Мемлекет жалғызбасты әйелдердің де жайын ойласа екен

02.10.2019
Қаралды: 111

Кейінгі бір жылдың шамасында әлеуметтік көмек, баспана сұрап басшылардың мазасын алып жүрген әйел көп. Мұның мемлекеттегі үлкен проблемалардың бірі екені көрініп тұр.

 

Айқайлап көмек сұраушылардың жайы бір бөлек, бүгінде арамызда кімге шағынарын білмей, іштен тынып, құса болып жүрген әйелдер де баршылық екен. Таяуда сондай жандардың бірімен әңгімелескен едік.

 

«Күйеуіммен дәм-тұз жараспай, ілгеріректе ажырасып кеткен едік, – дейді шымкенттік әйел. – Қызымды жалғыз өсірдім. Обалы не керек, жағдайы бар кезде әкесі жәрдемдесіп тұратын, кейінгі 7 айда жұмыссыз қалып, қол ұшын бере алмады.

 

Жеке басымда үйім жоқ. Қалада жер теліміне кезекке тұрған едім, осыдан оншақты жыл бұрын жер беруге мораторий жарияланды да, кезек сол күйі жайына қалды. Бүгінде 50 мың теңгеге пәтер жалдап тұрамыз.

 

Қызым бойжеткен, жоғары оқу орнында оқитын еді, оның ақысын да төлей алмай отырмыз. Өзімнің тұрақты жұмысым жоқ, жалданып істеген жұмыстан түскен табыспен күн көрудеміз.

 

Өткенде мемлекет тарапынан берілетін үй кезегіне тұрмаққа әрекет жасаған едім, «жалғызбасты ана санатына жатпайсыз, қызыңыздың жасы 18-ден асып кеткен» деп құжаттарымды қабылдамады.

 

Осыдан бірер жыл бұрын да қалада үй кезегіне тұрмақ болғанмын, ол кезде де кезекке алмаған. Ол кезде мен жеке кәсіппен айналысатынмын. «ИП»-сы барларды  кезекке қоймаймыз» деді. Кейін жұмысым тоқтап қалып, жеке кәсіпкерлікті жауып тастағанмын.

 

Қысқасы, жалғызбасты ана, тұрмысы төмен отбасы ретінде мен ешқандай санатқа ілікпей қалдым.

 

Содан әрекеттеніп, несие алғанмын. Сауда жасамақ едім, тұратын жердің жал ақысы қымбат, сауда жүрмей, ол да тоқтады. Кейін тағы да несие алуға мәжбүр болдым. Қазір бір басымда төрт несие бар. Үш айдан бері несие өтемін тауып бере алмай жүрмін.

 

Өткенде несие жүктемесі көп адамдарға жеңілдік жасап, 300 мың теңге қарызы кешіріледі екен дегесін соған ілігетін шығармын деп үміттеніп едім, ол да болмады. Сөйтіп, «шықпа, жаным, шықпамен» ілдебайлап тіршілік кешіп жүрген жайым бар...»

 

Осылай деген ана қыстығып, көзіне жас алып қалды. «Ешкімге керек емес адамдай көңілім құлазып, қиналатын сәттерім көп. Бірақ қарап отыр­ған жоқпын, әрекет жасап, қызым екеуміз әйтеуір күнелтудеміз.

 

Қызым бойжетті, өз алдына отбасы құратын жаста. Теңін тап­қан кезде жолына тұра алмаймын ғой. Өмір заңы – қызым да шаңырақ құрады. Сол кезде мен қайда барармын? Осыны ойласам уайымнан түн ұйқым төрт бөлінеді.

 

Осыдан біраз бұрын өзімнің ертеңгі күнімді ойлап, жетімдер үйінен бала асырап алмақ та бол­ғанмын. Бірақ «күйеуің жоқ, үйің жоқ» деп маған асырап алуға бала бермеді.

 

Енді мен не істеймін? Қайда барып, кімге шағынамын? Кім маған қол ұшын береді? Мемлекет біз сияқтылардың да жайын ойластырып, көмек көрсетсе екен. Неге, мысалы, біз сияқтыларды өз алдына жеке кезекке тұрғызбайды?» – дейді ол.

 

Айтуынша, бүгінде Шымкентте өзі сияқты бір бала, екі баламен, тіпті үш-төрт баласымен пәтер жалдап жүрген әйелдер аз емес екен. Бірінің күйеуі қайтыс болған, енді бірі ажырасқан олардың бір Құдайдың мейірімі мен өз күшіне сенуден басқа шарасы жоқ.

 

...Иә, түсінген жанға бұл бір үлкен проблема екен. Орта жасқа келген, ертеңгі тағдырын ойлап, уайым шегіп жүрген мұндай жандарға мемлекет тарапынан қандай да бір жәрдем керек-ақ. Осыны ерте бастан ойластырып қойған дұрыс сияқты. Себебі бүгінде жаңадан отау құрған жастар арасында да ажырасушылар көп, олар да жетім-жесірлер қатарын толықтыруда. Алдағы уақыттарда сондай жандардың ахуалы күрделі мемлекеттік проблемаға айналып кетпеуі үшін ертерек қам жасау керек деп ойлаймыз.

 

Мемлекет, жергілікті басшылықтағылар жалғызбасты әйелдердің жағдайына тереңірек мән беріп қараса екен. Әсіресе осы мақала кейіпкері сияқты ешқандай да әлеуметтік санатқа енгізілмей қалған жандардың жанайқайын естісе дейміз. Оларға мемлекет тарапынан қандай да бір көмек көрсетіліп, жеңілдіктер жасалуы керек қой.

 

Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ