Арыста жарылыс болып, 10 жауынгер жараланды

30.09.2019
Қаралды: 86

Арыс қаласындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі арсеналында тағы да оқыс оқиға орын алды. «Тағы да» деп отырған себебіміз, осыдан бірер күн бұрын ғана онда жарылыс орын алып, 4 сарбаз жараланған еді.

 

Бұл жолы саперлар қала сыртындағы арнайы полигонда жұмыс істеп жүргенде снаряд жарылып, он сарбаз түрлі дәрежеде дене жарақаттарын алды.

 

Жарияланған мәліметке қарағанда, снаряд өздігінен жарылып кеткен. Оқиға қаладан 60 шақырым қашықта болған. Бұған байланысты қорғаныс министрі мә­лімдеме жасады. «Арыс қаласына, жергілікті тұрғындарға төнер қауіп жоқ. Өйткені әскери бөлім сыртындағы барлық оқ-дәрі бө­ліктері тегіс жиналып алынған. Қарулар қаладан 60 шақырым қашықтағы арнайы полигонда жойылып жатыр», – деді Н.Ермекбаев.

 

Қорғаныс министрі сондай-ақ жарақат алған сарбаздардың ахуа­лы жөнінде дерек келтірді. «Олардың үшеуі ауыр халде, біреуінің жағдайы – орташа ауыр,  алтауының жағдайы қанағаттанарлық деп дәрежеленген», – деді қорғаныс министрі.

 

Қызмет барысында жарақат алған сарбаздар Қорғаныс минис­трлігіне қарасты әскери госпитальге шұғыл түрде жеткізілген. Қазір олар ем алу үстінде. Оларға министрлік тарапынан материалдық көмек көрсетілетіні туралы айтылды.

 

...Жалпы, Арыстағы әскери бөлімнің қару-жарақ қоймасынан шығарылып, жойылып жатқан оқ-дәріден құтылуға қатысты жұмыстар әлі де біраз уақыт жүргізілетін сияқты. Өйткені мерзімі өткен оқ-дәріні жару жұмыстары осыған дейін күніне екі мәртеден жүр­гізіліп келген екен, мына оқиғадан кейін біршама саябырсыған. Яғни оны жою жұмыстары енді бірер күнде қайтадан қарқын алмақ.

 

Полигонның Арыстан 60 шақырым қашыққа орналастырылуына, ал сапер жертөлелерінің жарылыс жасалатын аймақтан кемінде 10 шақырымдай қашықта салынғанына қарағанда, бұл қарулардан келер қауіп аз емес. Сондықтан ол жер жай адам немесе мал бара алмайтын етіп, «Тоқта! Қауіпті ай­мақ!  Өтуге тыйым салынған!» деген ескертпе жазулар орналастырылып, сыртынан мықтап күзетке алынған.

 

Жарылыс дүмпулерінің зардабын далада жайылған малы үріккен малшылар мен жол бойындағы дәмхана иелері көріп отыр. Яғни ондай ғимараттардың қабырғалары жарылып жатыр.

 

"Замана".

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ