Кореяда ем алғысы келетіндерге көмектеседі

02.10.2019
Қаралды: 96

Бүгінде дертіне шипа іздеген қазақстандықтардың көбі бергісі Өзбекстанға, арғысы Үндістан, Корея елдеріне барып ем алып жат­қаны жасырын емес.

 

Оңтүстік Кореяға шетелдіктерге сапалы медициналық қызмет алуға көмектесетін Гүлнұр Пасат (Төлеева) есімді келіншек бар. Ол Сеул қаласында 2013 жылдан бері тұрып келеді. Мамандығы бойынша гигиенист-эпидемиолог дәрігер медициналық туризммен айналысатын компания ашқан. Қазақстан мен Ресейден келген адамдарды әуежайдан күтіп алғасын тиісті клиникаға апарып, тексерілу, дәрігерлік кеңес алу, емделу барысында жанында жүреді. Ем алып болған соң өздері шығарып та салады.

 

«Алматыдағы С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетін бітіргеннен кейін елде біраз жұмыс істедім де, 2013 жылы Кореяға оқуға келдім. Мұнда бір жылдай тіл үйренген соң Кореядағы бір клиникаға жұмысқа тұрдым. Көп ұзамай корея­лық медициналық туризм компаниясы мені өздеріне шақырып, сонда біраз қызмет еттім. Бес жылдан астам уақыт болды, осында өз компаниямды ашып, адамдарға қолдау көрсетіп жүрміз.

 

Еліміз азаматтары Кореяға емделуге келетін он мемлекеттің ішіне кіреді. Бұл Қазақстаннан келушілердің саны жоғары деген сөз. Әлеуметтік желі ар­қылы хабарласып, кеңес, көмек сұрап жататындар жетерлік. Адамдардың Кореяға келуінің себебі де сол, мұнда қызмет көрсету мен медицинаның сапасы жоғары. Медициналық аппараттары дәл диагностика жасайды және  білікті мамандар өте көп. Клиниканың әр бұрышында қан қысымын өлшейтін аппараттар, су, шырын, йогурттар тұрады. Мұнда тегін сусындарды келген адам қалағанша алып, ішуіне болады. Ота кезінде адамға көмектесетін роботтар да бар. Сондай-ақ Қазақстанда, Ресейде жасай алмайтын оталарды осында жасатып, дертінен айығып кетіп жатқандар да бар. Қазақстанда басқа диагноз қойып, мұнда басқа диагноз анықтал­ған жағдайлар да болды», – дейді ол.

 

Гүлнұр бұл елде медициналық мамандардың біліктілігінің бір себебі ретінде олардың жоғары оқу орнын бітірген соң бірден дәрігерлік қызмет атқаруына мүм­кіндіктің жоқтығы деп біледі. Бітірушілер алдымен дәрігердің көмекшісі болып, біраз тәжірибе жинақтаған соң ғана жұмысқа тұрады екен.

 

«Содан соң бұл елде бір адам оң нәтижелі жаңалық ашар болса, ол дереу-ақ барлық клиникаларға енгізіліп, жүзеге асады. Мұнда студенттерді бірінші курстан бастап-ақ ғылыми жаңалықтар ашуға баулиды. Сондықтан студенттердің көпшілігі «жаңа бірдеңе ойлап тапсам екен» деген оймен жүреді», – дейді Гүлнұр.

 

Шетелдік азаматтар Кореяға жүрек, ас қорыту жолы секілді ішкі ағза және ортопедия, буын ауруларына, қан тамырлары мен онкологиялық ауруларға шипа іздеп келеді екен. Себебі диагностикасы мен емі бойынша аталған мемлекет алдыңғы орында тұрған көрінеді.

 

«Одан кейін мұрын, ерінді түзетіп, плас­тикалық хирургияға жүгінгісі келетіндер көп келеді. Рак ауруының соңғы сатысына жеткен, дәрігерлер емдеуден бас тарт­қан, осы жақтан ем алып, өмірлерін 3-5 жыл­ға ұзартып жатқандар да жоқ емес. Ол да болса адамға үлкен үміт. Мұнда келіп емделемін дейтіндер медициналық тексеруден өткен барлық қағаздарын бізге жіберсе, мен оны клиникаларға, профессорларға көрсетемін. Олар оны оқып, танысқан соң емдейтін-емдемейтіндерін, қандай тексеруден өту керектігін, Кореяда қанша уақыт болуы тиіс екенін, емделу бағасын айтады. Мен оны пациенттерге жіберемін, келіскен жандар емделуге келеді», – дейді ол.

 

Гүлнұрдан Кореядағы медициналық қызметтің бағасын да сұрадық. Ол әр қызметтің құны әр түрлі екендігін, кешенді тексеруден өту 400 доллардан басталатынын жеткізді.

 

Бұл арқылы біз шетел медицинасын насихаттап отырған жоқпыз. Дегенмен еліміздегі қызмет көрсетулердің төмендігі мен тәжірибелі мамандардың аздығы секілді жайлар ойландыратыны рас.

 

М. ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ