Депутаттарды дербес тиіспеушілік мәртебесінен айырды

18.09.2019
Қаралды: 124

Украина Президенті Владимир Зеленский депутаттарды дербес тиіспеушілік мәртебесінен айыратын заңға қол қойды. Енді күдік келтірілген, қылмыс жасаған депутаттарды Парламенттің рұқсатынсыз жауапқа тартуға болады.

 

Осының алдында Украина Парламенті – Жоғарғы Рада депутаттары бұған қатысты заң жобасын басым дауыспен қолдап шыққан болатын. Сөйтіп оны Президенттің қарауына жіберген. Ал депутаттарды тиіспеушілік мәртебесінен айыру Зеленскийдің Президент тағына ие болар алдындағы сайлауалды тұғырнамасында айтылған жай, сондықтан оның заңға қол қоятыны әу бастан-ақ белгілі еді.

 

Сондай-ақ кешегі аптаның сейсенбі күні Парламент Президент импичменті туралы заң жобасын да қабылдады. Ол бойынша егер Президент мемлекетке опасыздық немесе басқадай қылмыс жасаса, Жоғарғы Рада оны лауазымынан босата алады. (Мұны да Парламентке Президенттің өзі ұсынған болатын).

 

...Украинада биылғы шілде айында Парламент сайлауы өткені белгілі. Соның нәтижесінде Жоғарғы Рада депутаттарының қатары көп жаңарды, жасарды. Оған 5 партия өтті, соның ішінде басым орындар иеленген «Слуга народа» партиясы кейін Үкімет құрамын жасақтау артықшылығына ие болды. Сөйтіп бұл елдің Үкімет құрамы да жаңарды. Жаңадан министрлер тағайындалды, 15 министрліктің тең жартысына дерлігін (6 министрлік) әйел адамдар басқаратын болды. Бұрынғы орнын сақтап қалғандар бірен-саран ғана.

 

Қысқасы, Украина билігі жан-жақты жаңарып жатыр.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ