Өз пікірін білдірген адамды қамап қоя салу адамгершілікке жата ма?

01.10.2019
Қаралды: 98

Өткен 21-қыркүйекте еліміздің бірқатар қалаларында бейбіт шеруге шықпақ болған 100-ге тарта адамның қамауға алынғаны белгілі. Алдын-ала дайындалған полиция оларды әй-шайға қаратпай ұстап, қамап қойды. Мұны жұрт көріп-біліп отыр.

 

Міне, осы күннің қарсаңында Шымкентте Нұржан Мұхаммедов есімді қоғам белсендісі де қамауға алынды. Әйелінің айтуынша, ол 18-қыркүйек күні бір кісінің сотына қатысуға кеткен екен, сол кезде ұсталып, 15 күнге қамалыпты. «Ескертусіз, сотсыз, өздері шешім шығарып, қамап қойды», – дейді әйелі.

 

Бұл жөнінде әлеуметтік желіде видео таралды. Бір азамат арнайы барып, Н.Мұхаммедовтің үйін бейнежазбаға түсіріпті. Үйелмелі-сүйелмелі 5 баласы бар бұл отбасы «Қайнарбұлақ» саяжайындағы біреудің толық бітпеген шағын үйін жалға алып тұрып жатыр екен. Ол жерге ауыз судың өзі есеппен, аптасына екі мәрте ғана берілетін көрінеді.

 

Н.Мұхаммедовтің әйелінің айтуынша, олар айына 10 мың 500 теңге жәрдемақы алады. Күйеуі такси айдап күнкөріс жасаса, өзі «Алаш» базарында сатушы, күніне екі-үш мың теңге төңірегінде табыс табады екен. Отбасына кіретін ақша күнделікті ішіп-жемдерінен артылмайды. Күнкөріс үшін ашқан дүкендеріне былтыр ұры түсіп, содан бері жұмысы жүрмей қалыпты. Ал полиция ұрыны сол күйі таппапты.

 

Осының бәрін баяндап берген әйелінің айтуынша, Н.Мұхаммедовтің қамалуына оның ел қамын ойлап, өз көзқарасын ашық білдіріп жүргені себеп болған.

 

«Нұржан тойынғаннан жүрген жоқ, ел, халық үшін тынбай шырылдап жүр ғой. Оны елімізге қытайлар кірмесін дегені үшін қамап қойды. «Біреулерден ақша алады, біреулерге жұмыс істейді» деген сөз таратыпты. Ол – өтірік.

 

Нұржан ұрлық жасап, жол ережесін бұзып, арақ ішіп, төбелес шығарып қамалса мен оған өкінбес едім, сауап болыпты дер едім. Ол бала-шаға, әйелін емес, жұрттың қамын ойлап жүр. Бізді екінші орынға қойып, елдің сөзін сөйлеп жүр. Сол үшін қамап қойғанына өкінемін. Күйеуін қолдап, үндемей жүрген мен құрлы болмаған полицейлерге ренжимін. Мұндайлардан не үміт, не қайыр?!

 

Күйеуімді қамап қойғандар үшін мен ұяламын. Ұят тірлік болды. Мен жетіспей жатқан нәрсе үшін емес, ер-азаматым үшін жылаймын», – дейді ол.

 

Жанашыр азаматтар бұл отбасыға көмек қолын созуға шақырып отыр.

 

Осы видеоны көріп, ойға қалдық. Біздің қоғам мына түрімен қайда кетіп барады? Пікірі дұрыс болсын, бұрыс болсын, ел болашағын ойлап, өзіндік көзқарасын білдіріп жүрген жанды осылай қамап қоя салу адамгершілікке жата ма, ол қаншалықты заңды? Қамамаса, ол артына қыруар адамды ертіп, бірдеңені төңкеріп кетер ме еді?

 

Әкесі қамаудағы, анасы таңнан кешке дейін базарда күнкөріс қамымен жүрген, жағдайсыз үйде үрпиіп отырған кішкентай балалардың обалынан ешкімнің де қорықпағаны ма?

 

Осы шетелдерде жекелеп те, бірнеше адам, тіпті көп жұрт жиналып та қоғамның кей қисық жақтарына наразылық білдіріп жатады. Оларды біздегідей тарпа бас салып, аяқ-қолын қайырып, көлікке тиеп әкетушілерді көрмейсің. Орынды деп таныса, олардың талаптарынан оңды нәтиже шығарып та жатады ғой.

 

Ал біздегі жағдай мынау... Шынында да ұят тірлік емес пе? Мына түрімізбен қайтіп ел боламыз?

 

Ж. ЕЛІБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ