1700 нысанды иемденіп ала берген, ала берген

02.10.2019
Қаралды: 191

Ресейде таңқаларлық қылмыс ашылды. Кезінде Мәскеу түбіндегі Клин аудандық әкімшілігінің басшысы болып істеген Александр Пос­тригань деген азаматтың жалпы сомасы 9 миллиард рубль қаржыға тең мүліктерді жеке меншігіне иемденіп алғаны белгілі болды.

 

А.Постригань Клин ауданын 22 жыл бойы басқарған екен. Кейін ол тағы да 3 жыл депутат болған. Осы 25 жыл ішінде отбасын байыту үшін қыруар тірліктер атқарып тастапты.

 

Ол 2018 жылы маусым айында шетелге қашпақ болған кезінде әуежайда ұсталған. Содан бергі тергеп-тексеру жұмыстарының нәтижесі енді жарияланып отыр. Постриганьның заңсыз иемденген мүліктерін тізіп оқып шығу судьяға оңай болмапты. Оған 10 сағаттан аса уақыт кеткен.

 

Ал бұл азамат иемденген жылжымайтын мүліктердің қатарында балалар емханасы, екі балабақша, қалалық монша, аурухана, кинотеатр, қайық станциясы, қалалық сауда орталығы, бірнеше қазандық, базар, тарихи-мәдени нысан, зауыт кешендері, демалыс базалары, үй салуға арналған жер телімдері, орман қорының жерлері, бірнеше автокөлік,  Сочи қаласындағы мейманхана, Астраханьдағы демалыс базасы, тағы басқа ірілі-ұсақты нысандар бар. Бүгінде олардың 1700-і сот шешімімен мемлекет меншігіне қайтарылған.

 

Постригань әулеті сондай-ақ Чехияның Карловы Вары шипажайындағы құны 9,4 миллион евроға тең қонақүй мен Словениядағы құны 8,5 миллион евроға тең спа-курортқа да иелік ететін көрінеді.

 

...Жалпы, Ресейдегі жемқорлардың «тәбеті» расында да таңқаларлық. Осының алдында полицияның жоғары шенді бір офицерінен 8,5 миллиард рубль мен 14 пәтер тәркіленгені айтылған болатын. Сондай-ақ федералдық қауіпсіздік қызметінің бір офицері 12 миллиард рубльге тең байлық жымқыр­ғаны, Мәскеу түбіндегі Серпухов ауданы басшысының 10 миллиард рубль мен 22 автокөлік иеленгені туралы да деректер жарияланған еді.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ