Елордада биіктігі 200 метрге жуық ескерткіш орнатыла ма?

07.10.2019
Қаралды: 191

Астанадағы Тәуелсіздік алаңына Н. Назарбаевтың алып ескерткіші орнатылады деген әңгіме шықты. Оны тастан ескерткіштер жасайтын әйгілі мүсінші, Ресей көркемөнер академиясының президенті Зураб Церетели тұрғызбақ ниетте көрінеді.

 

Бұл туралы ғаламторда «Nuka.Lіvejournal.com» сайты жариялады. Сайт «бұл жөнінде Церетели Қазақстан үкіметімен келісті» дей келе, мүсіншінің өзі айтты деп мынадай сөздерді кел­тіреді:

 

«Менде қандай да бір ұлы көшбасшыға арналып тұрғызылатын ескерткіштің жобасы біраздан бері бар. Кезінде Венесуэла басшысы Уго Чавеске ескерткіш тұрғызуға ұсыныс жасағанмын, бірақ ол кейін қайтыс болып кетті. Фидель Кастромен де осындай жағдай болды. Кейін Мексикада Колумбқа ескерткіш тұрғызу жөнінде ойластырылды, бірақ АҚШ-та билік басына Трамп келіп, аралары нашарлаған соң Мексиканың ойы басқа жаққа бөлініп кетті. Қалай болғанда да мен ақырында жобамды қуана қабылдайтын елді таптым», – деді З.Церетели».

 

Ал сайттың жазуынша, «Нұр-Сұлтан қаласының ортасынан бой көтеретін ескерткіштің» сипаты мынадай болады екен: «Биіктігі – 193 метр. Ол аумағы 4500 шаршы метрді алып жатқан жерде салынады. Оны тіпті ғарыштан да көруге болады. Ал ондағы барельефтерде Н. Назарбаевтың өмірінен және қазақ хал­қы тарихынан оқиғалар көрсетіледі. Солтүстігінде 1991 жылғы Беловежье келісімі, батысында қазақ әліпбиін латын әрпіне көшіру жөнінде шешім шығар­ған Назарбаев, оңтүстігінде қазақ сарбаздарының жаумен шайқастағы жеңісі, шығысында «Байқоңыр» ғарыш айлағы құрылысының жүріп жатқаны бейнеленбек. Ескерткіш-кешеннің ішкі жағынан кейін қазақ көшбасшыларына арналған кесене салу жобасы да бар».

 

Бұл әңгіменің шындыққа қаншалықты жанасатыны әзірге белгісіз. Ал енді мүсінші Церетелидің өзіне келер болсақ, ол кісінің өмірге мұндай алып туындылардың талайын әкеліп жүргені рас.

 

Бұл кісінің жасы қазір 85-те. Ол – әлемдік деңгейдегі мүсінші. Осыған дейін 5 мыңнан аса түрлі көркемөнер туындыларын, мүсіндер мен ескерткіштерді өмірге әкелген. Олардың қатарында, мысалы, Мәскеудегі және Санкт-Петербургтегі 1-ші Петрге, Сочидегі Сталин, Рузвельт, Черчилль үшеуіне қойылған ескерткіштер, Нью-Йорктегі БҰҰ ғимаратының алдына қойылған ескерткіш бар.

 

Мұндай алып ескерткіштерге жұмсалатын шығын, әрине, аз болмайды. Мысалы, З. Церетелидің Мәскеуде 1-ші Петр патшаға арнап тұрғызған биіктігі 98 метр­ге, салмағы 2000 тоннаға тең ескерткішін бір кездері Санкт-Петербургке сыйға тарту жөнінде бастама көтерілген екен, бірақ тасымалға 1 миллиард рубльден аса қаржы қажет болатыны есептелгесін жұрттың ол ойдан бас тартуына тура келген.

 

Ал Церетелидің Америка құрлығы ашылуының 500 жылдығына арнап Хрис­тофор Колумбқа жасаған биіктігі 126 метр болатын ескерткішін АҚШ қабылдамай, ол ақырында Пуэрто-Рикоға орнатылған. Оны бұл елге апарып, орнатудың өзіне ғана 40 миллион доллардан аса қаржы шығындалған екен.

 

Бұл алып ескерткіштің жасалуына да аз қаржы кетпегені анық. Өйткені ондай ескерткішті жалғыз адам жасай алмайды. Мүсіншінің қажетті заттар алу үшін жұмсайтын шығыны, жалдаған адамдарына төлейтін ақысы да қыруар қаржыны құраса керек. Әрине, айлар, жылдар бойы жасалған мұндай туындының ешкімге де тегінге беріле салмайтыны бесенеден белгілі.

 

Жалпы, мұндай орасан биік ескерт­кіштердің көбі негізінен Оңтүстік-шығыс Азия елдерінде кездеседі. Буддаға арнап тұрғызылған олардың әрқайсысының биіктіктері бірнеше ондаған метрге жетеді. Ең үлкенінің биіктігі 129 метрге тең.

 

Ал әлемдегі ескерткіштердің ең биігі – 2018 жылы Үндістанның Гуджарат штатында бой көтерген «Бірлік» ескерт­кіші. Оның тұғырымен қос­қандағы биіктігі – 240 метр.

 

Осы орайда кейбір жалпы жұртқа белгілі ескерткіштердің биіктігі жөнінде айта кетер болсақ, ол мынадай: Нью-Йорктегі 1886 жылы орнатылған «Бостандық» ескерткішінің биіктігі – 93 метр. «Күн көсем» В.Ленинге 1937 жылы Дубнода қойылған, қазірге дейін тұрған ескерткіштің биіктігі – 37 метр, 1973 жылы Волгоградта қойылған ескерткіштің биіктігі – 57 метр. 1967 жылы Волго­градта Сталинград шайқасына арнап бой көтерген «Отан-Ана шақырады» монумен­тінің биіктігі – 87 метр. 1981 жылы Киевте орнатылған «Отан-Ана» ескерткішінің биіктігі – 102 метр.

 

Ал Польшада 2010 жылы Йисус пайғамбарға арнап әлемдегі ең биік ескерткіш орнатылыпты. Оның биіктігі 52 метрге тең.

 

З. Церетелидің Ресейге арнап жасаған Йисус ескерткіші орнатылар болса, ол Польшадағыдан да биік болмақ. Ол Йисус пайғамбарға 47 метрлік тұғырымен қоса есептегенде 80 метр болатын ескерткіш жасаған. Оны Санкт-Петербургке, Нева жағалауына орнатқызбақ болған. Бірақ жұртшылық қарсылық білдір­гендіктен әрі қаржылық мәселелер шешілмегендіктен ол  бүгінде сәулетшінің шеберханасында жиналмаған қалпында, яғни «дене мүшелері» бөлек-бөлек күйінде сақтаулы тұр.

 

...Ұзын сөздің қысқасы, егер келісіліп, ақысы төленер болса, биіктігі 200 метрге жететін алып ескерткіш тұрғыза алатын мүсіншілер жоқ емес. Ал өзіне мұндай ескерткіш қойылуын қалайтын адамдар бар ма екен?..

 

Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ