«Атажұрт» еріктілері неге өзара айтысып кетті?

25.09.2019
Қаралды: 133

Қытайдағы қандастарымыздың құқын қорғап жүрген, ондағы болып жатқан оқиғаларға әлем жұртшылығының назарын аударуға көп еңбек сіңірген «Атажұрт» еріктілері ұйымында қолайсыздау бір оқиға орын алды. Бірер азаматтардың әрекеті онда жік тудырғандай әсер беріп тұр.

 

Бүгінде аталған ұйым мүшелерінің бірі «Атажұртқа» атаман керек емес» деп жар салып, енді бірі олардың өзін кінәлап жатыр. Осы орайда мәселенің жай-жапсарын білмек болып, Шымкент қаласының тұрғыны, «Атажұрт» еріктілері ұйымының мүшесі, ақын Нұрхан Сұлтанбайұлымен хабарласқан едік. Ол кісі Алматыда бір қарбалас шаруалармен жүр екен, уақыт бөліп, бізге былай деді:

 

«Бұл енді аса даурықтырып, жария ете қоятын жай емес. Мұндай ішкі түсініспестіктер қандай ортада да болып тұрады ғой. Тіпті партия қатарында да орын алып тұрады. Бірақ енді жария болып кетті.

 

Қысқаша айтқанда, мәселе былай: «Атажұрттың» біраз адамдары Алматыда жинал­ған едік. Сонда түсініспей жүргендерді татуластыруға тырыстық. Сосын ұйым жұмысы тоқырап қалмасы үшін оған жаңадан басшы сайлап алмақ болдық. Өйткені Серікжан Біләшқа енді 3 айға дейін Алматыдан басқа жаққа шығуға болмайды, оған қоғамдық ұйым жұмысын басқаруға 7 жылға дейін тыйым салынған. Сосын көпшілік болып кеңесе келе ұйым басшылығына Бекзат Мақсұтхан­ұлын лайық деп шештік.

 

Бекзат та Қытайда, Бұратола-Мұңғыл облысында туып-өскен. Қытай тілін жетік біледі. Батыл, жігерлі, ұлтжанды жігіт. Ол кезінде Қытай «Шыңжаң» деп жүрген аумақтың Шығыс Түркістан екенін, түркілердің жері екенін Гонконгтің тілшілеріне ашық айтқан азамат. Бекзат ағылшын тіліне де жетік. Оны бәрі таниды, біледі, сыйлайды. Сондықтан жиындағы ұйғарымды бәрі де қолдады. Сол кезде арамызда Ербол Дәулетбекұлы да, Қайрат Байтолла да болған, шешімге қарсылық танытқан жоқ. Олар қарсы болады деп те ойламаппыз.

 

Кейін Ербол «Атажұрт» еріктілері кең­сесінің кілтін, құжаттарын заң орындарынан басымды тігіп жүріп мен алғанмын деп шықты. Негізінде кілт пен құжаттарды алуға байланысты Серікжанмен, адвокаты Айман Омаровамен келісілген мәселе еді. Яғни заң орындары оларды беретін болған. Бұл жерде Ерболдың басымды қатерге тіктім деп айтатын орны жоқ.

 

Ерболдың жанында Қайрат бар. Олар жиналған қаржыға есеп бер десе, бермейді. Жұмысты өз беттерімен жүргізбек ойда. Бекзаттың басшы болғанын қаламайды екен.

 

Бірақ олар «Атажұрт еріктілері» ұйымының жұмысын дәл Серікжандай алып жүре алмайды. Мұны жұрт біліп отыр. Барлығы да Бекзаттың басшылық жасағанын қолдайды. Себебі ол – білікті, сауатты азамат, қытай, ағылшын тілдерін біледі, жұмысты өз деңгейінде жүргізе алады. Алда қайтадан сайлау өткізсек те жұрттың Бекзатты қолдайтынына өз басым сенемін.

 

Ал Ербол мен Қайраттың бүйректен сирақ шығарып отырғанын түк те түсіне алар емеспіз. Атаққұмарлық па, пендешілік пе, әлде қандай да біреулердің ықпалына түсіп қалды ма, әйтеуір осындай бір жайсыз қадамға барды».

 

Нұрхан Сұлтанбайұлы осылай дейді. Айтуынша, «Атажұрт еріктілері» ұйымы Алматыдан жаңадан кеңсе ашып, өз жұмыстарын бастап кетіпті. Енді ұйымды Нұр-Сұлтан қаласында тіркетпек. «Ұйымның филиалдары қазір Қазақстанның барлық облыстарында бар. Бас кеңсе астанадан ашылса, Алматыдағы кеңсе оның филиалы болып қалады», – дейді Н.Сұлтанбайұлы.

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ