті тұрғындар тақымына басқан еді. Қысқасы, Үржардағы дүркіреген той тойлардың нағыз төресі болғаны анық.

 

Міне, енді сол кездегі жұрттың: «Той тойға ұлассын!» деген ізгі тілектері қабыл болған болуы керек, тағы бір ауыз толтырып айтарлықтай тойдың хабары жетіп отыр. Ұзынқұлақтың сөзіне қарағанда, алда болатын той бұрынғыдан да өзгешерек өтетін сияқты.

 

Нақтырақ айтар болсақ, биылғы 17-қазан күні Түркістан облысының Шардара қаласында бұрын-соңды болмаған той өткелі жатыр. Ол той Болат Болатұлы есімді сәбидің туған күніне және мұсылман болуы құрметіне арналмақ. Бұл тойда аса үлкен көлемде көкпар сайысы, айтулы айтыскерлер бас қосатын ақындар айтысы және эстрада жұлдыздарының гала-концерті болады деп жоспарланған. Тек көкпардың өзіндегі басты сыйлықтар – 7 «Нива» автокөліктері мен жүздеген миллион теңге ақшалай ұтыстар болатындығы алдын-ала ашық түрде хабарланып жатыр.

 

Қысқасы, елдің бәрі елеңдеулі. Әсіресе көкпар сайысы күллі Оңтүстік жұртшылығының құлағын көтеріп тұр. Осы бастан аттарын баптап, алақандарын ысқылап отырған ағайын көп.

 

Ең бастысы, жұрт назарындағы бұл той аман-есен өтсін деп тілейік. Осындай той тағы да тойға ұласа берсін!

 

(Сурет жарнамалық бейнероликтен скриншотталды).

 

Ә. СЕЙСЕНБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ