«Орал оқиғасы»: Қазақтар казактарды қалай тәубесіне келтірді?

23.09.2019
Қаралды: 88

15-қыркүйекте 1991 жылғы «Орал оқиғасына» 28 жыл толды. Сол оқиғаға қатысқан азаматтар бүгінде оны еске алып жатыр.

 

Батырсынған казакты ұрып сұлатқан

 

Таяуда әлеуметтік желіде Қуаныш Әбілхан­ұлы есімді азамат: «Осы оқиғаның басынан аяғына дейін бел­сенді боп тер төккен, «Азат» қозғалысын құрушылардың бірі, Қызылорда облысының Сексеуіл кентінен 10 жігітті бастап барған, мыңдаған халық тұрған алаңды жалаңдаған қылышын тағып, кесіп өтпек болған казактың атаманын бір соққысымен құлатып, кері қашырған, есімі көпке белгісіз боп жүрген бір қарапайым, батыр ағамыз бар. Ол – Құлмахамбет Махан деген кісі, қазір Шымкентте тұрады», – деп жазды.

 

Ел мүддесі үшін басын бәйгеге тіге алатын ерлердің ісі қашанда үлгі тұтарлық. Сондықтан біз сәті түсіп, Құлмахамбет Маханның (суретте) өзімен сөйлестік. Білгеніміз, Қ.Махан бүгінде Шымкент мұнай өңдеу за­уытында машинист болып еңбек етеді екен. Ол кісі бізге сол күндері болған оқиғалар жөнінде әңгімелеп берді.

 

«Сол кезде казактардың Қазақстандағы Орал, Атырау облыстары мен Ресейдегі Қалмақ АССР-ін қосып, автономиялы республика құрмақ пиғылы болған екен, – дейді Қ.Махан. – Молдавияда казактар Приднестровье республикасын құрып жатқан кез еді. Еліміздегі «Азат» ұлттық қозғалысы азаматтарының Қазақстанға қайтсек тәуелсіздік әпереміз деп жүрген шағы болатын. Апта сайын Алматыға барып, түрлі жиындарға, шерулерге қатысамыз. Оралда казактардың жиналып, патша ағзамға қызмет еткендеріне 400 жыл толғанын дүркіретіп атап өтпек болып жатқанын естіп, өре түре­гелдік. Алматыда тұратын «Азат» қозғалысы мүшелерінің ұйымдастыруымен тез арада «Жайыққа аттанайық!» деген комитет құрылды.

 

Бұл кезде «Азат» ұлттық қозғалысының қатарында Қазақстанның барлық облыстарынан жиналған 1,5 миллион азамат бар. Жер-жерлерде жұртшылық жиналып, Оралға аттануға әзірленіп жатты.

 

Жаңылмасам, сол 1991 жылдың 11-қыркүйегі болуы керек, басшымыз Әнуар Әмірбеков болып, Мұхтархан Атахан, Асқар Есентаев, Батыр Әбдірайымов, Серік Ахметов, Халиолла Маджанов, тағы басқа, Шардараның жігіттері бар – барлығымыз жолға шықтық.

 

Содан біз Оралға жетіп, пойыздан түссек, ол жақтың казактары да  Ресей беттен келетін пойызды күтіп тұр екен. Ол кезде Оралға әлі толық тарамаған КСРО-ның әр аумағынан казактар қаптап келіп жатқан ғой. Перронда казак формасында, бөрік киіп, қылыштарын тағынып, қолдарына қамшы ұстап, туларын көтеріп, өздерінің адамдарын күтіп тұрған кезінде бардық.

 

Ол кезде мемлекеттен қолдау бар, сондықтан казактар ештеңеден сескенбей, өздерін еркін ұстайтын. Біз де Оралға жан-жақтан мың шақты жігіт жиналған едік, бара оларға ел мен жердің кімдікі екенін есте ұстаңдар деп сес көрсеттік. Бізді бастаған азаматтар, ішінде Аманжол Зейнуллин, Айсұлу Қадырбаева, Жасарал Қуанышалин бар, облыс басшылығымен келіссөз жүргізуге кетті де, біз қаланың орталық алаңына бардық.

 

Орталық алаңға көп ұзамай-ақ жан-жақтан жинал­ған қазақтар сыймай кетті. Орал ауыл шаруашылығы институтының студенттері келді, төңіректегі қала, ауыл адамдары жетіп, халық күн сайын еселеп көбейіп жатты.

 

Алаң ортасына мінбер қойғанбыз. Мен соның үстінде үгіт-насихат жүргіздім. Казактардың Ресей империясының отаршылдық саясаттағы қолданған негізгі күші болғанын, басқыншылық кезінде ешкімді аямағанын, құлдыққа салғанын, олардың Кеңес үкіметіне де қарсы шыққанын, орыстардың өздеріне де тізесі бат­қанын айтамын.

 

Сол маңда «Колхозный рынок» деген бар екен, соған жақын жердегі жатақханаға тұрақтадық. Жергілікті жұрт тамақпен де қамтамасыз етуге тырысып жатты. Ал біз күнде орталық алаңға митингке шығамыз, казактардың әрекетіне қарсылығымызды білдіреміз.

 

Сол митингілердің үшінші күнінде болар, мінберде сөйлеп тұрсам, жиналған жұртты қақ жарып, екпіндей адымдап бір казак атаманы мен екі есаул келе жатыр екен. Бұрылып кете ме десем, жоқ, тура мінберге қарай келеді. Толықтай әскери казак формасын киінген олар қаптаған халықтың ортасын кесіп өтпек. Алаңды «ОМОН»-дар, «БТР» әскери көліктері қоршап тұрған, соларға сенген шығар, топтың ортасын тіліп келеді.

 

Сол кезде мен қолымдағы мегафонды жанымдағыларға беріп, мінберден төмен түстім де, жүріп барып, оларға қарама-қарсы қасқайып тұра қалдым. Қаным қарайып, үшеуін де ұрып жықсам деймін. Ортадағысы – атаманы бойшаңдау екен, мен оның сол жағындағы есаулды бетінен періп жібердім, ол шалқасынан құлады. Екіншісі қаша жөнелді. Ендігі ойым – ұзын бойлы атаманды секіріп ұру. «Жағын қаусатып жіберсем ғой!» деп қоямын іштей.

 

Осы кезде қолдарына сойыл ұстаған солдаттар жүгіріп жетті.  Кейін Мәжіліс депутаты болған тараздық Асқар Сырғабаев деген жігіт бар еді, ол әлгі құлаған казактың папахасын алып, бүктеп қойнына сала берген еді, әлгі солдаттар оны алып қойды. Сөйтіп, құлаған казакты тұрғызып, үсті-басын қағып, бас киімін кигізіп жатты. Орыстар оларға дем беріп жатыр, біреулері мені соттатамын деп қояды.

 

Әлгі Қуаныш деген азаматтың жазып отырғаны осы оқиға ғой».

 

...Шымкенттік Құлмахамбет Махан осылай дейді. Сол күні де ол халық арасында болыпты. Ал «Азат» қозғалысының 113 жігіті казактар жиналып, қаулы қабылдамақ болған «Зенит» деп аталатын театрға кетіпті. Кейін олар басшылықтың оларға жиын өткізуге рұқсат бергенін естиді. Осыны естіген жұртшылық қатты кө­теріліп, қан төгіле жаздапты. Казактарға жарты сағаттың ішінде Оралдан кету жөнінде талап қойылған. Сонымен не керек, қазақтардың қаһарынан қорыққан казактардың бұл талапты орындамасқа лажы қалмаған, олар әр-әр жерден бас сауғалап, келген іздерімен кері зытқан. КСРО әлі тарқамаған кез бол­ғандықтан істің насырға шаппауын ойлаған жергілікті басшылық олардың аман-есен кетуіне қолдан келгенше жағдай жасаған сияқты. Соның өзінде қаланың ішіндегі жастар кейбіреулерін ұстап алып, біраз жұдырық иіскетіп жіберсе керек.

 

Ал Оралға барған «Азат» қозғалысының жігіттерін жергілікті тұрғындар Жайық жағасындағы Хантоғай деген жерде қошеметтей күтіп, алғыстарын айтып, қимай шығарып салыпты.

 

Сол кезде Оралдағы жұртшылық жиналған алаң кейін «Азат» алаңы деп аталып кетіпті. Оралдық Баймолдин деген азамат:

 

«Азат» алаң жатыр бүгін тыныстап,

Орыс-казак өте алмады қылыштап.

«Азат» алаң азаттықтың нұры боп,

Қазағымның қазақтығын тұр ұстап!» – деп басталатын ән шығарған екен. Бертінде «Орал оқиғасы» деп аталатын кітап та шыққан. Сөйтіп ұлттық рухты асқақтатқан бұл оқиға Қазақстан тарихына енген.

 

Ашынған халық таптап кете жаздапты

 

Біз бұдан кейін аталған оқиғаға қатысушылардың бірі, бүгінде Түркістан облыстық қажылар қа­уымдастығының төр­а­ғасы Халиолла Маджанмен (суретте) де  тілдестік.

 

«Азат» қозғалысының мүшелері сол кез­дері Семей облысындағы Курчатов қаласына барғанбыз, – деп еске алады ол кісі. – Мұхтар Шаханов, Олжас Сүлейменов, Советқазы Ақатаев ағаларымыз, Батырхан Дә­рімбет, Жасарал Қуа­нышалин бар, жан-жақтан жиылған қазақтың ұлтжанды азаматтары полигонның жабылуын талап еттік, Үндеу, Қарар қабылдадық. Мәскеу­ден генералдар келді. Атомдық сынақ алаңы жабылатын болып шешілді. Содан әркім өз облысына қайтып кеткен кез еді.

 

Содан арада бір аптадай уақыт өткен. Ол кезде мен Шымкенттегі Еңбекші ауданында «Қазақ тілі» қоғамының жауапты хатшысымын. Казактардың патша ағзамға қызмет еткендеріне 400 жыл толуына орай Оралда үлкен іс-шара өткізбек екенін, еліміздің батыс облыстарын қосып, өз алдына автономия құрмақ ойлары барын естідік. Содан Исатай мен Махамбеттей батырлардың түбіне жеткен, Жайық бойындағы бабаларымызды қырған казактарға жерді қалай беріп қоямыз деп әр облыстан 20 шақты адамнан жиылып, Оралға тартып кеттік.

 

«Алматы – Мәскеу» пойызынан түссек, казактар да КСРО-ның әр аумағынан Оралға барып жатыр екен. Вокзалдың өзінде қырғын қақтығыс бола жаздады. Әлдеқандай болып кетсе әрекет етуге сақадай-сай болып милиция тұр. Орал облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Айсұлу Қадырбаева, Оралдағы ауыл шаруашылығы институтының деканы Аманжол Зейнуллин, «Азат» қозғалысының жергілікті мүшелері бар, бізді күтіп алып, тұрғылықты жерлерге жайғастыруға кірісіп кетті.

 

Содан түнімен көлемді ватман қағаздарға түрлі ұрандар жазып, ертеңіне «Комсомол» алаңына алып шықтық. Қыруар адам қатысқан митинг басталды. Орал Ресеймен шекараның дәл түбінде ғой, арғы жағында  әскер бар, қақтығыс басталып, жағдайдың ушығып кетпеуін ойлаған облыстық партия комитетінің басшысы Нәжімедин Есқалиев, тағы басқа азаматтар арандатуға ұрынып қалмауға, талапты бейбіт түрде қоюға үндеді.

 

Казактар «Зенит» театрында өздерінің жиынын өткізіп жатқан. Ертеңіне Жайықтың жағасында үлкен іс-шара өткізбек екен. Жергілікті қалталы өзге ұлт өкілдері демеушілік жасап, аста-төк қызықшылықпен өткізбек болыпты. Сол жерде қарар қабылдамақ.

 

Біз де аянбай әрекет жасауға дайын едік. Арада айқас туындай қалса қарусыз болмайық деп таяқтар дайындап алдық. Ақ матаға «Азат» деп жазып, басымызға, білегімізге таңып алғанбыз. Соңымыздан ерген қара-құрым халықпен бірге «Зенит» кинотеатрына қарай жедел беттедік. Бұл кезде іштегі казактардың зәре-құты қалмай отырған болуы керек. Өйткені олар қаншама қарулы болса да ызалы мыңдаған адам нөпірі оларды сол бетімен таптап кетер еді.

 

Біздің мақсат – мәселені бейбіт жолмен шешу. Арамызда Зейнолла Ахмет деген имам бар, кинотеатрға жетіп тоқтағасын ол халықты сабырға шақырып, құран аяттарын оқыды. Тараздық Күләш деген апай ортаға орамалын тастап, ол да ұстамдылыққа шақырды. Арамыздан оншақты жігіттер ішке кіріп, казактарға жиналып, бұл жерден кетуіне жарты сағат уақыт береміз деген талапты жеткізді. Осы екі арада жоғарыдан хабарласып, келісіліп, түсініскен болар, казактар біздің талапты орындады. Оларды автобус-автобусқа тиеп алып кете бастады.

 

Кейін біз обкомға кіріп, ондағыларға оқиғаға атсалысқаны үшін ризашылығымызды білдірдік. Сөйтіп жұртшылық сабасына түсіп, тарқасты.

 

Сол кездері Мұхтар Шахановтың хатшысы Серік деген жігіт болған, кейін ол осы оқиға жөнінде кітап жазды. Оралдықтар да кітап бастырып шығарды».

 

Міне, осындай тарихи оқиғаға қатысып, ел мен жерді қорғап қалған азаматтар бүгінде арамызда жүр. Олардың ісі, ұлтжандылығы, Отансүйгіштігі, патриоттығы көпке үлгі. Үлкен-кіші азаматтар осыдан өнеге алса екен дейміз.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ