Қытай тауарын сатып алмайтын адам

23.09.2019
Қаралды: 91

Бүгінде елімізде Қытай экспансиясына қарсымыз дейтіндердің қарасы көбейді. Солардың қатарында Алматы қаласының тұрғыны, журналист әрі ақын Ақсұңқар Ақынбаба да бар. Ол өзінің Қытай тауарларынан түгелдей бас тартқанын айтады.

 

Біз Ақсұңқар­ға: «Базарларды көрші елдің арзан тауарлары жаулап алған заманда қытайлар жасап шығарған тауарлардан толықтай бас тарту мүмкін бе?» – деген сауал қойған едік.

 

– Жалпы, қазір Қазақстан Қытайдың болашақ басқыншылығы дәуіріне өтіп бара жатыр. Өйткені басқа бірде-бір мемлекеттің жерінде дәл Қазақстандағыдай экономикалық және қарызбен жаулап алу басқыншылығы саясаты жүргізіліп отырған жоқ. Бүгінде аттап басқан сайын тек қана Қытайдың өнімдерімен ғана өмір сүретін жағдайға жетіп отырмыз. Жоғарыдағылардың  Қытаймен жасасып жатқан жобалары мен келісім-шарттары да көбеймесе азайып отырған жоқ. Бұл жақсы нәрсе емес.

 

Енді біз не істеуіміз керек? Өз басым елімізге келген Қытайдың бірде-бір тауарын алмаймын деп шештім. Қазір қандай зат алсам да, мейлі ол азық-түлік өнімі болсын, оның қайда шығарылғанына міндетті түрде назар аударатын болдым. «Қытайда жасалынған» деген жазу көрсем болды, қанша қажет болып тұрса да, оны сатып алмаймын, тұтынбаймын. Мұндағы мақсат – біріншіден, Қытайдың басқыншылық саясатына қарсылығымды білдіру, екіншіден, өзіміздің денсаулығымызды қорғау деп түсінемін. Себебі бұл тауарлардың көпшілігі адам ағзасына зиян болып келеді. Ішімнен: «Шіркін, тым болмаса әрбір жүз адамның біреуі мен секілді шешім қабылдаса ғой», – деп армандайтыным рас. Әрине, Қытайдан әкелінген өнімдер бағасы жағынан Қазақстан халқының көңілінен шығады. Бірақ біз, өкінішке орай, сапасына қарап жатқан жоқпыз.

 

Мен осы ойымды әлеуметтік желіге салғанымда біраз адам «мүмкін емес», «ақымақтың сөзі», «аш-жалаңаш қаламыз ғой» деп жазғандар да болды. Біздің ата-бабаларымыз кезінде бүкіл киім-кешегін, азық-түлігін Қытайдың тауарынсыз-ақ қамтамасыз ете алды емес пе? Әрине, ол кезде мал болды, заман басқа еді дерсіз, бірақ егер де ата-бабаларымыз солай өмір сүре ал­ған болса, демек, біз де солай өмір сүре аламыз деп ойлаймын, – дейді Ақсұңқар. 

 

Ақсұңқар ханым осы бір көрші елдің тауарына халықтың да аса көңілі тола бермейтінін айтады. 

 

– Кейде бір тауарды «Қытайда жасалған ба?» деп сұрасаң, сатушылардың өздері де жасырып қалғысы келіп тұрады. Оның Түркияда немесе тағы басқа жақта жасалғанын айтып жалтаратындар бар. Не болмаса Қытайдікі болғанымен де «фабричный», «заводской» деп бөле кетеді. Мейлі, ол қандай болса да әйтеуір Қытайдың тауары ғой. Осыдан-ақ халықтың қытайдың та­уарына аса көңілдері толмайтынын, амал жоқ алатынын байқауға болатындай. Қытайда қазір экспортқа шығарылатын тауарлар үш түрлі деңгейде жасалады десек, бізге ең төменгі деңгейдегі тауарлар келеді. Оған арнайы сараптама жүргізудің де қажеті жоқ деп ойлаймын. Қытай басып барады деп көшеге шығып айқайлаймыз, бірақ одан не нәтиже болып жатыр? Жалғыз адам болсам да мен нәтижелі нәрсе жасағым келеді. Осы әрекетімнің арқасында жыл бойына қажеттіліктеріме жұмсалатын ақшаның көк тиынын да қытайдың тауарына жаратпаймын. Егер қытайдың тауарына жаппай байкот жариялайтын болсақ, оған сұраныс та болмас еді, сұраныс болмаған соң елімізде сатылмайтын да болар еді, – дейді Ақсұңқар ханым.

 

...Дегенмен де бүкіл ел болып Қытайдың та­уарынан жаппай бас тарту мүмкін бе?

 

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ