Жүрегіңіз жөнінде не білесіз?

02.10.2019
Қаралды: 99

Таяуда бір бас қосуда қыркүйек айында Бүкіләлемдік жүрек күні аталып өтетіні туралы естідік. Ол осыдан тура 20 жыл бұрын, 1999 жылы қыркүйек айында бекітіліпті.

 

Жарнамалық құлақтандыру мақсатында «Жүрек – өмір үшін!» деген ұран қабылданыпты. Мақсат – адамдарға өз жүрегіне назар аудартып, оны қорғай білуге үндеу.  Бұл бізді ойландырды, сосын оқырман назарына жүрек жөнінде танымдық мақала ұсынуды ұйғардық.

 

65 жылда 6 миллион литрге жуық қан айдайды

 

Жүрек бәрімізде бар. Бірақ ол туралы ойлана бермейміз. Ендеше, біле жүрейік:

 

- Адамда жүрек құрсақта пайда болған шарана кезінің үшінші-төртінші аптасы аралығында-ақ соға бастайды екен. Ол кезде жүрек минутына 105 – 120 мәрте соғады.

 

- Ересек адамда жүрек қалыпты жағдайда минутына орта есеппен 70-72 мәрте соғады. Жаттығу кезінде, ауыр жүк көтеріп, ентіккенде минутына 200 мәртеге дейін, жалпы, орташа ал­ғанда, 65 жылда 2 миллиард 500 миллион мәрте соғатыны есептеліпті. Осы аралықта ол 5,7 миллион литр қан айдайды екен.

 

- Еркектің жүрегі әйелдікінен біршама үлкен. Ол 310 грамм тартады, ал әйел жүрегінің салмағы – 240 грамм. Еркектің жүрегі орташа алғанда минутына 70-72 мәрте соқса, әйелдікі одан жиірек, минутына 78 мәрте соғады.

 

- Қан айналымын жүрек өзіндегі 4 құлақшаның ашылып-жабылуы арқылы іске асырып отырады. Жүрек дүрсілі клапан жабылған кезде естіледі. Яғни ол алып насос сияқты, минутына 4-5 литр қанды ағзаның бүкіл ұлпа, тіндеріне, жасушаларына дейін жеткізеді. Сол арқылы ағза біздің өмірімізге қажетті оттегімен, витамин, элементтермен қанығады.

 

- Жүрек өзінің соғысы арқылы біздің күнделікті іс-әрекетімізге қажет қыруар қуат түзеді. Ол, мысалы, 65 жылда Жерден Айға дейін барып қайтуға жеткілікті болатын қуат түзеді екен.

 

- Ол кей-кейде, өзінің жиырылулары арасында уақытша «тыныстап» та алады. Оның бұлайша тоқтауы жиып келгенде адам өмірінің 20 жылға жуық уақытын қамтиды екен.

 

- Ұзақ уақыт бірге өмір сүрген жұптардың жүрегі бірте-бірте теңесіп, бір ырғақта соға бастайды, тыныс алуы да бірдей болады. Бұған ғалымдар түрлі зерттеулер арқылы көз жеткізіпті.

 

 - Жүрек ағзадан бөлек те біраз уақытқа дейін соға алады. Өйткені оның жиырылып-созылуы басқа органдардағы сияқты мидың қатысумен реттелмейді. Оның өзіндік электрлік импульсі бар. Ол өзіндегі қуат пен оттегі таусылғанша соғып тұра береді.

 

- Жүректің алғашқы трансплантациясы, яғни науқастың жарамсыз жүрегін алып тастап, оның орнына донор жүрегін салу тұңғыш рет 1967 жылы жасалған. Бірақ ол кезде пациент 18 күн ғана өмір сүрген. Соған қарамастан ол сәтті жасал­ған операция саналады.

 

- Еркектерде атсыз саусақ (4-ші, неке жүзігін тағатын саусақ, қазақта оны «шылдыр шүмек» деп атайды) пен жүректің өзара байланысы бар. Мұндай саусағы ұзын адамда жүрек талмасына ұшырау қаупі жоқ есебі көрінеді. Бұған көз жеткізіліпті, бірақ неліктен олай екенін ғалымдар әзірге түсіндіре алмайды.

 

- Күліп, көңілді жүргеннің жүрекке пайдасы көп. Адам шын жүрегімен күлген кезде қан ағысы артады, ол жүрек бұлшық еті үшін пайдалы.

 

- Жүрек ұстамасының басым көпшілігі таңғы сағат 6-7-нің аралығында болып тұрады. Инфаркт көбіне дүйсенбі күні орын алады.

 

- Зерттеушілердің пайымынша, жүрек ауруларының адамдардың қан тобына да қатысы бар. Мысалы қаны АВ (ІV) тобына жататындардың арасында жүрек ауруларына ұшырау қаупі жиірек кездесетін көрінеді.

 

- Иек, тіс ауруы барларда да жүрек ауруына ұшырау қаупі 50 пайызға дейін артады.

 

- Ағзада қанның баяу айналуы жүрек-қан тамырлары ауруларына соқтырады. Өйткені ол артерияның бұғатталуына, онда холестерин жинақталуына себепкер.

 

Жүрегіңізді жүдетпеңіз!

 

Медицина мамандарының есебінше, әлемде жүрек ауруларынан жыл сайын 15 миллион адам жан тапсырады екен. Ал жүректің әлсіреп, дертке шалдығуына әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар мен ағза тіршілік әрекетінің ерекшеліктері, сондай-ақ кейбір сыртқы факторлар әсер етеді. Үнемі стресте, депрессияда жүру, түрлі психикалық-эмоциялық салмақтар жүрекке аса жайсыз әсер етеді. Алкоголь мен темекі де жүректің жауы. Созылмалы аурулар, семіздік те жүрекке көп салмақ түсіреді.

 

Жүрек аурулары көп жағдайда білдірмей дамиды. Сосын адам көкірегінің сол жақ тұсынан ауырсыну сезінеді, тыныс алуы бұзылып, басы айналады, әлсірейді, беті ұйып, жансыздануы, адам кейде өзінің қозғалысын басқара алмай, құлап қалуы, естен тануы да мүмкін. Тамырлары бүлініп, қан айналымы нашарласа, онда терісі сұрланып кетеді. Ал тері көгеріңкі рең бере бастаса, онда бұл ауыр жағдайдың белгісі.

 

Жүрек ауруларының түрі өте көп: жүректің ишемиялық дерті, аритмия, жүрек талмасы, миокард (жүрек бұлшық еті) аурулары, перикардит, кардиосклероз, гипертония, ревматизм, жүрек жетімсіздігі, қан айналымының жетіспеушілігі, тағысын-тағы, жал­ғасып кете береді.

 

Жүрек қалыпты жұмыс істеп тұрса, адам өзін жайлы сезінеді. Ал онда, жүрек-қан тамырлары жүйесінде кінәрат пайда болса, ол ми мен көздің, құлақтың, ішкі ағза мүшелері жұмысының бұзылуына әсер етеді.

 

Ал жүрекке жайлы жағдай жасау үшін бірінші кезекте оған жайсыз әсер беретін зиянды әдеттерден (алкоголь мен темекі тұтыну, тағы басқа) бойды аулақ ұстау керек. Өйткені олар жүрекке артық салмақ түсіреді.

 

Жүректің жағдайы жақсы болуы үшін уақтылы тынығу, дұрыс тамақтану керек. Ұйқының тыныш, толыққанды болғаны маңызды. Тамырларда кальций шөгіп қалмасы үшін құрамында С витамині бар азықтар, апельсин, лимон, сәбіз шырындары, итмұрын тұнбасының суын ішіп тұрған дұрыс. Күніне екі алма жеп тұру атеросклероз бен миокард инфарктінің алдын-алуда пайдалы. Күніне бір түйірдей сарымсақ жеп тұрсаңыз, ол холестеринді азайтады, сол арқылы тамырда қақ тұруын болдырмайды. Тұзды тағамдарға әуес болмаңыз, өйткені артық тұз ағзада суды ұстап қалады, сол арқылы қан қысымының көтерілуіне жол ашады.

 

Жүрек мығым болуы үшін үнемі қимыл-қозғалыста болу маңызды. Көбінесе жаяу жүрген пайдалы, дене шынықтырумен айналысу керек. Дегенмен дене шынықтыру ағзаға тым артық салмақ түсірмегені дұрыс. Күштік жаттығуларды жеңілінен бастап, біртіндеп жоғарылатуға болады. Сонда да жүрекке артық салмақ түспеуін қадағалаған абзал.

 

Сондай-ақ қажеттілікке қарай биологиялық белсенді қоспаларды пайдаланып тұру керек. Ерінбей, белгіленген уақытта дәрігерге көрініп, тексеріліп тұрған – жақсы әдет.

 

Оны алмастыруға бола ма?

 

Бүгінде жүрек ауруларын емдеудің көптеген тәсілдері бар. Медицина дамыған соң дімкәс жүректі операция арқылы күшейту тәсілдері де пайда болды. Олардың өзі бірнешеу.

 

Мысалы, «жасанды жүрек», коронография, коронарлық және баллондық ангиопластика, аортокоронарлық шунттау деген, ағзаға, тамырға жүрекке өз жұмысын жүргізуге көмек беретін құрылғылар енгізу, жүрек құлақшаларын қалпына келтіру сияқ­ты операциялық тәсілдерді бүгінде біздің елімізде де сәтті жасай береді.

 

Бұдан бөлек, медицина жарамсыздыққа ұшыраған жүректі трансплантология тәсілімен алмастыруға да қауқарлы. Дегенмен бұған қол жеткізу үшін медицинаның біраз сатылардан өтуіне тура келген.

 

Ғалымдар жүрегі жарамсыздыққа ұшыраған адамға алғашқыда шимпанзенің жүрегін салып көріпті. Пациент бір жарым жыл өмір сүрген.  Жалпы, жасанды жүрек салу мен жануарлар жүрегін салу ойдағыдай нәтиже бермегендіктен кейін адамға адамның жүрегін салу ойластырылған. Ал адамға адамның жүрегін салу 1967 жылы алғаш рет іске асқан. Сол кезде автокөлік апатынан қаза болған 25 жастағы қыздың жүрегін 55 жастағы науқасқа салған. Операция сәтті аяқталыпты. Бірақ пациент арада 18 күннен кейін өкпе қабынуынан қайтыс болған.

 

Қазіргі операциялар пациентке 10 жылдан аса уақытқа дейін өмір сүруге мүмкіндік береді. Негізгі проблема – иммундық жүйенің бөтен органды шеттетуі, қабылдамауы. Дегенмен бұл салада өзіндік рекордтар да жоқ емес. Мысалы, жүрегі алмастырылған Тони Хьюзман деген азамат 30 жыл өмір сүріпті. Кейін ол тері обырынан өлген.

 

Кей жағдайларда жүректі қайтадан алмастыруға да болады екен. Мәселен, әйгілі миллиардер Дэвид Рокфеллерге қажетті жүрек жеті мәрте жаңартып салыныпты. Ол 2017 жылы, 102 жасында қайтыс болған.

 

Жүрек трансплантациясы өте қымбат тұрады. Түрлі жағдайларға қарай 70 мыңнан 500 мың долларға дейін барады. Қажетті жүрек табу да оңай емес. Донорға көбіне жол апатынан, инсульттен кейін комаға түскен, миы өлді деп саналған адам таңдалынады. Онда да оған марқұмның туыстарының немесе өзінің тірі кезіндегі келісімі керек. (Бүгінде донорлық орган негізінен қаза тапқан адамдардан немесе науқастың тірі туысынан алынады). Оның үстіне донор мен пациент жүрегі бір-біріне сәйкес келуі тиіс. Ал донор жүрегінің сақталу мерзімі 6 сағаттан аспайды.

 

...Қысқасы, жүрегіңізге қамқор болыңыз. Оған жайсыз әсер ететін нәрселерден бойды аулақ ұстауға тырысыңыз. Өйткені жүрек – адамның тіршілік әрекеті үшін ең маңызды орган. Оны жүдетпеңіз!

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ