Халыққа парақорды атуға рұқсат берді

26.09.2019
Қаралды: 126

Оңтүстік-шығыс Азиядағы Филиппин мемлекетінің Пре­зи­денті Родригес Дутерте өзі қатысқан бір мемлекеттік іс-шара кезінде ел тұрғындарына пара сұраған жемқорларды атуға рұқсат берді. Яғни енді бұл елде өзінен қандай да бір себеппен пара сұраған жемқорды кез келген адам ата салуы мүмкін сияқты. Бі­рақ өлтірмейді, аяғынан ату­ға рұқсат.

 

«Егер салық, басқа да алым­дар төлеу немесе анықтама алу кезінде шенеунік сізден пара сұраса, оны салып кеп жіберіңіз. Егер қаруыңыз болса, оны атуға рұқсат, бірақ өлтіріп қоймаңыз», – деді Президент.

 

Ол парақор шенеунікке қару қолданған жанның бұл ісі үшін сотта рақымшылыққа ілігуге мүмкіндігі барын біл­дірді.

 

Дутерте жұртшылықты сыбайлас жемқорлықпен аяусыз күреске, жемқорларды әшкерелеуге атсалысуға шақырды. Парақорлық оқиғасы  анықталып, өз құлағына жеткен жекелеген жағдайларда жемқор мен жапа шегушіні алдына алдырып, жемқорды сабауға мүмкіндік беретінін де айтып салды.

 

...Филиппинде бүгінде 105 миллионнан астам адам тұрады. Президент Дутерте билік басына 2016 жылы маусым айында келген. Қазір жасы 74-те. Оның президенттік өкі­леттігі 2022 жылы бітеді. Дутерте оған дейін елде тиісті тәртіп орнатуға уәде берген болатын. «Коррупция деген – Үкіметтің әрбір мүшесін іштен жеп жатқан жегі құрт. Онымен қатаң күресуіміз керек», – деген еді ол. Сөйтіп оған қарсы күресте аса қатаң шаралар қолдануға дейін баруға дайын екенін мәлімдеген.

 

Оның президенттік ұлықтау салтанатында есірткі делдалдарына арнап: «Олар біз­дің балаларымыздың өмірін жалмап жатыр. Ескертемін, есірткі таратудан аулақ жү­ріңдер! Мұндай іспен айналысқан адам тіпті полицей бол­са да мен оны өлтіремін», – дегені бар. Осы сөзімен ол есірткі таратумен айналысатындарды сотсыз-ақ өлтіруге болатынын білдірген. Дутерте бүгінде осындай сөз­дерімен, оны іс жүзінде дә­лел­дейтіндігімен танылып отыр.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ