Онсызда қиналған халықты одан бетер қорлап жатыр

24.09.2019
Қаралды: 107

Бұл қоғамда іріп-шірімеген не қалды?

 

Бүгінгі күні елімізде несиесі жоқ адам кемде-кем. Банкке берешегі бар біраз жұрттың ісі уақытында төленбеген соң коллекторлық компанияларға өтіп кетіп жатыр.

 

Бұл компаниялардың негізгі қызметі – несиесі төленбеген жандардан қарызды өндіріп алу. Осы тұста «Коллекторлық компаниядан-ақ көресіні көрдім» деген бір ке­ліншектің сөзі есіме түсіп отыр. Айтуынша, коллекторлық компаниядағылар оның жұмыстағы әріптесіне қоңырау шалып, «Қарызды сіз төлейді деп айтты» деп әріптесін аяқ астынан әбіржітіп қойған. Әлгі келіншек ойламаған жерден қарыз­ға баттым ба деп жылап-сықтап үйіне келсе, жарының сөзіне се­ніңкіремеген жолдасы «неге маған айтпай банктен несие аласың» деп өзіне дүрсе қоя беріпті. Жанұяда жанжал орнаған соң әлгі танысым әріптесіне де, күйеуіне де мән-жайды өзі түсіндіріп, екеуін әзер дегенде сендірген көрінеді. Соған қарағанда, мұндай компаниялардың клиенттен қарыз өндіруде өзіндік әдіс-тәсілдері мен айла-шарғылары да жоқ емес секілді.

 

Келіскілері келмейді

 

Бұл елімізде болып жатқан бі­рінші жағдай емес. Өз басынан өткерген осыған ұқсас оқиғаны біз­ге тараздық Сәния есімді мұғалім әйел әңгімелеп берді. Өзі төрт баланың анасы екен. Өтініші бо­йынша ол кісінің аты-жөнін өзгертіп беріп отырмыз. Ол әлгіндей коллекторлық компаниялар туралы былай дейді:

 

– Мен осы коллекторлардан көп қиналдым. Олардан естімеген сөзім жоқ. 2017 жылы медкол­ледж­де оқитын қызымның оқуына төлейтін қаражат таппай қиналып қалған соң «Каспий банктен» несие алдым. Менің атымда төленбеген несие бар еді, жалақымның тең жартысын соған ұстап қалып отыратын. Сол үшін қарызды қы­зымның атына рәсімдеуге тура келді. Басында бәрін уақтылы төлеп тұрдым. Кейіннен қызым тұрмысқа шығып кетті де, осы 2019 жылдың басынан бастап банк қарызын ары қарай төлеуге шамам келмей қалды. Әу баста несиені өзім төлеймін деп алған соң бұл туралы құда жаққа ештеңе айтпадым. Іс коллекторлық компанияға өтіп кеткеннен кейін сонда жұмыс істейтін жап-жас қыз­дар маған хабарласып: «Не үшін алдыңыз? Алған соң төлемейсіз бе?» деп өзімді бас салып тергеп, ұрысатынды шығарды. Мен оларға жағдайымды түсіндіріп, ай сайын 10 мыңнан бөліп төлейтіндей етіп, төлем кестесін жасап берің­дер дедім. Сөйтсем: «Жоқ, алдымен 250 мың теңгені бірден құя­сыз, содан соң қалған соманы бөліп төлеуге мүмкіндік береміз», – деп ешқандай келісімге келгілері келмейді. Ал менің оларға бере қоятын ондай ақшам қайда? Қазіргі күні ондағылар маған өсімақы мен пайызын қоса есептегенде 460 мың теңге қарызың бар деп отыр, – дейді ол.

 

Бір отбасының берекесін қашырған

 

Сәнияның айтуынша, оның жауабына қанағаттанбаған коллекторлар онымен қоймай «нөміріңізді қайыненеңізден алдым» деп Сә­ния­ның күйеу баласына, «нөмі­ріңізді құдағиыңыз берді» деп құдасына да хабарласқан екен.

 

– Шындығында олардың телефон нөмірін қайдан алғанын білмеймін. Құдама «Құдағиыңыздың миллиондаған қарызы бар, ол өзі төлей алмаймын, солар тө­лейді деп сіздерді айтты» деп айтпаған сөзді айтты қылған. Олар­ға «Егер де қарызды төлеме­сеңіздер, есепшоттарыңызды бұ­ғат­тап қоямыз» деген. Бұл әң­гімеден кейін маған құдам хабарласып, «Сіздің мұныңыз не?» деп кәдімгідей ренжіді. Қызым жылап: «Мама, позор болдым, абысындар, басқалар бар, олар мені табалап, тілдеп жатыр, мені қуып жіберсе не істеймін?» деп көз жасын көл­деткен кезде жаман болдым. «Бір отбасының шырқын бұздым-ау» деп өзімді кінәладым. Менің де мазам кетті. Атасы мен күйеуі ұрысса, қызым өз-өзіне бірдеңе істеп қоя ма деп уайымдап екі күн дұрыстап ұйықтай алмадым. Ке­йіннен күйеубалам «мен ол қыздардың айтқанына сенбеймін, айдаладағы біреулер үшін отбасымызды бұзбаймыз» деп түсіністік танытыпты. Екі ортада бәрі қым-қиғаш болып, аз уақытта айрандай ұйып отырған бір отбасының быт-шыты шығып кете жаздады, – дейді Сәния.

 

Бұдан кейін ол коллекторлық компаниядағы қыздарға хабарласып, «Бұларың дұрыс емес, енді маған мүлде қоңырау шалушы болмаңдар, сендерді сотқа бе­ремін» деп айқайға басқан көрінеді. Сөйтсе де, компания қызмет­керлері құданы да, күйеу баланы да мазалауын әлі күнге дейін тоқтатпапты.

 

Қарызды қалайда төлетуге тырысады

 

Әуелде коллекторлар Сәнияға «ісіңді сотқа жібереміз» деген екен. «Төлем кестесін жасамайтын болсаңдар, сотқа бере беріңдер» деп ол да айтқанынан қайтпапты. Сөйтсе де компания қызметкерлері істің сотқа кетуін қаламағандай «ісіңіз онда жеткен соң сөйтеді, бүйтеді, одан да бізбен шешкеніңіз жақсы» деген басқаша әңгімеге көшкен көрінеді.  

 

– Әлгі жағдайдан кейін олардың өзін сотқа бергім келіп, адвокатпен кеңесіп көрген едім. Әлеуметтік желіден тапқан адвокатым «Менің Каспий банкке шамам жетпейді, оның үстіне қазір мұндай жұмыспен айналыспаймын. Бұрын өзім де коллекторлық компанияда жұмыс істегенмін. Сол кезде біз осындай әр түрлі жолмен клиентке қарызды төлетуге тырысатынбыз. Істің сотқа өтіп кет­кені коллекторлар үшін тиімсіз. Одан да клиенттің өзіне төлеткен ұтымды. Басшыларымыз қандай жолмен болса да клиентке ақшаны төлетулерің керек дейтін. Төрт жылдан соң мен де ол жерден кеттім. Адамдарды қорлап, ойға келгенді айта беруге ар-намысым жібермеді. Қазір керісінше, халыққа көмек беру жағына шығып кеттім» деп маған біраз нәрсені түсіндірді.

 

Кезінде өз атымнан алған несием де осылай коллекторларға өтіп кеткен болатын. Сонда жер­гілікті коллекторлық компанияның қызметкерлері мені жұмысыма дейін іздеп келіп, оны мектеп директорына айтқан жағдайлар да болған. Кейіннен директорымыз жиналыс кезінде «проблемаларыңызды мектепке алып келме­ңіздер» деп ренжігендей болды. «Ойбай, сені коллекторлар іздеп жүр» деп мектептің барлық мұға­лімі жаны ашығансып, жағдайды бетіме басып тұратын. Әйтеуір оған 80 мың теңгені бір құйып, қалғанын бөліп төлейтін қылып келіскен соң бұл жағынан тыншыды.

 

Айтпағым, олардың бұлай жасауға қандай хақысы бар?  Отырып алып өтірік айтады, үлкенді сыйлау деген жоқ, олардың адамның жеке басына тиісіп, отбасының шырқын бұзуға ешқандай құ­қы жоқ деп ойлаймын. Мен жағдайым келмей қалған соң төлей алмай қалдым ғой. Әйтпесе кім осындай проблеманы керек етеді? «Балаларың кәмелет жасқа толып кеткен» деп кешегі несиесі кеші­рілгендердің де тізіміне кірмей қалдым, – дейді ол.

 

Сәнияның сөзінің жаны бар. Олардың араға сенімсіздік тудырып, бір отбасының берекесін кетіргені аздай, бір отбасының құпиясын екіншісіне жайып сал­ғандары қаншалықты адамгер­шілікке жатады? Тұтқаның арғы жағында отырған адамдар онсыз да қарызға батып, шырмауықтан шыға алмай жүрген жандардың жағдайын бір сәт ойлап қойғаны дұрыс болар.

 

М. ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ