Ұрлық, бұзақылық, зорлау көбейген...

07.10.2019
Қаралды: 30

Шымкент қаласының заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесі мәжілісінің кезекті отырысы болып өтті.

 

Онда қылмыспен күресу жұмыстарының жағдайына талдау және құқық бұзушылық профилактикасына тексеріс нәтижелері қаралды.

 

Жиынды ашқан қала прокуроры Шымкенттегі  қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу және болдырмау мәселесіне назар аударды. Жас балалардың жыныстық тиіспеушілігіне қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтарды тергейтін арнайы топ және ондай құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында әр ауданда мобильдік топтар құрылғаны аталды. Сонымен қатар, прокуратура мен әкімдіктің бірлескен «Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» пилоттық жобасының аясында 4 аудан әкімдіктерінде «Аутрич» бөлімі ашылып, қысқа мерзімнің ішінде 3500 отбасыға нақты көмек көрсетілгені айтылды.

 

Биылғы 8 айда қылмыс 12 пайызға төмендегенімен, олардың кейбір түрлері өскен. Мал ұрлығы 11 пайызға және ұялы телефондарды ұрлау 12 пайызға, бұзақылық 12 пайызға, зорлау 5 пайызға өскеннен кейін прокуратура тексеру жұмыстарын жүр­гізді. Оның нәтижесі полиция депар­таменті мен әкімдік тарапынан профилактикалық жұмыстарға салғырт қарау орын алғанын көрсетті. Есептік көрсеткішті жасанды кеміту­мен айналысқан полиция қызмет­керлерінің әрекеті нәтижесінде қоғамдық орындарда жасалған құқық бұзушылықтар саны 5,2 па­йыз төмендеген болып тұр. Ал негізінде 300 қылмыс бұрмаланған, мұндай қылмыстар 2 пайызға өскен. Мысалы, қаладағы «Индира» азық-түлік дүкенінде орын алған қылмысты Қылмыстық Кодекстің 293-бабының 1-бөлігімен (бұзақылық) тірке­ген, қоғамдық орын­ға жататына қарамастан, оны тіркеу дерекқорға «қызмет атқармайтын қоғамдық орын» деген жалған мәлімет енгі­зілген.

 

Жедел-іздестіру қызметкерлері 1426 істің ашылуына ықпал жасағаны күмән тудырып, тексерудің нәтижесі 247 қылмыстың жедел-іздестіру қызметкерлерінің көмегінсіз ашыл­ғаны анықталып, полиция қызметкерлерінің көзбояушылықпен айналысқанын көрсетті.

 

«Шымкент қаласындағы құқық бұзушылық профилактикасының 2017-2019 жылдарға арналған кешенді жоспарына» сәйкес, қала аулалары 2017 жылы 80 пайыз, 2018 жылы – 90, ал 2019 жылы толық жарықпен және бейнекамералармен қамтамасыз етілуі қажет болатын. Алайда прокурорлардың қала аумағын жаяу аралауы нәтижесінде жоспардың бұл тармақтары толық орындалмағаны анықталды.

 

Дәл осылай, қоғамдық көліктердегі орын алатын ұрлықты тежеу мақсатында орнатылатын бейнекамералардың жабдықталуы да орындаусыз қалған. Профилактикалық іс-шаралардың сапасыздығынан қала аумағында атыс қаруын қолданумен жасалған қылмыстар саны 8,9 пайызға және олардың қоғамдық орындардағы көрінісі 18,5 пайызға өскен.

 

Осыған байланысты Мақсат Қожабаев мәжіліске қатысушылардың назарын әрбір оқиғаның артында азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуы тұрғанын атап өтіп, барлық басшылар тарапынан ве­домстволық бақылауды күшейтуге, қылмыстың алдын алуға және ашуға бағытталған барлық заңды іс-шараларды толық түрде атқаруға шақырды. Кеңес қорытындысымен бірқатар нақты ұсыныстар әзірленді.

 

Шымкент қаласының прокуратурасы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ