«Оралман» ба, «қандас» па?

01.10.2019
Қаралды: 212

Таяуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Twіtter» әлеу­меттік желісін­дегі парақшасында тарихи отанына келген қазақтарға «оралман» атауы­нан гөрі «қандас» деген ұғымның жарасымдырақ болатыны туралы жазған болатын.

 

Десе де мұны барлығы бірдей қолдамады. Солардың қатарында Алматы қаласының тұрғыны Әйіп Рәшитұлы да (суретте) бар. Ауыл шаруашылығы ғылымы мен білімінің маманы, биология ғылымдарының докторы Әйіп мырза онсыз да қалай болса солай қазақшаланған ғы­лыми терминдерден шатасып біткенін айтады.

 

«Тіл кез келген ұлттың болмысын анықтайтын маңызды  қатынас құралы болғандықтан оның дәрежесі мен байлығына әрбір саналы азаматтың бейжай қарай алмайтындығы анық. Мен де кезінде тіл мәселесі бойынша баспа бетінде өз ойларымды жазып жүретінмін. Алайда оған назар аударған ешкім болмаған соң жазуды доғарған едім. Қазір әлеуметтік желі деген заманауи қатынас құралы пайда болып, адамдар тікелей пікір алмаса алатын мүмкіндік туған заманда үнсіз отыра алмайтын болдым. Тілімізде әбден орнығып қалған терминдердің жаңа баламалары туып, сол туралы  пікірлерді оқығанда мен де тіл жанашыры ретінде үн қатуды жөн санаймын.

 

Ес білгелі «туған күн» деп үйренген  атаудың орнына «туылған күн» деп, «класс»  атауы «сынып» болып өзгергені секілді  тілде түрлі жаңалықтар  қаптап кетті. «Сорт» деген атауды «сұрып» деп ақылға сыймайтын терминге ауыстырып жүр. Білген адамға «өсімдіктің сорты» деген де әбден қалыптасқан термин,  «сұрып» деген сұрыптау дегеннен  жасалған  қажеті жоқ  жасанды сөз.

 

Бүгінде бір қазақ бір қазақты түсінбейтін дәрежеге жетіп қалдық. Өз басымда диссертациялық жұмыс­тардың қазақша аңдатпасын түсіну үшін ағылшын мәтінін қараған кездер де болды. Әрине, қазақша баламалар тауып, жаңа сөздер жасай беруге болады, алайда тілімізді күрделендіріп, қиындата бергеннен ештеңе ұтпаймыз», – дейді ол.

 

Сондай-ақ ол өз сөзінде «оралман» сөзінің қате емес екендігіне де назар аударды. 

 

«Енді шет елдерден атамекеніне оралған бауырларымызға қолданылып жүрген «оралман» деп әбден үйреншікті болған  атауды «қандас» деп атайық деген пікір пайда болды. Себебі «оралман» деген кемсітетін сөз екен. Германия мен Ресейде Қазақстаннан көшіп келген азаматтарды «қазақ» деп атайтынын естідік, бірақ кемсітті деп ешкім ренжіп жатқан жоқ. 

 

Өкінішке орай, ұсыныс жасағыштар тілдің тәжірибе алаңы емес, қолдануға ыңғайлы, мағынасы түсінікті сөздерден тұратын қатынас құралы екенін ұмытып жатады. «Оралман» сөзі «оралды» деген мағынаны бермей ме, мұнда қандай бұрыстық бар? Болмайтын нәрсені дау қылып, ұсақ-түйек болмашы нәрсеге уақыт өлтіріп қажеті қанша? Сөз өзгертіп, өзімізді шатастыруға әуеспіз. «Қандас» деген бар адамға тән сөз, ол адамның жағдайын көрсетпейді. «Оралман» сырттан қайтып келіп оралды деген ұғымды білдіреді», – дейді ол.

 

Сонымен қатар, Әйіп Ысқақов халықаралық терминдерге келгенде озық елдердің әдісіне сүйенуді дұрыс көретінін де жеткізді.

 

«Қолдан жасанды термин жасап әбден шатасып болдық. Қалыптасқан ғылыми терминдерді өзгертуге кірістік. Сөйтеміз де қазақ тілін дамыту керек деп шулаймыз. Бір-бірімізді түсінбей жатсақ, басқа ұлт тілімізді қалай үйренеді? Кейбір қазақша мәтіндерді түсіну үшін орысшасын оқитынымыз рас қой. Озық елдер кез келген халықаралық терминдерді өз тілдеріне сіңіріп, төл сөздеріне айналдырып алған. Солардан үйренейік, тілге абай болайық», – дейді  ол.

 

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ