Қазақы отбасының бүлдіршіндері неге өзге тілде шүлдірлейді?

23.09.2019
Қаралды: 194

Екінші сынып оқитын ұлым үйде орысша шүлдірлейтіні бар. Қазақ тілді балабақшаға барып, қазақ тілді мектепте оқыса да айтар ойын қазақшадан гөрі орыс тілінде оңай жеткізеді.

 

Жанұямызда өзге тілде сөйлейтін бірде-бір адам жоқ бола тұра оның орысшамен «достасуының» себебін ке­йін түсінгендей болдым.

 

Ұлымның көбіне-көп тек қана орыс тілінде мультфильмдер беретін «Cartoon Network» арнасын көретінін жақсы білетінмін. Енді онымен қоймай, ғаламтордан да орыс тіліндегі мультфильмдерді тауып алып тамашалайтын болыпты. Қаншама рет «Балапан» арнасына ауыстырып, ойын күндіз-түні ана тілімізде сөйлеп тұратын арнамызға бұрмақ болсам да еш нәтиже болмады. Соңыра «Бұл арна балаларды қызықтыра алмағаны ма сонда?» деген ойға қалдым.

 

Қарағанды қаласының тұрғыны Бақытжан Әбіловтің (суретте) бүгінгі балалардың жайын айтып, дабыл қағып жүргеніне алты жыл болыпты. Өзін қарапайым құрылысшымын деп таныстырған бұл кісі сөз арасында өзінің қазақтың ұлтшыл азаматы екенін айтуды да ұмытпады. Осы жайға қатысты біз Бақытжан мырзаның өзімен әңгімелескен едік.

 

– Бізде тәулік бойы жұмыс істейтін, тек қана орыс тілінде мультфильм көрсететін бірне­ше телеарна бар. Бұл арналардың жұмыс істегеніне алты жыл болды. Ал қазақша сөйлейтін – «Балапан» арнасы ғана. Бүгінде әлгі балаларға арналған өзге тілді телеарналар балалардың тіліне кері әсерін тигізуде.  Керек десеңіз, таза қазақша тәрбиеленген, орысша жақсы сөйлей алмайтын ата-аналардың балаларының өзі тілдері орысшаланып, қазақ тілін мүлде ұмытып жатыр. Өз маңайымнан ондай бүлдіршіндердің бірнешеуін көріп те, талай ата-анамен сөйлесіп те жүрмін. Ұл-қыздары қазақ мектебіне барса да күнделікті өмірде тек қана орысша сөйлейді, – дейді Бақытжан мырза.

 

Ол кісі тіл жойылса ұлт та қоса жойылатынын алға тартып, бүгінде ұлтымыздың апаттық жағдайда тұрғанын айтады.

 

– Қазақтың миына сіңіп кеткен құлдық санадан арыла алмай жүрген, орысша сөйлегенді жетістік көретін жандар да жоқ емес. Балаларымыздың орысша шүлдірлеуінің тағы бір себебі осында жатса керек. Ал ана тілін білмеген бала  қазақтың руханиятын, мәдениетін, салт-дәстүрін, идеологиясын қалай бойына сіңіреді? Ол елге, жерге деген сүйіспеншіліктен де жұрдай болады. Ол үшін Отанды қорғау парызы да маңызды болмай қалады. Міне, қазір қазақшылық қасиетіміз, ұлттық намысымыз азайған сайын бабаларымызға тән батырлық, өжеттік, мәрттік қасиеттерден де жұрдай болып кетіп барамыз. Ана тілі де тектіліктің бір белгісі емес пе? Тіл жойылса, тектіліктен де айырыламыз, – дейді Бақытжан мырза.

 

Ол мұның алдын аламыз деп балаларды теледидар алдына отырғызбай қою мүмкін еместігін айтады. Сондықтан жаңағыдай телеарналарды қазақшаға аударып көрсету керектігін алға тартады. Мұның еліміздегі басқа ұлт балаларының қазақша үйренуіне пайдасы тиетінін айтады.

 

– Одан кейін телеарналардан ұлттық рухты көтеретін бағдарламалар жиі берілуі керек деп ойлаймын. «Ана тілін сыйламау – анасын, ұлтын сыйламау» деп болашақ ұрпақтың құлағына құйып отырса, осындай тақырыптарды аптасына бірнеше рет экраннан ұсынып отырса, ұлттың намысы мен ұлттық рух, ана тілге деген сүйіспеншілік оянар еді. Осыны билік басында жүрген бірде-бір азамат телеарналарда не үлкен жиналыстарда сөз қылған жоқ. Мен билік басында жүрген танымал азамат емеспін. Мен тек ұлттық рухпен, салт-дәстүрмен, дәстүрлі Ислам дінімен сусындаған, ат пен түйеге мініп өскен жанмын. Десе де мен осы ойымның тиісті жерге жеткенін дұрыс көремін, – дейді ол.

 

Әзірге Бақытжан Әбіловтың әңгімесі осындай. Бұл жағдай билік басында отырғандарды да ойлантса дейміз.

 

М. ШУАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ