Руслан Жанпейісов министрлікпен соттаспақ

07.10.2019
Қаралды: 41

Өткен аптада жұртты елеңдеткен оқиғаның бірі шымкенттік блогер, азаматтық белсенді Руслан Жанпейі­совтің құқық қорғау орындарымен арадағы дауы болды.

 

Ол жалғасын табатын сияқты, өйткені сол оқиғадан кейін Р. Жанпейісов пен оның адвокаты арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, Ішкі істер министрлігімен соттаспақ ойы барын білдірді.

 

Жалпы, полицейлер тарапынан орын алған келеңсіздіктер мен заң бұзушылықтарды белсенді түрде әшкерелеп жүретін Р. Жанпе­йісов – көпке танымал жан. Өйткені ол өзінің полицейлерге қатысты түсірген видеожазбаларын үнемі әлеуметтік желіде жариялап тұрады.

 

Ал таяуда Р. Жанпейісовтің өзінің заң бұзғаны туралы  жарияланды. Ресми таратылған мәліметте оның үстінен шымкенттік бір азаматтың әл-Фараби аудандық полициясына «дене жарақатын салды» деп шағымданғаны туралы айтылды. Полиция өкілдері сондай-ақ «бұзақылық», «денеге қасақана орта дәрежедегі зақым келтіру» және оған қоса «билік өкілін қорлау» баптары бойынша істер қозғалғаны, Р.Жанпейісовтің қамауға алынғаны туралы мәлімдеді.

 

Ал Р. Жанпейісов уақытша оқшаулау абақтысында екі күн отырғасын босатылды. Прокуратура оның босатылуын аты-жөнінің, тұрғылықты жерінің белгілі екендігімен және оның қашып кету ойы жоқтығымен түсіндірді. Қылмыс құрамы болмағандықтан істен «бұзақылық жасады» деген күдік алынып тасталған. Р. Жанпейісовке бүгінде «денеге қасақана орта дәрежедегі зақым келтіру», «билік өкілін қорлау» баптары бо­йынша күдік тағылып отыр.

 

Кешегі сейсенбіде өткізілген арнайы баспасөз мәслихатында Р. Жанпейісовтің Ішкі істер министрлігінің үстінен арыз түсірмек ниеті белгілі болды. Адвокаты Закир Асадовтың айтуынша, Ішкі істер министрлігі Р. Жанпейісовтің  бұрын сотты болғаны туралы жариялаған, бірақ оның соттылығы осыдан бір жыл бұрын жойылған екен. Яғни Р. Жанпейісов қазір сотталмаған адам болып есептеледі.

 

Оған қоса Р. Жанпейісов өзін тұтқындау кезінде түсірілген бейнежазбаның әлеуметтік желіде жариялануына орай полицейлерді кінәлап отыр. «Видеоның әлеуметтік желіде жариялануы менің беделімді түсіру мақсатында жасалды. Абыройым мен іскерлік беделімді қорғау жөнінде Ішкі істер министрлігінің үстінен сотқа шағымданамыз», – дейді ол.

 

Ал өзіне қатысты қозғалған қылмыстық іске байланысты ол: «Мен тек өзімді қорғап қалуға тырыстым», – деп айтты.

 

Қысқасы, блогер, қоғам белсендісі Руслан Жанпейісовке қатысты істің соңы немен аяқталары алдағы күндері белгілі болмақ.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ