Ленинді таңқалдырған тұлға

01.10.2019
Қаралды: 134

Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейінде Сұлтанбек Қожановтың 125 жылдығына арналған «Рухы биік, ұлы тұлға» атты тарихи-танымдық іс-шара болып өтті.

 

Мұндай шаралар Түркістан облысы бо­йынша жер-жерде, соның ішінде Кентау, Түркістан, Шардара, Жетісай қалаларында да ұйымдастырылды.

 

Мемлекет және қоғам қайраткері, ұстаз, ғалым, публицист Сұлтанбек Қожанов тоталитарлық саясат жылдарында жазықсыз жапа шеккендердің бірі болды. Ол елдегі жер мәселесін ұдайы көтеріп, халық арасындағы жүзге, жерге бөліну түсініктеріне соққы беріп отырған. Өз кезегінде елге жақсы маман керек деп дарынды жастарды да оқуға тартқан.

 

Өз ұлтын шексіз сүйген Сұлтанбек жастайынан-ақ көшбасшыға айналды. Сол кездегі ел астанасының Ақмешіт атауынан Қызыл­орда болып өзгеруі Сұлтанбектің 1925 жыл­ғы съезде айтылған ұсынысының нәтижесі еді. Кейіннен ол астананың көркеюіне, дамуына да көп күш жұмсады.  

 

Бірде Кеңестердің Бүкілодақтық төтенше съезінде Сұлтанбек Қожанов Мәскеуде Лениннің алдында сөйлейді. Ол орысша, қазақшаға судай және өте шешен сөйлейтін адам болған екен. Оның сөзіне Ленин: «Сіз өте білімді, қызуқанды қазақ екенсіз», – деп таңқалған екен. Сонда Қожанов: «Жоқ, Владимир Ильич, мен ең білімді, ең қызуқанды қазақ емеспін. Ондай қазақтар далада жүр. Болашақта олар өздерін танытады», – деген екен.

 

1937 жылы сталиндік жазалаушы саясаттың құрбанынан айналып, басына қара бұлт үйрілгенде оны ешкім қолдамаған. Ол кезде Сұлтанбек 43 жаста болыпты. НКВД-нің адамдары келіп, үйіне тінту жүргізе бастағанда: «Сын бедняка преданно служил и служит революции и вдруг оказался врагом народа», – деп орындыққа отыра кеткен екен. Оның тұтқындалуы отбасы мен жақындарына да әсерін тигізіпті. Тіпті туған-туыстары да танымаймыз деп теріс айналып кеткен. Ал әйелі Гүләндам «халық жауының әйелі» деген айыппен екі айдан соң қамауға алынып, «КарЛагта» он жылдан астам мал бағыпты.

 

Сол кездері «халық жауының жақындары» деп Сұлтанбектің туғандарын да жұмыс­қа алмаған көрінеді. Сұлтанбектің Райыс, Қамар, Сәрсекей, Сейдолла атты інілері де қоса қуғынға ұшыраған. Кіші інісі Сейдолла ату жазасынан аман қалып, он жылдан соң елге оралғанда өлді деп ойлаған туыстары оны келген кезде таңданыспен қарсы алған көрінеді. Сейдолла да ағасы сияқты өз жұмысына жауапкершілікпен қарайтын жан бол­ған. Тіпті Қожанов тегіне кір келтірмейін деп жұмысына бір сағат бұрын ерте барып, бір сағат кеш қайтып жүреді екен.

 

«Әкем ағасы жайында көп айтып отыратын. Темір торға қамалардың алдында інісі ағасымен бір тәулік бойы сөйлескен екен. Содан ертеңіне түнде екі солдат келіп атамды алып кетіпті. Алғашында аудандық түрмеде бір айға жуық жатыпты. Кейін қайда кеткені белгісіз», – дейді кіші Сұлтанбек.

 

Сұлтанбек Қожанов 1957 жылы ақталды. Бүгінде ол кісінің аты Кентау қаласындағы көше мен мектепке беріліп, ескерткіштер орнатылған. Бабаларымыздың ерлік ісі ұрпаққа үлгі болып қала бермек.

 

М. ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ