Коллекторлардың сізді қорқытып-үркітуге ақысы жоқ

25.09.2019
Қаралды: 79

Коллекторлық компаниялардың кей әрекетіне көңілі толмайтындар өте көп. Олардың бірінің несиесін «сіз төлейсіз» деп екінші бір адамның мойнына іле салып, қарызды төлетудің бар амалын жасап бағатыны жасырын емес.

 

Осы тұрғыда бір адамның коммерциялық құ­пия­сын екінші бір адамға жария ету қаншалықты заңды деген сауалға жауап іздеп көр­ген болатынбыз. Бұл сұраққа Шымкент қаласының заңгері Дана Аман­гел­діқызы (суретте) былай деп жауап берді:

 

«Кредит төле­ме­сеңіз сотталасыз, туыстарыңыз үйінен айырылады» деген сынды әңгімені көп естиміз. Жалпы, телефон арқылы қорқытатындар кімдер? Ол – коллекторлық агенттік. Яғни сіздің бірнеше уақыт төлемей кеткен несиеңізді банктен арзан бағада сатып алып, сізден толық соманы өтеуді талап ететін мекеме. Енді қараңыз, қоғамдағы кез-келген қатынас заңмен реттелген. Сізді қорқытатын агенттік жөнінде «Коллекторлық қызмет туралы» ҚР заңы бар. Онда олардың құқықтары мен міндеттері анық жазыл­ған. Мәселен, коллектор борышкердің қарызын үшінші тараптан талап ету былай тұрсын, оның ақпаратын жариялауына еш құқығы жоқ. Ағаңыз, туысыңыз алған кредит сізге қатысты емес. Олар хабарласқанда:

 

- Агенттік атауын, есептік тіркеу нөмірін, өзінің тегін, атын, әкесінің атын және лауазымын хабарлауға;

- Борышкердің немесе үшінші тұлғаның ар-намысына, қадір-қасиетіне, беделіне, мүддесіне зиян, кедергі келтіретін мәліметтерді таратпауға,

- Жеке басқа қол сұғатын, өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін, мүліктік және өзге де зиян келтіруге алып келетін, құқыққа қайшы әрекеттер жасамауға;

- Қорлау, қысым көрсету, алаяқтық жасау, бопсалау әрекеттерінен аулақ болуға;

- Берешекті ақшадан басқа өзге мүлікпен өтеуді талап етпеуге;

- Борышкер туралы заңмен қорғалатын құпия­ларды жарияламауға міндетті».

 

Сондай-ақ заңгер ханымның айтуынша, коллекторлар борышкерге тек жұмыс күндері таңғы сағат 08:00-ден кешкі 21:00-ге дейін күніне 3 реттен асырмай ғана хабарласа алады екен.

 

«Осындай әрекеттердің біреуін алты ай ішінде үш реттен көп жасаған агенттік тізімнен шығарылып, қызметін тоқтатады. Бәрі заңда анық жазылған. Ғаламтордан тауып, танысып шығыңыз, түртіп алыңыз.

 

Олар хабарласқанда міндетті түрде аудиожазба жасаңыз. Кез-келген әрекетін қай заңның қай бабына сай екенін айтуын талап етіңіз. Заң бұзушылықтар орын алған жағдайда прокуратураға, ҚР Ұлттық Банкіне, әділет органдарына шағымдана аласыз.

 

Сондай-ақ ешкім ешқашан сот шешімінсіз ешнәрсені тартып ала алмайтынын, үшінші тұлғаның еш уақытта борышкер үшін жауапты емес екенін (мейлі ол анаңыз, жарыңыз, балаңыз болса да), сот десе қамалып кетем деген қорқыныштың түкке тұрғысыз екенін де есте сақтаңыз.

 

Ал негізі мүмкіндік болса, істі оларға жеткізбей, қарызды уақытында төлеуге тырысыңыз», – дейді заңгер.

 

Мұны да біле жүрген жөн болар. Себебі несиесіз қазақ кемде-кем. Не күтіп тұрғанын кім білсін?

 

М. ӘМІР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ