Жөнін айтсаң, жұрт неге бәлеқор дейді?

26.09.2019
Қаралды: 46

«Бәлеқор!»

Мені осылай «боқтап» кетті. Автобустың жүргізушісі.

 

Жұлқи айдап отырған – жап-жас жігіт. Бір қолмен айдап отыр. Екінші қол телефон ұстап, құлаққа жабысып қалған. Әңгімеге беріліп кеткені түрінен көрініп тұр. Жолақымды төлеп жатып кондукторға: «Телефонмен сөйлеспесін, жүргізушіге айт», – дедім. Ол кекесінмен күлді. 

 

«Мен ойнап тұрған жоқпын. Шынымен ескерт». 

Осылай қысқа қайырып қоя салғым келген. Бірақ жүргізуші ескерту ұнатпайтын адам екен. 

 

Кондукторға рахмет, сәлемімді жеткізді. «Ана біреу сені телефонмен сөйлеспесін деп жатыр», – деді. Жақын жерде отырмын ғой, бәрі естіліп тұр. «Кім?!» Даусы қаттырақ шыққан жүргізуші ары қарай: «Бәлеқор! Не керек осындайларға?! Не істей алады ал! Не керек өзіне? Не жұмысы бар?! Ал сөйлесемін, ал не істейсің?» – деп екіленіп кетті. Көзі жолда емес, артына бұрылып, маған қарап отыр. Егер көлік айдап отырмаса, маған тарпа бас салып, төбелесуден тайынбайды мына түрімен. 

 

«Жолға қара. Рульге ие бол. Бұл ұрысып отыратын жер емес», – дедім.  Бір автобус тола жолаушының өміріне жауапты жүргізушінің ашуын одан әрі қоздырмау үшін жай дауыспен айттым.  Өйткені ол салғыласып отыратын орын емес. Әрі жүргізуші көлік басқарып отыр ғой!

 

Бірақ ол мұны түсінбейтін сияқты. Екіленіп, артында көзі бар, көлікті теріс қарап отырып та айдай беретін адам ұқсап мені аңдып, ерегіс тілеп тұр. Даусы да барған сайын қатты шығып жатыр.

 

«Е, не керек саған?! Маған бастықтар звандап жатыр, білесің бе? Ал не керек саған? Соттатқың келіп тұр ма? Ештеңе істей алмайсың! Бәлеқор-р!» – деп қарша боратып барады.

 

Енді ештеңе айтуға болмайды. Қорыққаннан емес. Қауіпсіздік үшін.

 

Сондықтан сөмкемді ақтарған болып үндемей отыра бердім. Ал ол: «Мұнда бір бәлеқор отыр. Маған ақыл үйреткісі келеді. Соттатып жіберетін адам құсап! Осындайлардан қалдық қой бәлеге», – деп даусын әдейі бағанағыдан да қаттырақ шығарып, телефондағы адам­ға мені жамандап, айнадан мені аңдыды да отырды. 

 

Сабасына түссін деп 4 аялдамаға дейін үнсіз отырдым. Содан кейін жүргізушінің аты-жөнін біліп алайын деп алдыңғы жаққа қарасам, еш жерге жазылмапты. Сын-ескертпе, шағым үшін жазылып тұруы тиіс нөмірден де ештеңе жоқ. 

 

Менің мойным өзі отырған тұсқа қарай бұрылғанын көрген жүргізуші көлікпен қоса жұлқынып, «сайрауын» бұрынғыдан үдетіп барады.  Қысқасы, 11 аялдама бойы, мен мінгеннен түскенше ол телефоннан құлақ айырмады.  Ішіндегі жолаушыларға Алладан амандық тілеп, таң атпай бәлеқор атанып түсіп кете бердім.

 

* * *

 

Тәтті ұйқыға шома бергенде телефон шыр ете қалды. Босқа мазаламайтын жақындардың бірі. Жайдан жай емес екенін бірден түсіндім.

 

«Тәтем қатты ауырып қалды. Күнде жедел жәрдем шақырып жүрміз. Бүгін үш рет шақырдық. Ақыры қан қысымы түспей қойған соң «скорый» аудандық ауруханаға әкеліп, осындағы дәрігерлерге тастап кетті. Ал бұлар қайта беріңдер дейді. Тәтем өзі жүре алмайды, тілі күрмеліп, көзі қарауытып, қатты қиналып тұр. Ертең дәрігерге барамыз дейтіндей, алдымыз жексенбі. Түнде қандай боларын...»

 

Аудан мен үшін алыс, сондықтан телефонды дәрігерге беруін сұрадым. Дәрігер бақылауында болмаса қиындау жағдай екенін, тез-тез, қысқаша айттым.

 

«Неге учаскелік дәрігеріне бармайды? Қит етсе «скорыймен» шауып келесіңдер!»

 

Невропатолог ашулы екен. Шаршаған шығар. Жұрт ұйықтап жатқанда ыңқылдап-сыңқылдап келген ауыр­ған адамдардың қайсыбірінің қабағына қарайды деп түсіністік танытуға тырыстым. Негізі өз емханасына бар­ған. Ол жақта анализ тапсыру үшін ауданға жолдама жазған. Аудан кезекке қойған. Кезек жеткенше әлі төрт күн бар. Онда да ол анализ тапсыратын ғана кезек. Ары қарай қосымша тексеру, диагнозды анықтау, ем тағайындау бар. Оның бәрі тағы да күн ұзартады. Ал кесел мұны түсінбейді, жаналқымнан алып, айналдырып барады. Дәрігерге осыны айтқам.

 

«Бір амалын жасаңыздаршы. Қатты ауырып тұр ғой. Ауырмаса жедел жәрдем шақырып, түн ішінде аудан асып жүре ме?» – деп жалынғандай да болдым.

 

«Менің больнойым емес!»

 

Осылай қысқа қайырды. Жақынымнан сұрасам, ешқандай көмек көрсеткен жоқ деді. Бір Аллаға сиынып, кері қайтпақ. Төзім осы жерге келгенде тарс үзілді. Түн ішінде бір таксиді жалдап, аудан қайдасың деп тартып кеттім.

 

Жеткенше бір сағатқа жуық уақыт кетті. Жақындарым аурухананың сыртында – көлікте не кері қайта алмай, не дәрігерге көріне алмай, ыңқылы күшейіп, сөйлейін десе тілі икемге келмей отыр. Кезекші дәрігерді іздедім. Терапевт отыр екен.

 

«Менің больнойым емес», – деді. Невропатологқа сілтеді. Бір медбике лып етіп барып, шақырып келді. Ұйқыдан шошып оянды ма, көзін уқалап кірген ол: «Жаңа телефонда сөйлеген сіз ба? Менің больнойым емес дедім ғой!» – деп ашулана бастады.

 

«Дұрыс. Сіздердің больнойларыңыз емес. Менің больнойым. Бірақ, айналайындар-ау, сендерге жәутеңдеп, алдарыңда отырғанына 1,5 сағат болды ғой, бір жәрдемін жасасаңдаршы», – десем, тыңдайтын емес. Қол сілтеп, кері бұрылып барады. Алдына тұрып алдым да: «Екі дәрігер, екеуің де менің больнойым емес деген сөздеріңді қағазға жазып беріңдер. Жедел жәрдеммен келгенде не деп қағаз толтырдыңдар, неге алғаш­қы көмек көрсетпедіңдер, ауруханаға қабыл­да­мау себебін жазып беріңдер. Сонымен артық сөзім жоқ. Мен қайтамын», – дедім.

 

Бір-біріне жалт қарасқан терапевт пен невропатолог: «Түнде тағы скорыймен келіп тұрсаңыздар ше?» – дейді.

 

«Яғни қатты ауырып тұрғанын, түнде халі бұдан да мүшкіл болуы әбден мүмкін екенін біліп тұрсыңдар ғой. Солай ма?»

 

Менің бұл сөзім кезекші дәрігерлерге ұнамай қалды. Олардың науқасты қабылдаудан бас тарту туралы қағаз жазып бермек түгілі, қарамаған себебін де түсіндіре алмайтынын ұқтым.

 

Уақыт оздырып тұруға болмайды. Сағат түнгі үшке таяса да, амал жоқ, дәрігер досыма қоңырау шалдым. Қай жерде демалыссыз істейтін жекеменшік емхана, аурухана немесе дәрігер бар деп сұрамақшы едім. Алғашқы «гудок» кете бастағанда сыртқа шығып сөйлесейін деп дәлізге беттедім. Дәрігердің бірінің:

 

«Мынау бәлеқор сияқты ғой. Біреуге звандап жатыр. Точно бәлеқор мынау. Жүгір!» – деген сөзін анық естідім.

 

«Ешкімге хабарласпай-ақ қойыңыз. Қайда ол адам? Әкеліңіз. Давлениесіне ие бола алмаған әр адамға жүгіре береміз бе, бізді де түсінсеңізші», – деп екіншісі жаныма бұрқылдай жетіп келді. Сәлден кейін жарты қадамды жанындағы адамның сүйемелдеуімен әзер аттап келе жатқан жақынымды көргенде өздері шошып кетті. «Каталканы» сүйретіп, алдынан жүгіріп бара жатып: «Жүре алмайды, қатты ауырып тұр деп айтпайсыз ба, бәле сала бермей!» – деп өзіме ұрсып жатты...

 

Осылай бәлеқор атанып жүрмін. Бірақ бұл жақсы ма, жаман ба, білмеймін...

 

Д. ӨМІРБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ