Әкіммін деп әкіреңдегендердің әкесін таныту керек

30.09.2019
Қаралды: 231

Аналар тағы да ашынды. Елорда әкімдігіне барып үй сұраған әйел мен Нұр-сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бахтияр Мәкеннің арасындағы айқай-шу желіде лезде тарап кетті.

 

Онда баспана сұрап барған көп балалы ананың «Ақорданың алдына барып асылып өлемін» деген сөздерін есту қиын емес. Тіпті, әйел қолындағы судың бөтелкесін лақтырып та үлгерді. Осыдан соң ашуы мұрнының ұшына шыққан Бахтияр мырза өзіне жетпей құлаған бөтелкені оған кері лақтырды. «Алып кет оны. Бөтелке лақтырғаны үшін мен оны қабылдамаймын. Қайда барса, онда барсын. Маған десе асылып қалсын. Кім еді ол? Билік өкіліне деген бұл қандай қарым-қатынас?» деп орыс тілінде айғайға басты. Видеодан бұл даудың сол жерде отырған бас­қа да аналармен жалғасқанын байқауға болады. 

 

Әрине, бөтелке лақтырған ананың ісін ақтап отырған ешкім жоқ. Десе де адамдар не үшін ашынады?

 

Ғылымға сүйенсек, адам баласының жаны мен тәніне керекті қажеттіліктер өтелмеген жағдайда ашуға бой алдырады екен. Психологтар мұның қатарына материалдық қажеттіліктердің де кіретінін айтады. Демек, бұл аналарды осындай жағдайға жеткізген жоқшылық пен жетіспеушілік деуге негіз бар. Бүгінгі күні ақшаның аздығы, жұмыссыздық, кедейшілік – олардың жанайқайын ақырын емес, айқайлап айтуға алып келді. Әсіресе, баспананың жоқтығы, бір емес, бірнеше баламен пәтерден пәтерге көшіп-қону, әзер дегенде ай сайын пәтерақы төлеу бірді бірге жеткізе алмай отырған кедей адамға қайбір оңай? Ол аздай, қымбатшылық та қыспаққа алып барады. Осының бәрі адамның жүйкесіне әсер етіп, ақыры ашынуға алып келіп жатыр. Ал қатты ашынған адам бәріне барады. Содан да болар, соңғы уақыттары көпшілік алдында өз-өзіне қол жұмсағысы келетін осындай әйелдерді әлеуметтік желілерден байқап қалып жүрміз. Кім біледі, «өзің үшін тудың» деместен мемлекет тарапынан көп балалы аналарға осыған дейін жағдай жасалып келген болса, бүгінде бұл оқиғалардың бірі де болмас па еді? Бар мәселесін жылдар бойы ішіне жұтып келген аналар өз ашуларын жергілікті әкімдікке келіп ақтара салып жатқаны да сондықтан шығар.

 

Ал мұндай жағдайда мемлекеттік қызметкерлер өздерін қалай ұстауы керек? Кей кезде олардың арасында да қабылдауындағы адамдарға дауыс көтеріп, айқайға басып жататындары жоқ емес. Жалпы, «тістегенге теуіп, тепкенге ұрып» жауап қайтару мемлекеттік қызметкердің этикасына жата ма? Заң тұрғысында бұл туралы не айтады?

 

Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің 5-тармағының 2, 7, 14-тармақшаларында «Мемлекеттік қызметшілер адал, әділ, қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуға тиіс», «Өзінің іс-әрекетімен және мінез-құлқымен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмауға, сынағаны үшін қудалауға жол бермеуге, орынды сынды кемшіліктерді жою мен өзінің қызметін жақсарту үшін пайдалануға тиіс», «Іскерлік әдепті және ресми мінез-құлық қағидаларын сақтауға тиіс» деп көрсетілген. Яғни мемлекеттік қызметкерлер азаматтармен қарым-қатынас барысында сыпайылық танытып, іскерлік әдепті сақтауы, өзінің қоғам тарапынан сынға ұшырауына жол бермеуі керек екен.

 

Бірақ, өкінішке орай, бізде Әдеп кодексін оқымаған қызметкерлер аз емес. Сұрағыңа жауап бермей, өзіңе дөрекілік танытатындар еліміздің түкпір-түкпірінде кездеседі. Қызметтің буына қыздырынып отырған ондай жандар­ға қандай да бір тиісті шара қолданылуы керек шығар. Бұлай кете берсе олардың «мен - билікпін» деп қарапайым халықты қырып жіберер түрі бар...

 

М. ӘМІР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ