Миллиардтаған байлығын балаларына қалдырған жоқ

30.09.2019
Қаралды: 179

АҚШ-та әйгілі миллиардер Баррон Хилтон қайтыс болды. Ол 91 жаста еді.

 

Баррон Хилтон өзінің әкесі Конрад Хилтон құрған мейманханалар жүйе­сінің иесі болатын. Ол «Hіlton Hotels & Rekords» корпорациясының бас директоры қызметін 30 жыл бойы атқарған еді. Осы аралықта ол мейманханалар қатарын арттыруға күш салды, сөйтіп, миллиардер дәрежесіне жетті.

 

Б.Хилтон 2007 жылы өзінің бар жиған байлығының (сол кезде 2,3 миллиард долларға тең деп есептелген) 97 пайызын әкесінің атындағы гуманитарлық қайырымдылық қорға аударатынын мәлімдеген еді. Оның жиған-терген миллиардтары енді қайырымдылық іс-шараларына бағытталатын болады.

 

Ал Баррон Хилтонның артында 8 баласы мен олардан өрбіген 15 немере, 4 шөбересі қалды. (Әйелі Мэрилин 2004 жылы дүние салған).

 

«Хилтондар әулеті ғажайып адамнан айырылып, аза тұтуда. Әкем біздің анамыз Мэрилиннің сүйікті жары, 8 баланың үлгілі әкесі, сенімді әрі қолы ашық дос, алысты болжайтын бизнесмен, сыйлы көшбасшы, спортқа ерекше ынтық жан болды. Ол ұлы оқиғалар мен биік жетістіктерге толы өмір сүрді», – деп жазды оның ұлдарының бірі, К.Хилтон қорының басқарма төрағасы Стивен Хилтон.

 

«Ол аңыз адам еді, көреген, арманшыл, жарқын, сымбатты, мейірімді жан болатын, жетістіктер мен оқиғаларға толы өмір сүрді», – деп жазды оның немерелерінің бірі – белгілі актриса, әнші, фотомодель, киім дизайнері Пэрис Хилтон.

 

Осы Пэрис Хилтонның кезінде тым еркін әрекеттерімен аты шыққаны белгілі. Оның заң бұзып, істі болған кездері де бар. Ақырында атасы, яғни Баррон Хилтон оны өзіне тиесілі миллиондаған доллар мұрадан айырған болатын. Дегенмен Пэрис оған аса қинала қойған жоқ, өйткені оның өзінің де жиған-тергені жетіп-артылады.

 

...«Hіlton Hotels & Rekords» компаниясы 1919 жылы мамыр айында құрылған. Яғни ол биыл өзінің 100 жылдығын атап өтті.

 

Бұл компанияның негізін Конрад Николсон Хилтон қалаған. Ол да өмірден 91 жасында өткен.

 

Конрад Хилтонның 8 баласы бол­ған. Ол компания басшылығын ұлы Барронға тапсырған. 1944 жылы кезде ол өзінің атында қайырымдылық қорын құрған. Сол кезде өзінің бар жиған байлығын осы қорға мұраға қалдыратыны жөнінде мәлімдепті. Дегенмен ол үлкен ұлына өзінің қалауына қарай мұраны заңды жолмен алуға да рұқсат берген көрінеді.

 

Баррон Хилтон әкесінің атындағы қормен 9 жыл соттасып жүріп, ақырында мұраға қалған байлыққа ие болыпты. Сосын оны көбейтуге күш салған. Енді өзі де сонша миллиардтаған қаржыға тең байлықтың 97 пайызын әкесінің атындағы қорға қалдырып кетті.

 

Бүгінде бұл компанияның әлемнің 103 мемлекеті мен дербес жерлерінде 5100-ден аса мейманханалары мен шипажайлары бар. Жақын көршіміз Ресейдің өзінде ғана 20 аумақта оның 28 нысаны жұмыс істейді. Тек Ресейдегі бизнестен ғана ол өткен жылы 109 миллион доллар табыс тауыпты.

 

...Міне, марқұм Баррон Хилтон осындай алпауыт бизнестің иесі бол­ған. Одан қалған байлыққа ұрпақтары тарапынан талас бола ма, болмай ма, оны алдағы уақыт көрсетер.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ