27 мың гектар жер Германия азаматына қалай беріліп кеткен?

17.08.2016
Қаралды: 1525

Жақында «Время» қоғамдық-саяси  басылымы Германия азаматының Астананың дәл іргесінде 27 мың гектар жерді иемденіп отырғанын жазды.

Қазақ қоғамы өз жерін шеттен келген шүрегейлерге бермеуді Үкіметтен талап етіп, наразылыққа шыққаны белгілі. Сәуірде басталған толқулардың соңы Мемлекет басшысының мораторий жариялауымен аяқталған-ды.

Десе де елімізде алып жер иеленушілері (латифундистер) мен олардың шетелдік қожайындары туралы деректер жасырын сақталатынын ҚР вице-премьері, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі, Жер реформасы туралы комиссияның төрағасы Асқар Мырзахметов айтқан еді.

«Время» басылымының жазуынша, 27 мың гектар аумақты қамтитын жер  2009 жылы Германия азаматына шаруаға берілген екен. Елорданың бас символы «Бәйтерек» кешенінен 200 километр жерде ғана орналасқан әлгі жердің қожайыны  Германия азаматы Роберт Шумахер болып шықты.

2016 жыл қазақстандықтар үшін алағай да бұлағай кезең болғаны әмбеге аян. Еліміздің барлық аудан, облыстарында халық Үкі­меттің жерді шетелдіктерге сату мен ұзақ мерзімге жалға беру туралы бастамасына наразылық көрсетіп, митингтерге шықты.

Жер Кодексіне енгізілген жаңа өзгеріс бойынша Қазақстанда тіркелген компанияларға тиесілі жер телімдерін жеке немесе заңды тұлғалар жекешелендіріп алуға рұқсат етілген. Ал еліміздегі кез келген компания, фирма немесе шаруа қожалықтарын шетел азаматтары бар дүние-мүлкімен қосып сатып ала алатын. Бұған ҚР заңнамаларында рұқсат берілген. Демек, кез келген шетелдік елімізге келіп, ірі немесе ұсақ компанияларға һәм оған тиесілі жер телім­деріне емін-еркін иелік ете алатын. Қазақстандықтардың наразылығын туғыз­ған да осы фактор еді.

Жоғарыдағы Астананың аумағында 27 мың гектар жерге қожалық етіп отыр­ған Германия азаматы Роберт Шумахер де дәл осындай жолмен қазақ жерінің қожа­йыны атаныпты.

Сонымен неміс лати­фун­дисі Роберт Шумахерге Ақмола облысы, Қорғалжың ауданы аумағына кіретін «Ақ құлын» ЖШС тиесілі екен.  Әуелде сэр Шумахер компания серіктесі болған. Сөйтіп жүріп Роберт Шумахер Ауыл шаруашылығына тиесілі жерлерді алғашында 10 жыл­ға, кейін 49 жылға дейін жалға алған. Артынша Аман­гелді ауылдық округіндегі жерлерді жекелешеп алған көрінеді.

Сондай-ақ еліміздегі «ҚазГерСтрой» құрылыс холдин­гінің былық-шылығына дәл осы Роберт Шумахердің қатысы бар болып шықты.  Сонымен қатар, сэр Шумахер экс-премьер-министр Серік Ахметов ісінің фигуранттарының бірі болған.

Парадокс. Халық, қарапайым қазақстандықтар Үкіметтің жерді шетелдіктерге сату туралы бастамасына наразылық көрсетіп, митинг­терге шықты. Мемлекет басшысының өзі халықтық толқу­лардан соң Жер реформасына мораторий жариялады. Үкімет оперативті түрде комиссия құрды. Ел ішінде дүмпулер орын алып жат­қанда өзге мемлекеттің азаматы Елорданың дәл ірге­сінде алып жерге қожалық етіп отыр екен.

Жер комиссиясының отырысында қарт коммунист, депутат Владислав Косарев 1 гектар жер үшін төленетін салықтың 70 теңге екенін айтқан еді. Демек, Роберт Шумахер  жыл сайын мемлекет қаржысына салық ретінде – 27 мың теңге ғана төліп отырғаны ма?

Комиссия төрағасы, вице-премьер-министр Асқар Мырзахметов елімізде өңдеу­ге жарамды 7,3 миллион гектар жер игерілмей жат­қанын, соның ішінде 1,6 миллион гектар жер егістік ал­қаптары екенін айтқан.

Сондай-ақ Жер реформасы туралы комиссияның отырысында ауыл шаруашылығы мақсатына тиесілі 21 миллион 120 мың гектар жерге кімдердің қожалық етіп отырғаны сұрал­ған болатын. Соның негізінде Премьер-Министр мен Бас  прокурорға сауал жолдап:

1. Алматы қаласында орналасқан «Протон-Инвест»  және  «Арман-N» ЖШС-лері Петропавл қаласында «Golden Graіn» агроөндірістік корпорациясы» ЖШС-ін құрып, Солтүстік Қазақстан облысында 144 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге;

2. «Жулдыз-N» ЖШС дәл осылай «Golden Graіn Group» ЖАҚ ЖШС-ін құрып (бұл екі ЖШС-нің де заңды мекен-жайы бірдей – Петропавл қаласы, Театральная көшесі, 47 екеніне назар аудару қажет), Солтүстік Қазақстан облысында 135 мың гектар жерге;

3. «Petroleum Комплект» (Алматы) және «Акмола-Би М» (Астана) ЖШС-лері «Новомарковка-Агро» ЖШС-ін құрып, олардың қызметі коммерциялық-делдалдық болса да Ақмола облысының Ерейментау ауданында 50 мың гектар жерге;

4. И.Сауэр Астана қаласында «Агроцентр-Астана» ЖШС-ін құрған. Ақмола облысының Шортанды ауданында 45,2 мың, сондай-ақ «Ялтинский-2» ЖШС, Солтүстік Қазақстан облысының Целинный ауданында 30,3 мың гектар жерге;

5. Т.Жолдыбаев «Таушық» ауыл шаруашылығы» ЖШС-ін құрып, Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында 463,4 мың гектар жерге;

6. Астана қаласында тұратын Е.Искаков «Агрофирма Аймақ» ЖШС-ін құрып, Ақмола облысының Егіндікөл ауданында 57,5 мыңға;

7. Қостанайлық А.Емель­янов «Гранд» ЖШС-ін құрып, оның қызметі тек коммерциялық деп көрсетілсе де Қостанай облысының Федоров ауданында 35 мың гектар жерге;

8. Алматы қаласынан С.Ахметов азамат Г.Фастпен бірігіп «Золотой колос» ЖШС-ін құрып, Ақмола облысының Щучье ауданында 210 мың гектар жерге иелік етіп отырған;

9. Алматы қаласынан С.Терещенко  Г.Кулагинамен (Ақмола облысы әкімінің жұбайы) бірігіп «Целина-Агро» және «Целина-Агро-2» деген екі ЖШС құрып, Ақмола облысының Егіндікөл және Еңбекшілдер ауданында жал­пы көлемі 50,4 мың жерді пайдаланып отырғандарын жария еткен.

Ал Астананың іргесінде жер иемденіп алған Роберт Шумахер 27 мың гектар жердің аумағын үлкен транш­тармен қоршап тастаған. «Құдды мемлекет территориясының ішінен шекара сызып алғандай» деп жазады Роберттің  қожалығына барып қайтқан «Время» тілшісі. Бұл дегеніңіз шекараны делимитациялау емес пе? Әдетте шетелдік инвес­тор дегенді Үкімет бізге өзгеше тәпсірлеп, жоғары жабдықталған технологиялар, қы­руар қаражат көзі деп түсіндіреді. Шын мәнінде солай ма?

Енді, Мырзахметов мырза, жауап беріңіз!  27 мың гектар жер неге ЖШС деп тіркелген? Шетел азаматы бұндай алып жерге қалай қожалық етуде? Жер қандай жолмен жекеше­леніп кеткен? Бұл туралы Үкімет неге үнсіз?

Нұргелді ӘБДІҒАНИҰЛЫ.

Abaі.kz

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ