Кенеттен қайтыс болу оқиғалары неге көбейіп кетті?

27.09.2019
Қаралды: 87

Кейінгі кездері ел арасында адамдардың ауырмай-сырқамай, кенеттен дүние салу оқиғалары жиі кездесіп жүр. Бұлай деуімізге негіз жоқ емес.

 

Мысалы, таяуда есімі елге белгілі азамат, Мәжіліс депутаты болған жерлесіміз Сатыбалды Ибрагимов осылай қайтыс болды. Ардагерлердің Шымкент қаласының жаңадан тағайындалған әкімімен кездесуіне қатысқан ол осы жиын үстінде кенеттен қысылып қалып, жантәсілім етті. Ол кісі 79 жаста еді.

 

Ауырмай-сырқамай, сап-сау жүрген адам көпшіліктің көзінше, жиынға қатысқан жандардың ортасында ойламаған жерден бақиға аттанып кете барды. Әлгінде ғана қазіргі қоғамның күрделі мәселелері туралы әңгімелеп, жұртпен сұхбаттасып отырған адамның ойламаған жерден, төтеннен мұндай күйге ұшырауы жұртқа қатты әсер еткені сөзсіз.

 

Бүгінде интернетте марқұмның соңғы сәтінде, аяқ астынан қысылып қалып, жантәсілім еткен шағында түсірілген видео жүр. Қиналған жанның жанында болған адамдардың оған титімдей жәрдем көрсете алмағаны да адамды ойсыз қалдырмайды.

 

Осы орайда биылғы көктемде, сәуір айында ойда жоқ жерден бақилық болып кеткен әріптесіміз, белгілі журналист Кеңес Исмаиловтың қазасы да еске түсіп отыр. Көпшіл, белсенді, қашанда түрлі іс-шаралардың ортасынан көрініп жүретін Кеңестің тосын қазаға ұшырағанын естігенде оған сенер-сенбесімізді білмей қалғанбыз. Сол күні бір іс-шараға қатысып, сап-сау, ойнап-күліп жүрген адам аяқ астынан, ауырмай-сырқамай бақиға аттанып кете барды. Кеңес небәрі 53 жаста ғана еді. Сол кезде де көп адам «апырай-ә?!» десіп, таңқалған.

 

Ал кешегі аптада Ақтөбеде бір азамат банктен несие алып тұрып көз жұмды. Ол банк менеджерлерімен сөйлесіп отырып кенеттен басын үстелге қойған. Не болып қалды деп ойлаған жұрт басын көтеріп көргенше ол кісі о дүниеге аттанып та кетіпті.

 

2017 жылы үлкен қалаларда тіркеуде жоқ адамдардың тіркеуге тұруы тиіс болып жұрттың бір дүрліккені де еске түседі. Сол кезде де бұрын ауырдым деп көрмеген 53 жастағы бір азамат кенеттен жан тапсырып еді. Халыққа қызмет көрсету орталығында кезекте тұрған адам ойда-жоқта, сол тұрған жерінде құлап, бірден дүние салған.

 

Қысқасы, бүгінде «кенеттен дүние салды» деген сөзді жиірек еститін болдық. Осылайша марқұм болғандардың қатарында жасы ұлғайғандар да, орта жастағы, жігіт ағасы жасындағы, тіпті одан жастары да бар. Ал мұның сыры неде?

 

Осы жай жұртты ойландырмай қоймайды. Неге бұлай болды деген сөздер көп айтылады. Бірақ жауап жоқ. Адам көзден кеткесін оқиға да ұмытылады. Бірақ арасын ұзатпай тағы да сондай жайлар қайталанып жатыр.

 

Мүмкін мұны зерттеу керек шығар. Зерттеп, себебін анықтап, жұртқа жария ету керек шығар. Бұл қандай да бір дерт болса, әйтпесе оның басқадай бір нақты себебі болса, жұрттың оны білгені дұрыс қой.

 

Сіз қалай ойлайсыз, неге бұлай болып жатыр?

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ