Оңтүстіктен солтүстікке көшкендер

23.09.2019
Қаралды: 141

Мемлекеттік саясатқа сәйкес Оңтүстіктен Солтүстік Қазақстанға қоныс аудару бағдарламасының жүзеге асып жатқанына біраз болды. Барған отбасыларға мемлекет тарапынан субсидия беріліп, отбасы мүшелері тиісті жұмыспен қамтылып жатқаны белгілі.

 

Осы мүмкіндікті пайдалануды жөн көрген арыстық бірніші отбасы солтүстік өңірге көшіп жатыр. 

 

Нұржамал Өмірбекованың да Павлодар облысы, Тереңкөл ауданы, Жаңабет ауылына қоныс аударғанына көп болған жоқ. Орыс-қазақ мектебіне оқу ісінің меңгерушісі болып тағайындалған ол бұл қызметке келген бойда бірден кірісіп кетіпті.

 

«Арыс қаласынан Тереңкөлге қыркүйектің 11-не келдім де, осы айдың 16-сынан бастап мектепке жұмысқа түстім. Негізі өзімнің туып-өскен жерім – Байырқұм ауылы. Арыстың жігітіне тұрмысқа шықтым да, сонда 25 жыл тұрдық. Кешегі болған жарылыстан соң адамдардың бойында үрей қалып қойды. Біз де қарап қалмай, беріліп тұрған мүмкіндікті пайдаланғымыз келді. Ұлымның оқуын ауыстырып жатырмыз, сол жұмыстар біткен соң күйеуім мен балам да осында келеді», – дейді ол.

 

Тереңкөлде оларға уақытша жалдап тұруға пәтер беріпті. Құжаттарын түгендеп, тіркеуге тұрған соң алдағы бір ай көлемінде қаржылай көмектерді де алады екен.

 

«Ай сайынғы 53 мың теңгені пәтер жалдап тұруға бір жылға дейін береді.  Содан соң шамамен 88  мың 700 теңгедей ақша отбасыдағы әр адам басына төленеді. Бұл – бір реттік төлем. Содан кейін «Дипломмен – ауылға» деген бағдарлама бар, осыған сәйкес, сәуір айынан бастап 3 миллион 700 мың теңге көлемінде бюджеттік несие беріледі. Оған біз үй сатып алуымыз қажет. Бұл жақта сәл бұрынырақ қамыс үйлердің бағасы 500 мың теңгеден жоғары, ал кірпіш үйлер 1 миллион шамасында болған екен. Қазір шаруа қожалықтарының көптеп ашылып, мал шаруашылығының айналасындағы малдың жем-шөбін салу, аппаратпен сиыр сауу секілді жұмыстардың көбеюіне байланысты баспана бағалары жоғарылапты. Қазір 1 миллиондық үйлер 2 миллионға дейін көтерілген», – дейді.

 

Нұржамалдың айтуынша, қазір мұнда мұғалімдік жұмыс көп екен. Таңдау бар көрінеді. Ол келген соң ұлы мен жолдасының да қарап қалмайтынын айтады. Шаруа қожалықтарының біріне жұмысқа тұруды жоспарлапты. Нұржамал Өмірбекова солтүстік өңірдің халқының оңтүстік адамдарынан өзгешілігі бар екенін айтады.

  

«Бізді мұнда жақсы қабылдады. Қонақжайлықтары да жоқ емес. Бірақ бұл жақта менталитет басқашалау, бәрі орысша. Қазақтардың көбісі орысша сөйлейді. Біздің мақсатымыз – қазақтандыру. Мен сабақ берген сыныптарда оқушылар қазақ сыныбында оқығанымен орысша ойлайды екен. Кейбір сөздерді «түсінбедік» деп отыра береді. Сол сөздерді аударма жасап түсіндіру арқылы мейлінше қазақшаға үйретіп жатырмыз. Содан соң мұнда орыс сыныптарында оқушылар баршылық та, қазақ сыныптарында екіден, үштен, бестен ғана бала бар. Ары кеткенде 7-8 баладан аспайды. Ата-аналар да тілді білмейді, балаларын қазақ сыныпқа беріп, қазақшаны балаларынан өздері үйренгісі келетінін айтып жатыр», – дейді.

 

Сонымен қатар, Нұржамал сөз арасында жақында Арыстан тағы да бес отбасының Павлодарға келгелі жатқанын айтып қалды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы, Мағжан Жұмабаев ауданы, Булаев қаласының тұрғыны Нұржамал Тамбетова (суретте) да 2016 жылы Шымкент қаласынан қоныс аударған. Қазіргі таңда жұмыспен қамту орталығының «Жол картасы – 2020» бағдарламасы бо­йынша бас кеңесші болып қызмет атқарады. Ол аталған бағдарлама бойынша адамдарға үгіт-насихат жүргізіп, кеңес берумен айналысады. Біз одан оңтүстіктен барғандар­ға қандай жеңілдіктер жасалатынын сұраған болатынбыз.

 

«Халық жеңілдік пен мүмкіндіктің ара-жігін ажыратса деймін. Мұны жеңілдік деп емес, мүмкіндік деп қараған дұрыс. Біріншіден, бізде вакансиялар өте көп. Өз мамандығы бойынша жұмыс табу мүмкіндігі жоғары. Екіншіден, жеке кәсіпкерлерге кеңінен жол ашық. Жер бөліп беру, мемлекеттік бағдарламалар бойынша несиелер алу да оңай. Мұнда тек қана адамның несие тарихы дұрыс болса болғаны. 

 

Қазір Солтүстік Қазақстан облысының барлық аудандарында үй салынып жатыр. Сол үйлерді екіден жоғары балалары бар отбасылар ие­лене алады. Бірақ міндетті түр­де жоғары оқу орнының дипломы болуы керек. Бұл үйлер мемлекеттің балансында болғандықтан бес жылға дейін сол үйде тегін тұрады. Ал бес жылдан соң үйді өз аттарына өткізіп алуына болады. Оны сонда тұрып жатқан жандардың өзі шешеді.

 

Негізі бізде арзан үйлер өте көп. 400 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін, ал жақсыларын 3-4 миллион теңге шамасында алуға болады. Көшіп барған адамдар көшіп келгені үшін субсидия алады, одан соң адам санына байланысты коммуналдық қызметке төлем ретінде берілетін азын-аулақ ақша тағы бар. Екі адамға дейінгілерге 454 мың, 4 адамға дейінгілерге 540 мыңдай, ал одан жоғарыдағыларға 650 мың теңге шамасында ақша беріледі», – дейді ол.

 

Оңтүстіктен солтүстікке барған адамдарға мемлекет тарапынан осындай жағдайлар қарастырылыпты. Адамдарымыздың шетел жағалағанынан гөрі Қазақстанның солтүстігіне барып қоныстанғаны әлдеқайда дұрыс емес пе? Әйтеуір, ел іші ғой...

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ