Несие қалай кешіріледі?

24.09.2019
Қаралды: 187

Бұл күндері Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, еліміздегі азаматтардың борыш жүктемелері азайтылуда.

 

Осы мәселе туралы газет оқырмандарына жан-жақты түсіндіруді Еңбек, әлеу­меттік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының әлеуметтік мәселелер жөнін­дегі орынбасары Ержан Ермаханұлынан өтінген едік.

 

– Азаматтардың борыш жүктемесін азайту олардың қай санаттарына қолданылады?

 

– Борышкер азаматтардың кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша борыштық жүктемесі биылғы 26-маусымға дейін алған несиелері азайтылады. Олардың арасында көпбалалы отбасылар, асырау­шысынан айырылу жағдайына байланыс­ты телемдер алатын отбасылар, мүгедек балалары бар және 18 жастан асқан бала кезінен мүгедек балалары бар отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар, жетім балалар, ата-анасынан кәмелеттік жасқа толғанға дейін айырылған, 29 жасқа толмаған, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар.

 

– Борыш жүктемесін азайтуға жататын адамдар өздерінің қай санатта екенін қалай біледі?

 

– Олар өздерінің мәртебесін ғаламтордағы мына мекен-жайлардан тексере алады: ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми интернет-ресурсында «Һttр:// www.еnbek. gov. kz/ ru/ node/363149» cілтемесі бойынша. Ол үшін әуелі ЖСН-ді енгізіп, сұрау жіберу қажет. Сонымен бірге электронды үкімет порталының басты бетінде орналасқан «Борыштық жүктемені азайту бағдарламасына қатысу мәртебесін тексеру» электрондық қызметін пайдалану үшін электронды сандық қолтаңба және бір реттік пароль қажет. Мұнымен бірге Астана қаласынан 111, 74-32-20, 75-01-79, 75-01-78 нөмірлі телефондары бойынша  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігінің базасында жұмыс істейтін саll орталықтан кеңес алуға және өзге де туындаған сауалдарыңызбен тұрғылықты же­ріңіздегі Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінуге болады.

 

Борыш жүктемесін азайту мәселелері бойынша азаматтардың көптеген өтініш­терін ескеріп, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықпен сындарлы диалог құру үшін арнайы аккаунт-алаңдарын құрды. Азаматтар осы өзекті мәселе бойынша туындаған са­уалдарға жауап-ақпаратты Fасеbооk-тегі (https://www.faccebook.com/ Все о снижении долговой нагрузки 103633851027565) және Іnstagram-дағы https://www.іnstagram.com/p/B2O33d9Ag_U/іgshіd=1a5cіudmyf0wk «Бәрі борыш жүктемесін азайту туралы» аккаунттарынан да ақпараттар алуға болады.

 

– Егер азаматтың аты-жөні борыш жүктемесі азайтылатындардың тізімінде болмаса ол не істеуі қажет? Қандай құжаттар талап етіледі?

 

– Азамат туыстық қатынастарды анықтап, дәлелдеу үшін тұрғылықты жері бо­йынша АХАЖ-ға растайтын құжаттарымен цифрлау үшін жүгінгені ләзім. Көпбалалы отбасылар үшін егер неке 2008 жыл­ға дейін тіркелген болса, жеке куәлік, неке туралы куәлік және балалардың туу туралы куәлігі қажет. Асыраушысынан айы­рылу жағдайы бойынша жәрдемақы алатын отбасылар үшін жеке куәлік, неке туралы және жұбайының қайтыс болғаны туралы куәліктері мен балаларының туу туралы куәлігі талап етіледі.

 

Мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан, бала жасынан мүгедектер бар отбасылардан жеке куәлік, неке және туу туралы куәліктері сұралады. Білім және ғылым министрлігінің қоғамдық қабылдау бөлмесіне мына құжаттардың сканер­лемесі мен қосымшасы қажет: жетім балалар үшін – ата-анасының қайтыс бол­ғаны туралы куәлік, туу турлы және жеке куәліктері. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған, 29 жасқа толмаған балалар үшін – ата-анасының қайтыс болғаны туралы куәлік, қорғаншылықты белгілеу туралы құжат және туу туралы, жеке куәлігі талап етіледі.

 

– Енді несиелерді өтеу шарттарына тоқталсаңыз. Егер бір отбасында бірнеше несие болса олар қалай жабылады?

 

– Біріншіден, тұтынушылық қарыздардың барлық шарттары бойынша жалпы берешек сомасы 2019 жылдың 1-маусымындағы жағдай бойынша 3 миллион теңгеден аспауы тиіс. Несие банкте немесе микроқаржы ұйымында ресімделуі тиіс.

 

Атап өтеріміз, коллекторлық компания­ларға берілген несиелер қайтарылмайды.

 

Екіншіден, бір қарыз алушыға қарыздың жалпы сомасының 300 мың теңгеге дейінгі берешегі жабылады. Мысалы, атау­лы әлеуметтік көмек алатын отбасында отбасы мүшесінің біреуінде ресімделген жалпы сомасы 2,5 миллион теңге мөлше­рінде екі тұтынушылық несиесі бар делік. Бұл жағдайда екі несие бойынша жалпы сомасы 300 мың теңгеге дейінгі берешегі өтеледі. Егер отбасының бірнеше мүше­сінде несие болса, яғни қарыз шарттары әрқайсысына бөлек жазылса, онда бере­шекті өтеу әр қарыз шарты бойынша жүзеге асырылады. Мысалы, егер отбасының екі мүшесіне екі несие ресімделген болса, онда әр қарыз шарты бойынша олар 300 мың теңгеге дейін өтеуге құқылы. Яғни берешекті өтеудің жалпы сомасы отбасының екі мүшесіне 600 мың теңгені құрайды.

 

– Бұл жұмыс қанша уақытқа дейін созылады?

 

– Бұл шара мемлекет тарапынан бір реттік сипатқа ие. Оның мерзімі шектелмеген.

 

– Ержан Ермаханұлы, оқырман тарапынан осы мәселеге байланысты түрлі сұрақтар туындауы мүмкін. Өзіңізбен хабарласатын жұмыс телефоныңызды, мекен-жайларыңызды да айта кетсеңіз.

 

– Біздің департамент Шымкентте, Диваев көшесіндегі №148 ғимаратқа орналасқан. Жұмыс телефонымыз: 32-46-95. Дүйсенбіден жұмаға дейін жұмыс істейміз. Оқырман аталған мекенжайға келіп, біздің мамандарымыздан немесе көрсетілген телефон арқылы өздерін толғандырған сауалдарына жауаптар ала алады.

 

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Сұхбаттасқан – Уәлихан ҚОЖАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ